
Мемлекет басшысы қазір дүниежүзінде жасанды интеллектінің қарқынды дамуына байланысты сипаты мүлде жаңа технологиялық өзгерістер болып жатқанын атап өтті. Соған орай, Үкіметке экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажеттігін тапсырды.
«Алдағы үш жылдың ішінде Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуын басшылыққа алуымыз керек. Бұл – айқын әрі өзгермейтін мақсат. Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет. Сондықтан қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керек. Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізуі қажет. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жасанды интеллект саласындағы бұл бастама негізінде жүзеге асырылатын жаңалықтар – елдің дамуына тікелей әсер ететін өте тиімді жол. Қазір онсыз жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін емес. Озық технологиялар ұлт дербестігінің кепіліне, экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айналып келеді. Сондықтан Президенттің бұл бастамасын қолдаймыз және Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде танытуға, Еуразиядағы цифрлық хабқа айналуын жүзеге асыруға тікелей атсалысамыз.
Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы мен жаһандық бәсекелестік жағдайында жасанды интеллект (ЖИ) автоматтандыру құралы ғана емес, ұлттық тәуелсіздіктің, экономикалық трансформацияның және зияткерлік көшбасшылықтың факторы болып отыр. Мемлекет басшысының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру жөніндегі бастамасы – еліміз үшін жаңа көкжиектерді ашатын уақтылы және стратегиялық тұрғыдан дұрыс қадам.
Алайда бұл саладағы табыс институционалдық шешімдерге ғана емес, мемлекет, ғылым, бизнес пен қоғам арасындағы терең синергияға да байланысты. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы (ҰҒА) жаңа министрлік, академиялық қауымдастық, Назарбаев университетіндегі Интеллектуалдық жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) және өзге де зерттеу орталықтары арасындағы ведомствоаралық үйлестіруді күшейтудің қажеттігін атап көрсетеді. Ғалымдар, инженерлер, кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметшілердің күш-жігерін біріктіру ғана орнықты әрі бәсекеге қабілетті ЖИ-экожүйені құруға мүмкіндік береді.
Негізгі сын-қатерлердің бірі – этикалық және құқықтық шеңберлерді қалыптастыру. ЖИ мүмкіндіктермен қатар, қауіп-қатерлерді де алып келеді: алгоритмдердің біржақтылығы, деректердің таралып кетуі, ашықтықтың болмауы. Осыған байланысты Жасанды интеллект этикасы жөніндегі Ұлттық кеңес құру ұсынылады. Оның басты міндеті – нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу, алгоритмдердің ашықтығын қамтамасыз ету және азаматтардың жеке деректерін қорғау. Кеңес құрамына ғылым, азаматтық қоғам, бизнес және мемлекеттік органдар өкілдері енуге тиіс, ал оның шешімдері стратегиялық құжаттар мен стандарттарға енгізілуі қажет.
Ұзақмерзімді технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз ету үшін DeepTech және іргелі зерттеулерге ерекше назар аудару қажет. Қазақ тіліне, этномәдени ерекшеліктерге, аграрлық сектор мен экологиялық мониторингке бағытталған қолданбалы және теориялық әзірлемелерді қаржыландыруды арттыру дәстүрлі экономикалық салаларға арналған бірегей шешімдер жасауға жол ашады. Бұл – сыртқы цифрлық платформалар мен алгоритмдерге тәуелділік артып отырған жағдайда ерекше маңызды.
Осы тұрғыда ҰҒА жасанды интеллектінің озық бағыттарын дамытуға бағытталған бірқатар бастаманы іске асырып отыр. Қытай ғылым академиясының академиктерімен, Чжэцзян технологиялық университетімен және ҚХР-дың жоғары технологиялық компанияларымен бірлесіп құрылған Кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект және тұрақты даму жөніндегі халықаралық бірлескен зертханасы климаттық сценарийлерден бастап, урбанистикалық және биомедициналық модельдеулерге дейінгі күрделі процестерді модельдеумен айналысады. Геоаналитика әдістері, графолық нейрожелілер және мультиагенттік модельдер пайдаланылады, олардың көмегімен нақты уақыт режімінде процестерді болжау мен оңтайландыру жүзеге асырылады. Бұл жұмысты «DeepBas» платформасы толықтырады — ұлттық контекске бейімделген терең білім базасы мен оқыту модельдерін құруға бағытталған қазақстандық бастама. Бұл технологиялар төтенше жағдайларды болжау, табиғи ресурстарды мониторингтеу, су және энергетикалық жүйелерді басқару, сондай-ақ жалпы тұрақты дамуды қамтамасыз ету секілді маңызды міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.
Бұл жобаға Қытай тарапынан салынатын инвестиция көлемі 1 млрд юань немесе 70 мрлд теңгені құрап отыр.
Осылайша, Қазақстан жаңа кезеңнің табалдырығында тұр — цифрлық тұтынудан технологиялық көшбасшылыққа өту. Жасанды интеллект жеке сала ғана емес, ғылымды, мәдениетті, экономиканы және мемлекеттік басқаруды біріктіретін ұлттық стратегияның өзегі болуға тиіс. Дәл қазір институционалдық қайта пішіндеу кезеңінде қазақстандық ЖИ-экожүйенің орнықтылығын, ашықтығын және жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін іргетасты қалау айрықша маңызды.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы экономиканы жан-жақты жаңғырту адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейтініне айрықша мән берді. «Үкімет дарынды зерттеушілерді қолдау үшін қосымша шаралар қабылдауға тиіс. Білікті мамандарымызды елге қайтарудың тиімді тәсілдерін ойластырып, қолданысқа енгізу керек. Кадр тапшылығын жою үшін көші-қон саясатын да қайта қараған жөн. Шетелден елімізді дамытуға үлес қоса алатын мықты мамандарды ұлтына қарамай тарту – өте маңызды міндет. Олардың Қазақстанда қалуына жағдай жасау керек. Себебі бізге білікті мамандар өте қажет. Әсіресе техникалық мамандықтарды меңгерген өз ісінің нағыз шеберлері керек. Қазіргі тілмен айтсақ, «сапасы жоғары адам ресурсы» қажет. Өйткені білікті, саналы адамдар – ұлттық экономиканың арқауы, ел болашағының кепілі», деп атап өтті.
Дарынды зерттеушілер, білікті ғалымдар мен мамандарды елге қайтару бағытында Ұлттық ғылым академиясы шетелдік тәжірибені зерделеп, өкілетті органға нақты ұсыныстар берген, бұл ретте талантты жас отандастардың елде қалуы үшін лайықты жағдай, ең бастысы тиісті атмосфера жасалуы қажет. Ол дегеніміз – мамандардың әлемдік деңгейде зерттеулер жасауына заманауи құрылғылармен қамтылған материалдық-техникалық база, инфрақұрылым қажет, содан кейін бәсекеге қабілетті жалақы мен әлеуметтік қолдаулар.
Ақылбек Күрішбаев,
ҚР Президенті жанындағы ҰҒА президенті