ЖОЛДАУ • Бүгін, 08:45

Жастарға – сенім

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Жол­дауында жас­­тар мәсе­лесіне ерекше тоқта­лып, сенім біл­дірді. Сон­дай-ақ оларға отан­­шылдық деген­нің мағынасын ұқты­рып, мән-жайына тоқталды. Бұл Мемлекет басшы­сы­ның өскелең ұрпақтың тура жолға түсіп, оңы мен солын ажыра­туға деген қамқорлығы деп түсіндім.

Жастарға – сенім

Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға арнаған сөзінде «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген ұлы Абайдың айтқанын келтірді. Осы орайда Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жастар көптеп еңбек ететінін айтқым келеді. Барлығы да – өңірдегі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін бітіріп келген жас мамандар. Дипломын ала сала жұмысқа қабылданып жатыр. Тәжірибелі аға мамандар оларға жақсы ұстаз болып жол көрсетіп келеді.

Өзім де 11 жыл бұрын осы өндіріс орнына тәжірибесіз бірнеше жаспен бірге қызметке қабылдандым. Қазір зауытта ауы­сым шебері болып қызмет атқарамын. Қара­мағымда 7 адам бар, барлығы – жастар. Президент айтқандай барлығының көзқарасы – әртүрлі. Десе де тәжірибесі аз болғанымен, олар білімді, күш-жігері көп. Бірден шешім қабылдауға дайын.

Осы орайда Президенттің өз айтқа­нын келтіре кетейін: «Қазіргі көкірегі ояу жас ұрпақ отаншылдық деген сөзді басқаша қабылдайды. Жастардың басым көпшілігі әсіредіншілдікті, әсіреұлтшылдықты қолдамайды. Олар үшін патриотизмнің басты көрсеткіші – жасампаздық пен жаңашылдық. Жастар «Елді сүю дегеніміз – халыққа пайдасы тиетін жаңалық ашу, жаңа іс бастау» деп түсінеді. Олар Қазақстанды дамыған, көркейген мемлекет ретінде көргісі келеді. Заманауи технологияларды меңгеріп, халқымызды озық ойлы ұлттардың қатарына қосуға талпынады», деп жастардың ойымен санасып, олардың жасына тән қабылдау ерекшелігіне түсіністікпен қарап, қолдау білдіріп отыр. Бұл жастарға үлкен рух береді.

 

Нұрлан БАЙМОЛДИН,

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының ауысым шебері