– Бақытжан Әмірбекұлы, сіздің бастамаңызбен Тараз қаласының 2023–2025 жылдарға арналған Даму картасы әзірленгенін білеміз. Соның аясында облыс орталығындағы жұмыс қалай жүйеленіп, қай деңгейде орындалып жатыр? Шаһар экономикасын ілгерілетуде қандай өзгерістер байқалады?
– Өзіңіз айтып өткен Тараз қаласының 2023–2025 жылдарға арналған Даму картасына сәйкес шаһарда өзекті саналатын біраз мәселе өз шешімін тауып жатыр. Біріншіден, көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, көлік жолдарындағы жүктемені азайту мақсатында көпір құрылысын салуды бастап кеттік. Атап айтсақ, Абай даңғылындағы теміржолдың үстімен өтетін көпір мен жаяу жүргіншілер өткелі бөлігінің құрылысын салу мақсатында мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке 16,9 миллиард теңгеге өтінім ұсынылды. Қазірде көпір құрылысын жүргізу үшін жол бойындағы жеке тұрғын үйлермен коммерциялық нысандарды мемлекет мұқтажына қайтаруға 1,8 миллиард теңге, нысандарды сүру жұмыстарына 285,04 миллион теңге қаржы қарастырылып, жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Маңызы зор, ауқымды жобаны 2026 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Екінші жоба Абай даңғылынан Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейінгі аралықты қамтиды. Мұнда Тараз қаласындағы теміржол, өнеркәсіптік аймақ арқылы эстакада салуға басымдық береміз. Бүгінде мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Аталған эстакада салынған жағдайда ел аузында «Горбатый мост» атанып кеткен жерүсті көпіріндегі үлкен көлік кептелісі едәуір азайып, қаланың шығыстан кіреберіс жолына, 14 шағын ауданына тікелей қатынауға мүмкіндік туады.
Тағы бір ірі жоба – кәріз суын тазарту кешені. Жалпы, дәл қазір кәріз сулары көршілес Жамбыл ауданында орналасқан 217 гектар аумақтағы сүзгі алаңдарына құйылып жатыр. Сүзгі алаңдары шамадан артық толғандықтан, Аса өзені мен жерасты суларының ластану қаупі бар. Сондықтан Тараз қаласының кәріз суларын тазарту кешенінің құрылысын салу бойынша «Жол картасы» әзірленді. Соған сәйкес Еуропа Қайта құру және даму банкінен грант бөлініп, техника-экономикалық негіздеме жасалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Кешеннің құны 47,0 миллиард теңге, қуаттылығы тәулігіне 80 мың текше метр болады деп болжанып отыр.
Жобаны қаржыландыру «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, оның еншілес ұйымдары арқылы мемлекеттік бағалы қағаздарды, ұлттық даму құралдарын шығару тетіктерін пайдалана отырып жүзеге асырылады деп көзделген.
– Тараз қаласының екі ауданға бөлінуі басқаруға, жалпы қаланың экономикалық әлеуетінің артуына қаншалықты әсер етеді?
– Тараздың тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында қаланың Бас жоспары қайта қаралып, оған толықтырулар енгізіліп, Үкіметтің 2024 жылғы 29 қаңтардағы қаулысымен бекітілді. Осы Бас жоспар көлік инфрақұрылымын дамыту, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды жер учаскесімен, пәтермен қамтамасыз ету, шаһар аумағын абаттандыру, көгалдандыру, сәулеттік келбетін жаңғырту, туризмді дамыту секілді негізгі бағыттарды қамтиды.
Соған сәйкес биыл жылдың басында Тараз қаласы «Әулиеата», «Жібек жолы» деген екі аудандық әкімшілікке бөлінді. Оның ең негізгі себебі, қала халқының саны артты. Екі ауданның құрылуы нәтижесінде жер көлемі 19 мың гектардан 31 мың гектарға дейін ұлғайып, халық саны 437 мыңнан 482 мыңға жетті. Шаһарда екі ауданның құрылуы қаланың аумақтық тұтастығын, бүкіл қаланы бақылауды, жалпыұлттық қызметтерді аумақтық ұйымдастыру, төтенше жағдайлар кезінде күштерді жедел ұйымдастыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Нақтырақ айтсақ, Байзақ ауданынан Талас ауылы, Талас стансасы мен Қызылжұлдыз елді мекендері қосылды. Жамбыл ауданынан Шайқорық, Шайқорық стансасы, Танты, Қоңыртөбе, Бектөбе, Қызылшарық, Сұлутөр, Кемел, Түркісіб, Жалпақтөбе, Ақбұлым елді мекендері қалаға кірді. Бүгінде бұл тұрғын алаптары толығымен құжаттандырылды. Десек те, қосылған ауылдардың мәселесі жоқ емес. Қазірде зерделеу жұмыстары жүргізіліп, инфрақұрылым мәселелерін кезең-кезеңімен шешу жөнінде тиісті жұмыс атқарылып жатыр.
– Қаланың аумағы кеңейген соң, халықтың тұрғын үйге сұранысы артатыны анық. Бүгінде Таразда халықты тұрғын үймен қамту қалай жүргізіліп жатыр?
– Жалпы, бүгінде 23 мыңға жуық азамат коммуналдық-тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне тіркелген. Бұл, әрине, қоғамдағы аса өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан қазір қалада осы мәселені шешу мақсатында ауқымды құрылыс қолға алынып жатыр. Мәселен, «Шапағат» шағын ауданында 16 көпқабатты тұрғын үйдің 12-сі пайдалануға қабылданды. Қалған 4 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ аталған шағын ауданның егжей-тегжей жоспарлау жобасы бойынша 351 жеке тұрғын үй құрылысы, 82 бесқабатты көппәтерлі тұрғын үй, жалпы білім мектебі, балабақша, емхана, халыққа қызмет көрсету орталығы, өрт сөндіру бекеті, әкімшілік ғимараты, жол бойындағы қызмет көрсету нысандары, саябақ, инженерлік, коммуналдық қойма құрылыстарының аумақтары, коммерциялық қызмет көрсету нысандары, перзентхана, спорт кешені, мәдениет үйі, мешіт қарастырылған.
Сондай-ақ «Ұлы дала» шағын ауданында 34 көпқабатты тұрғын үйдің 12-сі пайдалануға тапсырылып, қалған 22 үй әлі салынып жатыр. «Балауса» шағын ауданында 22 көпқабатты тұрғын үй бой көтеріп келеді. Егжей-тегжей жоспарлау жобасына сәйкес мұнда 2 мектеп, 3 балабақша, онкологиялық диспансер, көпсалалы аурухана, профильді емхана, лицей-интернат, Салтанат сарайы, инновациялық шығармашылық орталығы, денешынықтыру-сауықтыру кешені, инженерлік құрылымдар, кәсіпкерлік нысандар қарастырылған.
Бұған қоса шаһарымыздағы А.Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алабына қосымша 66 көпқабатты үйдің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. Бұл жөнінде республикалық бюджетке өтінім ұсынылды.
Ерекше атап өтерлігі, «Қарасай» шағын ауданының жоспарлау жобасын да әзірледік. Бұл жерде де көпқабатты тұрғын үйлермен қатар түрлі әлеуметтік, коммерциялық нысан халыққа қызмет көрсететін болады.
Жеке инвестициялар есебінен іске асырылып жатқан жобалар да қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отыр. Атап айтқанда, Жамбыл даңғылының бойында бірнеше тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оған қоса 120 бөлмелік «Hilton» қонақүйінің құрылысы да жоспарланған.
