
Адам құқығы идеясының тамыры заңнан да тереңде жатыр. Ол – ғасырлар бойы қалыптасқан рухани дәстүріміздің өзегі. Әсіресе түркі ойшылдарының ғасырлар бойы қалыптастырған ілімдерінен бастау алады. Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Мәулана Руми, Абай Құнанбайұлы сияқты ғұламалар еңбектерінде адам – әрқашан ең жоғарғы құндылық.
Мәселен, Әбу Насыр әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастарында» әділетке негізделген қоғамды суреттеді. Оның пікірінше, білім мен ынтымақсыз қоғамның дамуы мүмкін емес. Бұл ойлар бүгінгі «білім алуға құқық» ұғымымен үйлеседі.
Түркі халықтарының рухани ұстазы Қожа Ахмет Ясауи «Диуани хикметінде» адамды мейірімділік пен әділеттілікке шақырды. Ол, тіпті, діні басқа адамды ренжітпеуді өсиет етіп, «Қатаң жүректі, көңіл ренжітушіден Құдай безеді» деп ескертті. Бұл – қазіргі заманғы толеранттылықтың, бейбітшілік пен келісім идеясының көрінісі.
Ясауидің шәкірті сопылық білімнің жалғастырушысы Мәулана Джелаледдин Руми поэзиясында махаббат пен теңдікті дәріптеді. Оның философиясы адамды ұлтқа, дінге бөлмей, ортақ адамзаттық құндылықтарды жоғары қойды.
Ал Абайдың «Толық адам» ілімі – ақыл, жүрек пен қайраттың үйлесімін дәріптейтін тұтас концепция. «Адам бол!» деп үндеген ұлы ойшылдың идеялары бүгінгі адам құқықтарының рухани іргетасы іспетті.
Демек, Фарабиден Ясауиге, Ясауиден Абайға жалғасқан алтын арқау – қазіргі Конституциядағы адам құқықтары нормаларына жетелеген тарихи сабақтастық. Құқыққа негізделген парадигма – сырттан таңылған ұстаным емес, осы ілім алыптарының адамға бағытталған дүниетанымынан бастау алады. Бұл пікір түркі әлеміндегі рухани дәстүрдің әмбебап адам құқықтары идеясына қосқан үлесін айқын көрсетеді. Яғни бүгінгі Конституциядағы адам құқықтары нормалары – сырттан келген түсінік емес, өзіміздің тарихи ой-санамыздың жалғасы екенін естен шығармаған абзал.
Жуырда ғана осы тақырып аясында «Адам құқығы идеясының эволюциясы: Ясауидің рухани мұрасынан Қазақстан Республикасының Конституциясына дейін» деген баяндама дайындап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен «Конституция және мемлекет: құқық пен болашақ диалогі» атты халықаралық конференцияда ой-пікірімізді ортаға салдық.
Басқосуда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы да байтақ жеріміздегі мызғымас дала заңдарына тоқталып өтті. «Қазақ – Ұлы дала заңына бас иген, ар-ұяттан аттамаған халық. Қасым ханның Қасқа жолы, Есім ханның Ескі жолы, Әз Тәукенің Жеті жарғысы – нағыз дала заңының үлгілері. Дала заңының қазығы Ата заңымызға дейін тарихи жолдан өтті. Өткен ғасырдың басында қазақ зиялылары бұл істе елеулі үлес қосты. Кеңес заманында еліміздің құқықтық іргетасы қаланды, білікті заңгерлер шоғыры пайда болды», деген Президентіміз құқық мәселелері қазақ халқының әрдайым басты назарында болып, түрлі заңдар арқылы реттеліп, қоғамдық тыныштық сақталғанын тағы бір мәрте еске салды.
