ЖОЛДАУ • Бүгін, 13:07

Тоқаев жаңа саяси реформа туралы ойымен бөлісті

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің жасанды интеллект негізінде әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай оң ықпалын тигізетін жаңа саяси реформа туралы ойын ортаға салды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тоқаев жаңа саяси реформа туралы ойымен бөлісті

Фото: Ақорда

«Бұл жерде парламенттік реформа туралы айтқалы тұрмын. Жоғары өкілді билік тармағына қатысты реформаны бұған дейінгі барлық өзгерістің, соның ішінде Президент билігіне қатысты өзгерістердің заңды жалғасы деуге болады. Біз Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес билік пен халықтың арасында ашық әрі бүкпесіз диалог орнатып жатырмыз. 2022 жылы маусым айында елімізде жалпыұлттық референдум өтті. Онда азаматтарымыздың басым көпшілігі «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде мемлекетімізді жан-жақты жаңғырту стратегиясына қолдау білдірді», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, соңғы жылдары Қазақстанда, тіпті, шетелдерде болып жатқан оқиғалардың өзі біз таңдаған бағдардың дұрыс екенін көрсеткен.

Естеріңізге сала кетейік, жылдың басында Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне берген ауқымды сұхбатында «Реформа – ұдайы жүретін үдеріс, қоғамда нақты сұраныс болса, жаңа реформалар әзірленеді» деген еді.

Жалпы, елімізде парламенттік реформа мәселесі кемінде жиырма жылдан астам уақыт бойы айтылып келеді. Осы мәселе ашық та, жабық та талқыланып жүргені ешкімге құпия емес. Бұл тақырып әлі күнге дейін өзекті болып отыр.

«Сондықтан мемлекеттік жүйе дамып, азаматтарымыздың саяси мәдениеті өсіп келе жатқанын ескере отырып, бұл мәселені халықтың талқысына салу айрықша маңызды деп санаймын. Сенат 1995 жылы елімізде күрделі әрі тұрақсыз саяси жағдай болып тұрған сәтте Парламенттің жоғары палатасы ретінде құрылды. Ол кезде мемлекеттігіміздің негізі енді ғана қалыптаса бастаған аса қиын жолдың басында тұрған едік. Сенатқа мемлекет құру ісіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету тарихи міндеті жүктелді. Өткен 30 жылда Сенат өзінің осы аса маңызды тарихи миссиясын абыроймен, тиімді атқарып шықты. Жоғары палата заң шығару үдерісінің, басқа да негізгі реформалардың айрықша маңызды тетігі әрі кепілі болып келеді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.