Тараздықтар тарапынан жер кезегіне байланысты өтініш жиі түседі. Оның үстіне қалаға жаңа елді мекендердің қосылуы бұл мәселені күн тәртібіне қайта шығарғаны белгілі. Осы сәтті пайдаланып, осы мәселеге жауап бере кеткім келіп отыр. Бүгінде шаһарда тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін алуға арнайы кезекте 2005–2025 жылдар аралығында 130 479 азамат тіркелген. Кезекте тұрған азаматтарды жер телімімен қамтамасыз ету мақсатында жалпы көлемі 564,6 гектар болатын 3 алқапты мемлекеттің мұқтажы үшін алып, қажетті инфрақұрылым жүргізуге ден қойдық. Соның нәтижесінде Асқаров көшесінің соңы 312 гектар, «Хамукат» 126 гектар, «Қарасай» 126,6 гектар алқаптарында тұрғын алабын орналастыру мақсатында 16 шаруа қожалығынан жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Бүгінде жеке тұрғын үй құрылысына жер кезегінде тұрған азаматтарға жер учаскесін беру мақсатында тиісті жұмыс жүзеге асырылып жатыр.
Бұдан бөлек, тұрғын үйлерді жөндеуге де ерекше мән беріп отырмыз. Тараз қаласының тұрғын үй қорында 1 438 көппәтерлі үй бар. Оның 151-і – барак типтес үйлер, 1 287-сі – екі қабатты және одан жоғары үйлер. Қала аумағында өзекті мәселелерге жататын 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Оның ішінде 553 үй жаңғыртылса, қалған 550 үй жөндеуді қажет етеді. Осыған орай 2024 жылы 5,1 млрд теңгеге 53 көппәтерлі тұрғын үй жаңа кейіпке енді. Сонымен қатар қайтарым қаражат есебінен 870,0 млн теңгеге 10 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Биыл 73 үйді күрделі жөндеу үшін 7,8 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім берілді.
Қаланың орталық көшелеріндегі тұрғын үйлердің бірыңғай сәулеттік келбетін жаңарту жобасы бойынша өткен жылы Төле би даңғылының бойындағы 12 үйдің сырт келбеті мен шатыры жөнделді. 2025 жылы Абай даңғылы, Әйтеке би, Қазыбек би көшелеріндегі 16 үйдің сәулеттік келбеті жаңартылып, қала көркін аша түседі. Қазір 8 көпқабатты үйде жөндеу жұмыстары басталып, құрылыс қарқынды жүріп жатыр.
– Кейінгі бірер жылдың бедерінде қыс айларында еліміздің солтүстік аймақтарында болған төтенше жағдайлар жылу желілерін жаңғырту жұмысын жеделдету қажеттігін көрсеткен болатын. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы да нақты тапсырмалар жүктеді. Президенттің осы тапсырмасы Таразда қалай орындалып жатыр?
– Жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша 2024 жылы Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерінің бойындағы М-1 жылу магистралін қайта жаңғырту жүргізіліп, 4602 метр жылу құбыры ауыстырылды. Бүгінде Төле би даңғылының қалған бөлігіндегі 1536 метр жылу құбыры қайта жаңғыртылды.
«Ұлы дала» шағын ауданындағы магистралдық, орамішілік жылумен жабдықтаудың инженерлік желілерін кеңейту жұмысын жүргіздік. Бұдан бөлек, Жамбыл даңғылы мен Төле би даңғылының қиылысынан бастап, Д.Қонаев, С.Сейфуллин көшелері бойындағы М-3 жылу магистралі қайта жаңғыртылып, Төле би, Әйтеке би көшелерінің белгілі бір бөлігінде құрылыс жұмыстары аяқталды. Қаладағы жылу желілерін қайта жаңғыртудан өткізу құны 27,3 миллиард теңгені құрайтын 11 жоба бойынша республикалық бюджетке өтінім берілді. Осы жобалар толығымен іске асырылған жағдайда шаһарымыздағы жылу желілерінің тозу деңгейі 67,8%-дан 51%-ға дейін төмендейді.
– Мемлекет басшысы жүктеген тағы бір маңызды міндет – 2025 жылдың соңына дейін халықты 100 пайыз ауызсумен қамту. Қала аумағына жаңа елді мекендер қосылғанын ескерсек, бұл міндетті орындауға облыс орталығының әлеуеті жете ме?
– Президент тапсырмасын жүзеге асыру назарымыздан тыс қалмайды. Осы мақсатта шаһар аумағында 2023–2025 жылдары «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында республикалық, облыстық бюджеттің қолдауымен 10,2 миллиард теңгеге 641,7 шақырым су құбыры жүргізілді. Нәтижесінде «Шөлдала», «Құмшағал», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Жиделі», «Қарасай», «Тектұрмас», «Родничок», «Ақжол», «Қайнар», «Мичуренец», «Шалғай Қарасу» 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7 тұрғын алаптарындағы 11258 аула мен 56 мыңнан астам тұрғын сапалы тіршілік нәрімен қамтамасыз етілді.
Бұдан бөлек, екі ауданнан қосылған Бектөбе, Қызылшарық, Түркісіб елді мекендеріне орталықтандырылған ауызсу жүйесі тартылғанымен, іске қосылмаған. Қазіргі кезде аталған су ғимараттарын ауданнан қабылдап алдық. Ақаулары анықталып, су беруге қатысты жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Былтыр шаһар аумағында 9,8 шақырымға созылған 10 көшенің ауызсу құбыры жергілікті бюджет есебінен жаңартылды. Жаңадан бұрғыланатын су желілерінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Магистралды су құбырларының тозығы жетуіне байланысты, Айшабибі көшесінен Сүлейменов көшесіне дейін «Төрткөл» алабының су құбырын, бас су мұнарасынан магистралды су құбырларын жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданды.
Бұдан бөлек, Абай даңғылы, Қойгелді, Асқаров, Көшек батыр, Желтоқсан, Ниетқалиев көшелеріндегі магистралды су құбырларын қайта жаңғырту жөнінде сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім жіберілді.
Тараз қаласындағы «Алматы теміржолсу» мекемесінен қабылданған Тынышбаев, Пірманов, Локомотив, Шаумян көшелері, Песочный алабындағы су құбыры желілері мен ұңғымаларын қайта жаңғырту туралы сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім жолданды. 16 шағын ауданды ауызсумен қамтамасыз етудің екінші кезеңі де аяқталып, қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қала аумағында 2022–2023 жылдары жүзеге асқан нысандардың жобаларында деректерді қашықтықтан беру есептегіш құралдары қарастырылған. Бұл құралдар жобаға сәйкес су құдықтарына орнатылған. Биыл «Ақылды қала» жобасын ауызсу саласында дамыту үшін су ресурстарын есепке алудың автоматтандырылған жүйесіне қолжетімділікті ұйымдастыру жүзеге асырылады. Бұл жұмыстарға 44 миллион теңге қарастырылып, мемлекеттік сатып алу рәсімдері арқылы мердігер анықталып, жұмыс басталды. Яғни енді тұтынушылардың су есептегіштерінен деректерді тікелей «Жамбыл су» мекемесіне жолдауды қамтамасыз етеді.
Ауызсу желісі жүргізілмеген «Новоджамбулец», «Дорожник», Талас алаптарының да мәселесі назардан тыс қалмай, орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамаға ұсынылды. «Дорожник», Талас алаптарын ауызсумен қамтамасыз ету жобаларына сараптаманың оң қорытындысы алынды. «Новоджамбулец» алабын ауызсумен қамтамасыз ету жобасына сараптаманың оң қорытындысын алу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Тараз қаласындағы тозығы жеткен су құбырларын жөндеу көзделген. Биыл 6 көшеде ауызсу құбыры тартылады.
– Қала көшелерін жарықтандыру қалай жүріп жатыр?
– Тұрғындар тарапынан көп қойылатын сауалдың бірі – көше жарығы. Былтыр 76 көшеге түнгі жарық шамдарын орнату жоспарланған еді. Ол жұмыс толығымен аяқталды. Нақтырақ тоқталсам, 2025 жылы 85 көшеге түнгі жарық шамдарын орнату көзделген болатын. Оның ішінде 67 көшенің жұмысы биыл аяқталса, 18 көше 2026 жылға өтпелі.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен 2024 жылы қалалық бюджеттен 266 миллион теңге бөлініп, 10 шағын ауданда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы жарықтандырылды. Нәтижесінде 353 көпқабатты тұрғын үй ауласы, 79 кіреберіс жолдар, 44 359 тұрғын түнгі жарықпен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, С.Сейфуллин көшесінің бойына, Жамбыл даңғылының Қ.Сәтбаев көшесі мен Сыпатай батыр көшесі аралығындағы жаяу жүргіншілер жолына түнгі жарық шамдары орналастырылды. Биыл қаладағы негізгі көшелерде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын жарықтандыруға мердігер мекеме анықталып, жұмыс басталды. Сонымен қатар Сейфуллин көшесінің бір жақ бетіне түнгі жарық шамдары орнатылып жатыр.
Қалаға қосылған 14 елді мекен де назардан тыс қалмай, ондағы 38 көшені 2026 жылы жарықтандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптамадан өткізілді. Бұған қоса 2024 жылы қала маңындағы саяжай алаптарын электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында жоғары вольтты желілер мен қосалқы стансалар құрылысы басталды. Құны 8,7 млд теңгені құрайтын жоба 2026 жылы аяқталады.
– Жол – экономиканың күретамыры. Тақтайдай тегіс жол тұрғындардың өмір сапасына, тіршілігінің тіктелуіне тікелей әсер ететіні белгілі. Қалада қазір жол жөндеуге қатысты қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр?
– Кейінгі үш жылда облыс орталығында жол жөндеу жұмысы тың қарқын алды. Қаланы дамытудың үш жылдық жоспарында аталған мәселеге баса назар аударылған. Расында, шаһардың сәулеті мен ажарын айшықтап тұратын басты көрінісі жолдың жайы екені жасырын емес. Шаһардың сән-салтанатынан бөлек, қатынастың қолайлылығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі, көлік қозғалысының діттеген бағытына уақтында жетуі де жол сапасына байланысты. Кейінгі 3 жылда Тараз қаласында 420 көшеге асфальт төселді. Бұл да кейінгі жылдары атқарылған ауқымды жұмыстардың бірі.
2024 жылы 95,3 шақырымды құрайтын 127 көше орташа жөндеуден өтті. «Победа», «Береке», «Юбилейный», «Химик», «Жамбылстрой», «Комунальник», «Лето», «Ветеран» тұрғын алаптарында ұзындығы 73,8 шақырымды құрайтын 165 көшеге шағал төселді. Сондай-ақ былтыр шағын аудандардың ішкі жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Биыл Рысбек батыр, Асқаров көшелерін қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр. Сонымен қатар 96,7 шақырымды құрайтын 113 көше мен жаяу жүргінші жолдары орташа жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, 20 саяжайдағы ұзындығы 34,6 шақырымды құрайтын 100 көшеге шағал төселді.
Жылдар бойы шешімін таппаған «Бурыл А,Б,В», «Барысхан» тұрғын алаптарында да жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, «Бурыл А,Б,В» алабындағы 75 көшеге асфальт жабындысын төсеу қарастырылған. Бүгін 66 көшені асфальттау толық аяқталса, қалған 9 көшедегі жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Бұған қоса, «Барысхан» тұрғын алабындағы 24 көшеге асфальт жабындысын төсеу қарастырылған. 10 көшенің асфальт жол жабындысы толық төселді. Бұл жұмыстарды биыл аяқтау жоспарланған. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 65%-дан 72,5%-ға дейін артатын болады.
– Кейінгі жылдары абаттандыру жұмысы қарқын алғаны мәлім. Биылғы жоспар қандай?
– Өткен жылы аулаларды абаттандыру, оның ішінде балалар ойын алаңшасын салуға қала бюджетінен 500 млн теңге бөлініп, 24 аула абаттандырылды. Биыл да 768,7 млн теңгеге 25 ауланы абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр.
Бұған қоса қалада бұқаралық спортты дамытуға баса мән беріліп, былтыр 225 млн теңгеге 9 шағын футбол алаңы салынды. Сондай-ақ қала ішіндегі 4 футбол алаңы күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыс биыл да назардан тыс қалмай, 505,5 млн теңгеге 11 шағын футбол алаңын салу көзделіп отыр. Сонымен қатар қала ішіндегі 10 футбол алаңы күрделі жөндеуден өтті. Ерекше атап өтерлігі, «Ұлы дала» шағын ауданында спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр.
– Қала аумағы кеңейген сайын қоғамдық көлікке деген сұраныстың арта түсетіні айқын. Бұл мәселе шешімін қалай табады?
– Автобус парктерін жаңарту мақсатында 2023 жылдан бастап жыл сайын үлкен және орта сыйымдылықтағы 70 автобустан алу жоспарланған. Нәтижесінде, 2023 жылы 73 бірлік жаңа автобус жеткізілсе, 2024 жылы 155 қоғамдық көлік пайдалануға берілді. Биыл тағы 15 автобус әкелдік. Жыл соңына дейін қосымша 82 автобус жеткізу көзделген. «Автобусный парк – 2020», «Smart City Servise», «RashLau» компанияларында жаңа автобустардың үлесі 100%-ға жетті.
Өткен жылы халық сұранысына сай 5 маршрут ашылса, биыл олардың қатары тағы 2 жаңа бағытпен толықты. Қазірде қала аумағында қатынайтын 290 бірлік автобус үлкен сыйымдылықты, 3 жылға дейінгі жаңа қоғамдық көліктерге жатады. Бұл қазіргі бағыттарда күнделікті қызмет көрсетіп жүрген автобустардың 75%-ын құрайды.
Жүйелі жұмыстың нәтижесінде жылжымалы құрам саны 330 бірлік автобустан 437 бірлікке дейін артты. Жолаушылар бағыттарына қосымша 11 бағыт қосылып, қазіргі уақытта 43 бағытқа жетті.
Бұған қоса былтыр шаһар аумағында 80 аялдама орнатылса, биыл 75 аялдама қою жоспарланған. Осы ретте атап өтерлігі, әлеуметтік маңызы бар қалалық, шаһар маңындағы жолаушылар қатынастары тізбесіне енгізілген автобус бағыттарының шығындарын өтеуге өткен жылы жергілікті бюджет есебінен 5,3 млрд теңге, 2025 жылға 5,2 млрд теңге қаржы қарастырылды.
– Қалада көгалдандыру бойынша ілкімді жұмыстар қолға алынғаны мәлім. Таразды «жасыл қалаға» айналдыру бағытындағы жобалардың нәтижесі қандай?
– Шаһарды көгалдандыру мен жасыл аймақ құрудың жоспарына сәйкес «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2024 жылы 20 гектар жерге 20 мың тал көшеті отырғызылды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тауып, осы жылдың көктем айларында «Қызылабад» алабына 10 мың түп ағаш отырғызылды. Енді күз айының ортасында аталған алапқа тағы 10 мың түп ағаш егілетін болады. Бұдан бөлек, 2024 жылғы көктемгі және күзгі сенбілік кезеңдерінде Саңырақ батыр, Тәуке хан көшелеріне «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков, Т.Рысқұлов саябақтарына, қалалық мәдениет үйінің маңайына, Қазақ хандығы монументіне, «Үшбұлақ» каналының жағалауына, Теміржол вокзалы, Қуғын-сүргін, Арбат скверлеріне, Денсаулық, Атшабар аллеяларына жалпы саны 6 мыңға жуық әртүрлі ағаш отырғызылды.
2025 жылы қала аумағына 5 мың әртүрлі ағаш отырғызу жоспарланса, қазіргі таңда 4 мың түп тал егілді. Қалған 1 мың ағашты күз айларында егу көзделіп отыр.
Қаланы абаттандырудағы маңызды жұмыстың бірі – көгалдандыру. Оның ішінде жасыл желектерді суару мәселесі бар. Бұрын қаладағы арық жүйелері үйлердің арасынан, жол жиегі мен бақшалардан ағып, шаһарды көгалдандыру ғана емес, ауаның ылғалдануына да үлкен үлес қосты. Өкініштісі сол, бүгінде облыс орталығын ағын сумен қамтамасыз ететін арық жүйелерінің әбден тозығы жеткен. Тіпті, соңғы 25-30 жылдың бедерінде мүлде қараусыз қалған. Бұған тұрақты түрде бақылаудың болмауы, инженерлік жүйелерді қалпына келтіруге тиісті деңгейде көңіл бөлінбеуі зардабын тигізді. Сонымен қатар кей кәсіпкерлердің арықтың үстінен құрылыс нысандарын салуы мен тұрғындардың қоқыстарды бей-берекет шашып тастауы да ағын судың көзін бітеп, мәселені одан сайын күрделендіре түскені белгілі.
Игіліктің ерте-кеші жоқ. Жоғарыда аталған мәселені ескере отырып, арық жүйелерін қалпына келтіру жұмысына кірістік. Осы бойынша әзірленген жобаны 2023–2025 жылдарда жүзеге асыру көзделген. 2023–2024 жылдары осы мақсатқа қала бюджетінен 1,4 млрд теңге қаражат қарастырылып, нәтижесінде шағын аудандарда 40,3 шақырымды құрайтын ескі лотоктарды монтаждау, демонтаждау жұмыстары жүргізілді.
Бұл жұмыстарға 2025 жылы бюджеттен 600,0 млн теңге қаржы қарастырылып, 17 шақырымдай арық жүйелері қалпына келтірілмек. Жұмыстар шаһардағы Желтоқсан, Қазыбек би, Төле би, Байзақ батыр, Сүлейменов көшелері, «Қаратау», «Жайлау», «Аса», «Жансая» шағын аудандары мен «Химпоселок» аумағында жүзеге асырылады.
Халықтың қатысуымен абаттандыру жобасы аясында «Ұлы дала» шағын ауданындағы «Түйте» каналының бойы адам танымастай өзгеріп, жаңа кейіпте ел игілігіне берілді. Алдағы уақытта «Үшбұлақ», «Қарасу-2» каналдары да жаңғыртылады. «Үшбұлақ» су арнасының бірінші кезеңінде 1,2 шақырымы, «Қарасу» каналының 1,275 шақырымы абаттандырылады. Жобада каналдардың жағалауын саябақ ретінде көгалдандыру, воркаут, спорт алаңшалары, зейнеткерлерге арналған демалыс аумағы қарастырылған. Бүгінде эскиздік жобалары дайын, сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр. Сондай-ақ «Гидрокешен» аумағындағы саябақты да абаттандыру жоспарланған.
Былтыр қала аумағындағы 6 ирригациялық, 2 дренаж каналын механикалық тазалауға қала бюджетінен 250 млн теңге бөлініп, жұмыс жүргізілді. Биылғы жылы «Сеңкібай» каналын механикалық тазалау жұмысына 44,1 млн теңге қаржы қарастырылды.
– Ел арасында екі қолға бір күрек таппай жүргендердің жайы жиі айтылады. Қалада қазірде жұмыссыздық деңгейі қандай? Кейінгі жылдары бұл көрсеткіш өзгерді ме?