Бүгінгі Конституция – әділет пен теңдіктің кепілі. Онда заң алдында теңдік, ар-ождан бостандығы, ұлттық бірегейлікті сақтау құқығы, адам қадірін шектеуге болмайтындығы айқын жазылған. Кейінгі реформалар бұл құқықтарды одан әрі күшейтті. Өлім жазасына толық тыйым салынды, Конституциялық сот қайта құрылып, азаматтарға сотқа тікелей жүгіну мүмкіндігі берілді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі артты, әлеуметтік әлсіз топтарды қорғау бағытында тың қадамдар жасалды. Әсіресе 27 жылдан кейін қайта өткізілген жалпыхалықтық референдум елдің демократиялық жаңғыруының нақты дәлелі болды.
Бұл істе жоғары оқу орындарының да рөлі зор. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев конференция барысында жастардың құқықтық тәрбиесін күшейту қажеттігін атап өтті. Бұл – біздің де басты міндетіміз. Осыған байланысты Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті биылғы оқу жылында «Заң» факультетін қайта ашып, адам құқықтарын қорғайтын білікті мамандар даярлауға кірісті. Бұған дейін де университетіміз 2023–2024 оқу жылы ЖОО Сенатының шешімімен «Адам құқықтары жылы» деп жарияланып, оның салтанатты ашылуына Қазақстан Конституциялық сотының төрағасы Элвира Азимова мен Түркия Конституциялық сотының төрағасы Зухту Арслан қатысып, дәріс оқыды. Сондай-ақ бастама аясында оқу орнымыз халықаралық конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, БҰҰ-ның Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 75 жылдығы мен Қазақстанның Бала құқықтары туралы конвенцияны ратификациялағанына 30 жыл толуына арналған іс-шаралар өткізді.
Жастарымыздың бойына құқықтық тәрбиені тек ресми іс-шаралар мен қағаз жүзіндегі ақпараттар арқылы емес, мәдени-рухани бағыт арқылы да сіңіруге тырысып келеміз. Осы мақсатта 2024 жылы студенттік театрымыздың сахналауымен «Ясауи жолы» қойылымын дайындап, оның маңызды сахналарының бірін Ясауи бабамыздың іліміндегі адам құқығын қорғайтын әмбебап құндылықтарға арнадық. Биыл да «Мың заман – бір Түркістан» қойылымын көпшілік назарына ұсынып, түркі ғұламаларының сау қоғам мен қолайлы ортаны құру үшін қажет болатын негізгі идеяларын көрсеттік.
Ең бастысы, бұл құндылықтардың бәрі университетіміздің негізгі құжаттарына енгізілген. Әсіресе күллі түркі дүниесінің дара тұлғасы Ахмет Ясауи бабамыздың ілімі мен қазіргі әмбебап құндылықтар керемет үйлеседі. Осылайша, серіктестік пен құрмет, ашықтық пен сенім, біліктілік пен еңбекқорлық, инновация мен бейімделгіштік, әділдік пен адалдық қағидаттары университетіміздің басты құндылықтары ретінде бекітілді.
Шынында да, оқу орнымыздың көпсалалы жұмысы жастарға құқықтық мәдениетті дарытуға ерекше серпін беріп жатыр. Студенттер әлеуметтік бастамаларға қатысып, қоғамдағы әділет пен құқықтық санаға үлес қосып келеді. Бұл дәстүр биылғы Конституцияның 30 жылдығына арналған жаңа жобалармен жалғасады.
Қорыта айтар болсақ, адам құқығы идеясы – өткеннің де, бүгіннің де құндылығы. Ол – Фарабиден Ясауиге, Ясауиден Абайға, Абайдан Конституцияға жалғасқан алтын арқау. Ата заңымыздың отызыншы белесі бізге бір шындықты еске салады: заңдар рухани мұрадан қуат алып, бұл сабақтастықты нақты мысалдармен күшейткенде оның қолданыс аясы кеңейіп, заң мен тәртіп орнатуда әсері ұлғайып, ұлттық санамыздың құқықтық сауаттылыққа жақындығы айқындала түседі.
Жанар ТЕМІРБЕКОВА,
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры