Мирас • Бүгін, 10:15

Момышұлынан қалған мұра

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жуалыға жол түссе, даңқты Бауыржан Момышұлының мұражайына соқпай кетпейміз. Онда сақталған ерекше жәдігерлер тұлғаның толық болмысын ашып, әртүрлі шығармашылық қырын танытады. Ерлікке толған жүректің өнерге деген іңкәрлігін, ішкі жан-дүниесінің рухани байлығын байқатады. Аңызға айналған ғұмырдың әр парағы, әр естелігі қаһарман кеуденің арғы жағындағы нәзік бір әлемнен сыр шертеді.

Момышұлынан қалған мұра

Батырдың домбырасы

Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлы жеке фото­сурет­тері мен қо­йын­дәптерін, әскери картасын және өзге заттарын музейге тап­сы­ру­ды аманатта­ған екен. Батырдың қойын­дәп­тері мен картасы елордадағы әскери музейде тұрса, қалған біршама жәдігер облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Даңқ» залына тапсырылған. Мұндағы жәдігерлердің бірқатары соғыс жылдарынан естелік айтады.

Мемориалдық музей қорында бүгін­де жалпы 1 556 жәдігер бар. Ал экс­позицияға 838 жәдігер қойылған. Онда Бауыржан Момышұлы өмірінен фотосуреттер (балалық шағы, әскери өмі­рі, шығар­машылығы мен отбасы), әске­ри киімі, гвардиялық белгісі, бел­дігі, пай­да­лан­ған заттары (электрлі сақал алғышы, бет сүлгісі, кесесі, күміс қа­­сық­та­ры мен шанышқысы, ағаш тос­та­ғаны, ағаш қасығы мен ағаш ожауы, шай ішкен ыдысы мен шай қасығы) өз қолымен ойған оюлар альбомы, мем­лекеттік наградалары, домбырасы, төсегі, жұмыс бөлмесіндегі заттары (үстелі, орындығы, ағылшын машин­касы, май шамы, қалам салғышы, аспалы шамы, күлсалғышы, мүштегі, суве­нирлері), кітаптары, сағаты, басқа да жеке заттары бар.

Жамбыл облыстық тарихи-өлке­тану музейінің қызметкері Лаура Байтұр­сы­нова құнды жәдігерлердің «өз мінезі» бар екенін айтып, қалай сақталатынын түсін­дірді.

ж

«Біз ең алдымен арнайы микрокли­мат қалыптастырамыз. Ауаның тем­пера­турасы мен ылғалдылығы (әдетте
18–22°C және 45–55% ылғалдылық) тәулік бойы қатаң бақыланады. Шамадан тыс жа­­рық та жәдігерге жау (әсіресе мата мен қағазға), сондықтан ультракүлгін сәуле­лер­ден қорғайтын арнайы жап­қыш­тар мен жарықтандыру жүйесін қол­да­намыз. Күтім жасауға келетін бол­сақ, бұл – үл­кен ғылыми жұмыс. Жәдігер­лерді шаңнан тазартудан бас­тап, зақымдалған жер­лерін қалпына келтіруге дейін арнайы маман­дар айналысады. Оларды тек арнайы мақта қолғаппен ғана ұстауға болады. Әрбір жәдігердің жеке «төлқұжаты» бар. Онда заттың музейге келген сәттегі күйінен бастап, жасалған барлық жұмыс жазылады», дейді ол.

Музей қызметкерінің айтуынша, қорда ерекше орын алатын бұрыштардың бірі – «Баукеңнің қарулас жерлестері» деп ата­лады. Бұл бөлімде Жуалы ауда­ны­­нан Екінші дүниежүзілік  соғысқа аттан­­ған жауын­герлердің суреттері, олар­­­дың майдан­­нан жазған хаттары, жеке құ­жат­тары, алған марапаттары мен орден-медаль­дары ұсынылған. 

Баукең ойған оюлар

Жаужүрек қаһармандығымен таныл­­ған тұлғаның сан қатпарлы жан-дүние­сінің астарында көпке беймәлім өнер бар дегенге сенбессіз, бәлкім. Музей сөре­сіндегі Бауыржан Момышұлының өз қолы­мен жасаған ою-өрнектері ерекше назарымызды аудартты.

Шығар­­­машылыққа жаны құмар Баукең бірде:

Өткенді еске салып ойға толам,

Сұрыптап тезге салып көп ойланам.

Ой түбіне жете алмай титықтасам,

Қолыма қайшы алып ою оям,

– деп толғанады. Терең ойға батып, ой түбіне жете алмай қиялы қыр кезген уақытта қолына қайшы алып, немересі Ержанға темекінің түс қағаздарынан түрлі оюлар ойып береді екен. Тіпті бізбен кестелеп те шыққан. Батырдың бізге тосын бұл қызығушылығы көркем қиял мен нәзік толғаныстардың айшығы сынды. Оның ішкі тебіренісінен, жан толқынысынан туған оюлар тау-тұлғаның нәзік бір тамырын басты. Бәлки, бұл жан тыныштығын бір күйге түсіретін бейнелеудің өзгеше тәсілі болар.

э

Өзгеше өрнектелген оюларды көр­ген зергерлер автор қолтаңбасынан сирек кездесетін бір иірімді таныған. Тіпті «жер қойнауынан жеткен тарих» деп бағалайды. Расында да әр ою бір-біріне ұқсамайды, өзінше тарамдалады. Қорда сақталған жетпіске жуық оюдың әрқайсысының ай-күні жазылған, батыр­дың өз қолының ізі тұр.

Бауыржан Момышұлының арнайы тапсырып, аманаттаған тағы бір сүйік­ті заты – маузері. 1965 жылы Ялта­да жазған өсиетхатында: «Маузерім осы музейде тұрсын» деп Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырған. Музей қорындағы бар дерек­­­­ке жүгін­сек, маузер металл, ағаш және қайыс­тан жасалған, 7,65 калибрлі. Жәді­гер­дің металл бөлігінде «Маузер полковника Бауыржана Момышулы» деген жазуы бар. Саналы ғұмырын әскери қызметке арналған батыр осы қаруды соғыс жылдарында пайдаланған.

Музей қызметкерінің айтуынша, батыр өміріне қызығушылар жыл санап артып келеді. Әсіресе отбасылық келушілер мен шетелдік туристер музейге көп келеді.

ш

«Біз үшін ең басты көрсеткіш – адам­дардың музейден рухани азық алып, тарихына мақтанышпен қарап шығуы. Қуантарлығы, кейінгі уақытта музейге келушілер, әсіресе жастар қатары көбейіп келеді. Бүгінгі көрермен тек көрумен шектелмейді, олар тарихты тереңірек танып, сезінгісі келеді. Интерактивті көрмелер мен цифрлық технологиялардың арқасында музейлер заманауи мәдени орталыққа айналды. Әсіресе демалыс күндері мен мерекелерде халықтың ықыласы өте жоғары», дейді Лаура Байтұрсынова.

Сондай-ақ музей сөрелерінде Б.Момыш­­ұлының Куба еліне сапары­нан есте­лік­тер, фотолар, өзімен алып жүр­ген заттары қойылған. Баукең 1963 жылы Куба басшылығының шақыруымен сол елге барады. Сапар барысында Куба басшысы Фидель Кастроның інісі Рауль Кастромен кездесіп, оған үлкен әсер қал­дырады. Куба Қарулы күш­тері­­нің әскери академиясында офицерлер мен жа­уынгерлер алдында соғыс так­ти­касының үлгілерінен дәріс оқиды. Б.Момыш­ұлының әскери әдіс-тәсілдері қазіргі уақытта да Кубаның әскери оқу орындарында оқытылады. Куба еліне сапарынан «Куба әсерлері» деген атпен көлемді очерк жазды. Музей қорында оның Куба сапарынан қалған заттары сақталған.

Соңғы жаңалықтар

Алпамыстың ұрпағы әлжуаз...

Пікір • Бүгін, 11:25

Момышұлынан қалған мұра

Мирас • Бүгін, 10:15