– Қала бойынша есепті кезеңде жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрап, өткен жылдың деңгейінде cақталып отыр. Ең төменгі күнкөріс деңгейі 48 956 теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,1%-ға өскен. Осы мақсатта өңірлік жұмыспен қамту картасы дайындалып, соған сәйкес 2025 жылы 22 243 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланса, есепті кезеңде жұмыспен қамтылғандардың саны 5 522 адамды құрап отыр.
Биыл 404,1 млн теңгеге 3 049 отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді. Оның ішінде 1 538 отбасына 43,5 млн теңгеге тұрғын үй көмегі, 1 511 отбасының 7 765 адамына 360,6 млн теңгеге атаулы әлеуметтік көмек төленді.
Әлеуметтік нысандарды жаңарту мақсатында «Қаратау» шағын ауданы №39 «А» мекенжайындағы «Отбасын қолдау орталығын» күрделі жөндеу, Асқаров көшесі, №277 «Б» мекенжайынан өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықтың жаңа ғимаратын салу жоспарланған. Сондай-ақ демеушілер есебінен Төле би даңғылы, №49/1 мекенжайында бос тұрған ғимаратты «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының ғимараты ретінде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Тараз десе, тарих пен мәдениет қатар айтылады. Мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесіне көңіл тола ма?
– Дұрыс айтасыз, екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласы өркениет көшінің алтын діңгегіне айналғаны мәлім. Сондықтан да көне шаһардың бүгінгі тыныс-тіршілігі туристердің ұдайы қызығушылығын оятып келеді. Бұл бір жағынан қала экономикасына серпін берері сөзсіз.
Әрине, мәдениет пен туризм бір-бірінен бөле жаруға болмайтын егіз ұғым. Қазірде осы екі саланы дамытуға ерекше екпін түсіріп, түрлі жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Соның бір айқын дәлелі – жуырда «Тектұрмас» кешенінде «Көне қамал» нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. «Құмшағал» тұрғын алабында 140 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүргізілді. Жақын күндері ел игілігіне беру жоспарымызда бар.
Тараз қаласына қосылған елді мекендердегі тозығы жеткен мәдениет нысандарын жөндеуді де көздеп отырмыз. Атап айтсақ, «Бектөбе», «Шайқорық» алаптарындағы мәдениет үйлерін, «Қоңыртөбе», «Сұлутөр», «Шайқорық» тұрғын алаптарындағы кітапхана ғимараттарын жөнге келтіру жоспарланған.
Тек мәдениет қана емес, білім саласында да жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтсақ, 2024 жылы «Казарма» алабында 180, «Арай» алабында 600, «Бәйтерек» шағын ауданында 1 200, «Ұлы дала» шағын ауданында 1 200 орынды білім ордасы есігін айқара ашты.
Сонымен қатар биыл «Ұлы дала» шағын ауданында 1 200, 2 000 орындық «Келешек мектептері» ашылса, қыркүйек айында «Шөлдала» тұрғын алқабындағы 600 орындық «Келешек мектебі» пайдалануға беріледі.
Бұған қоса №15, №7 мектеп-гимназияларына 300, №27 орта мектепке 600 орындық жапсарлас ғимараттар салынды. 5 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ №1, №45 гимназияларда, №25 орта мектепте жөндеу жұмыстары жүргізіліп, №13, №54 орта мектептер жаңғыртудан өтті. Бұдан бөлек, №7, 12, 14, 30, 39, 47, 55 мектептерде ағымдық жөндеу жұмысы жүргізілді.
Жалпы, өңірлерді өркендету – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше екпін түсіріп отырған міндеттерінің бірі. Сондықтан Тараз қаласын дамыту мақсатындағы ілкімді істер үздіксіз жалғаса береді. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар аз емес, алдағы жоба-жоспарларымыз одан да айқын әрі ауқымды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Табиғат МҰСЫЛМАНҚҰЛ,
«Egemen Qazaqstan»