
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Егер осы жоба жүзеге асса, не болады? Осыған ой жүгіртіп көрелік.
Біріншіден, Марқакөлдегі туристер қалашығы өте жедел дамитын болады. Өйткені көршілес Қанас көліне жылма жыл келетін туристер саны 10-12 млн адам. Соның 1 млн-ы келген жағдайдың өзінде Марқакөлге қаншама демалыс орындарын салуға тура келеді. Бұл көп өтпей-ақ Марқакөлдің турисі мол Алакөлді басып озатындығын білдіреді.
Марқакөл мен Қанас көлінің арасы өте жақын. Егер жол салынып, туристік бекет ашылса, қытай туристерінің ағылатыны анық. Тек қабылдап үлгер. 1 млн турист дегеніміздің өзі әрі-беріден соң бер жақтағы әңгіме болып қалуы мүмкін.
Екіншіден, Марқакөлдегі туристер қалашығы ең бай қалашықтардың біріне айналады. Себебі Қанас көліне келетіндер – ішкі Қытайдан келетін қалталы туристер. Қытайдың экологиялық уланған қалаларынан (оларда қазірдің өзінде тұмылдырықсыз жүру мүмкін емес) келетін туристер Марқаның керемет табиғатын көріп, таза ауасын жұтса, ақшаларын аямайтыны айқын. 1 юань – 80 теңге шамасында. 100-150 мың теңге біз үшін бір айлық зейнетақы болса, оларша мұның құны 1 мың – 1,5 мың теңгемен пара-пар. Осы жағдай Марқакөлдегі қалашықтың қаншалықты табысқа кенелетіндігін білдіреді.
Үшіншіден, осы жағдайлардың екпінімен Марқакөл ауданымен көршілес көркем табиғатты Катонқарағай, Зайсан аудандары да туристерге кенеледі. Марқакөлге келіп, 4-5 күн суға шомылған қытайлар соған малданып, кейін қайта кетіп қалмайтын болар. Өйткені қызықтың бәрі бергі жақта. Қазір Марқакөлден басталып, Катонқарағайға қарай өрлейтін Ескі аустриялық жолдың жөндеу жұмыстары жедел түрде жүргізіліп жатыр. Табиғаты ерекше көркем осы жолмен жүрудің өзі туристерге ұмытылмас әсер сыйламақ. Осы жолмен Катонқарағай аумағына жетіп, ондағы емдеу орындарында марал мүйізінің қанын ішіп, сорпасына түсіп, күш-қайрат жинауға, емдік қасиеті аса мол Катон саумалы мен қымызын, неше түрлі емдік шөптерден жасалған шай мен шырын сусындарын ішуге болады. Адам өз бойына күш-қайрат жинағанын, жаны жақсы тынығып қалғанын бірден сезінеді. Көліктерімен келетін қытайлық туристер мұндай қызық пен тамашадан бас тартпасы анық.
Төртіншіден, Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл, Зайсан, Катонқарағай, Үлкен Нарын, Күршім, Самар, Тарбағатай аудандарында агротуризм жедел дамып, көптеген жылыжай салынып, фермерлік шаруашылықтар ашылады. Агротуризмнің дамитын себебі, енді бұл жақтағы өздерімен өздері шөре-шөре болып отырған фермерлерге азық-түлік түрлерін молынан әзірлеуге ең бірінші кісі қолы, яғни қала халқының көмегі қажет болады. Есесіне қалалықтар көрікті өлкеге барып тегін немесе арзан бағаға демалып, аздап табыс та тауып қайта алады.
Агротуризм дамыған елдерде мұндай тәжірибе әбден қалыптасқан. Себебі қанша өндірсе де жергілікті халықтың қолындағы ет, сүт, көкөніс өнімдері бұрынғыдай жерде қалмайды. Өйткені Қытайдан келетін туристердің бәрін азық-түлікпен қамтуға сол туристердің негізгі ағынын қабылдайтын Марқакөл, Катонқарағай, Зайсан аудандарының шамасы жетпейді. Азық-түлік қымбатшылығы да орын алуы әбден мүмкін. Осы жағдайға да алдын ала дайындықтар қажет болады.
«Марқакөл жағалауында туристік қалашық» салудың арғы жағында бүкіл облыс халқының тіршілігіне әсер етерліктей аса үлкен мән жатыр. Шағын болып басталатын жобаның мультипликативтік әсері ақыр аяғында өте зор болып, санаулы жылдардың ішінде елімізде бұрын-соңды болмаған туристік алыптың қалыптасуына әкелуі әбден мүмкін.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
ардагер журналист