
Жеті мың білім алушы оқуға қабылданды
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те «Жоғары білім енді тек диплом алу емес, ол – дағды мен тәжірибе, технологиямен жұмыс істей алатын бәсекеге қабілетті маман даярлау үдерісі. Сондықтан біз жоғары оқу орындарын нарық сұранысына бейімдеп, сапаны негізгі өлшем ретінде алып отырмыз», деген болатын. Міне, осы шарттар мен талаптарға толықтай сай келіп, сапалы кадрлар даярлауда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті еліміздегі жоғары білім мен ғылым саласының көшбасшысы саналады. Университеттің білім беру бағдарламалары заман талабына сай жаңартылып, студенттерді тек теориялық біліммен ғана емес, сонымен қатар практикалық дағдылар мен ғылыми-зерттеу жұмысында терең тәжірибе жинақтауға бағытталған.
2025 жылғы қабылдау науқаны ерекше нәтижелерімен есте қалды. 5 000-ға жуық талапкер ЕҰУ студенті атанса, олардың 3 216-сы ҰБТ-да 100-ден 139 балл аралығында жинап, мемлекеттік грант иегері болды.
Университет тарапынан «Алтын белгі» иегерлері мен түрлі олимпиада жеңімпаздарымен қатар, ауылдық квота иегерлері, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен мүмкіндігі шектеулі жастарға да ерекше қолдау көрсетіліп, олардың сапалы білім алуына нақты жағдай жасалды. Бұл – университеттің әлеуметтік жауапкершілік ұстанымына берік екенінің дәлелі.
Биыл педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларына, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, сондай-ақ құқықтану, халықаралық қатынастар, журналистика, экономика, сәулет, туризм және басқа да сұранысқа ие мамандықтарға өту балы едәуір өсті. Бұл – университеттің білім сапасына қойылған жоғары талаптар мен академиялық серпілісінің нақты нәтижесі.
Еліміздегі мектептердің үздік түлектерінің біздің университетті таңдауы – шын жүректен мақтан ететін жағдай. Бұл көрсеткішке шекті балдың жоғарылауына қарамастан қол жеткізілуі ерекше мәнге ие. Бұл Еуразия ұлттық университетінің талантты әрі ынталы жастар үшін өз әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін, әлемдік стандарттарға сай білім ордасы екенінің дәлелі. Демек бұл – университетіміздің профессор-оқытушылар құрамы мен сала мамандарының жыл өткен сайын сапалы білім беріп, білікті мамандар даярлауда атқарып жатқан жүйелі еңбегінің нәтижесі.
Жалпы, ЕҰУ-ға биыл 7 000 білім алушы оқуға түсті. Олардың ішінде бакалавриат бойынша – 3 837, магистратурада – 1 709, ал докторантурада 409 адам мемлекеттік грант негізінде білім алады. Ең таңдаулы талапкерлер негізінен математика, халықаралық қатынастар, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, химия және құрылыс сынды білім беру бағыттарын таңдаған.
Халықаралық деңгейдегі университет
Бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұлттық мәртебемен қатар халықаралық деңгейде де жоғары танымалдыққа ие. Университет «QS World University Rankings» рейтингінде 317-орынды иеленіп отыр.
Әлемнің жетекші оқу орындарымен жасалған 400-ден астам әріптестік, халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламалары, шетелдік профессорлар мен Нобель сыйлығының лауреаттары өткізетін дәрістер – осының бәрі ЕҰУ студенттеріне халықаралық стандарттарға сай сапалы білім алуға жол ашады. Джордж Фицджеральд, Мухаммад Юнус, Финн Кидланд, Эрик Маскин сынды Нобель сыйлығы лауреаттарымен кездесулер университеттің ғылыми және мәдени деңгейін одан әрі биіктетті.
Халықаралық ынтымақтастық Еуропа, Азия және Америка құрлығының университеттері, ғылыми орталықтары мен елшіліктерімен орнатылған келісімдер негізінде дамып келеді. Сонымен қатар Ресей, Бельгия, Иран, Түркия, Қытай, Беларусь және Пәкістанда 12 мәдени-білім беру орталығы, ал Өзбекстанда Өзбек-қазақ мәдени-білім беру орталығы жұмыс істейді. 262 білім беру бағдарламасы бойынша жыл сайын шетел азаматтары бакалавриат, магистратура және PhD бағдарламаларына қабылданады. Университет Еуропалық үлгідегі «Diploma Supplement» дипломын ұсынады. Оқыту қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.
Тұтас экожүйе қалыптасқан
Алдағы уақытта ЕҰУ-да жаңа кампус – заманауи оқу корпустары, зертханалар, технопарк, спорт және демалыс аймақтарын біріктіретін жаңа университет қалашығы бой көтермек. Бұл – тек инфрақұрылым емес, болашақ ғалымдар мен көшбасшылар тәрбиеленетін «ақылды қала» тұжырымдамасының бастауы.
Университеттің Ақкөл қаласындағы Деректерді өңдеу орталығы мен «Param Bilim» 2 суперкомпьютерін елдің барлық зерттеушісіне қолжетімді ету бастамасы – ғылым мен технологияға бағытталған ашықтықтың үлгісі. Мемлекет басшысы айтқандай, болашақта дәл осы жерде Қазақстанның ғылым қаласы бой көтеруі әбден мүмкін.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанның ғылыми әлеуетін арттыру, жас ғалымдар мен зерттеушілердің қолдауына ерекше көңіл бөлінетінін үнемі атап өтеді.
Қазіргі уақытта еліміздегі білім саласын жаңғырту жолында маңызды қадамдар жасалып, бүгінгі таңда жаңа бағдарламалар мен ғылымды дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр. Білім жүйесінің инновациялық өзгерістерге жауап бере отырып, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталғанын, жастардың ғылым мен білім саласында өз орындарын табуы үшін барлық мүмкіндіктер жасалып жатқанын ерекше атап өткен абзал.
Болашақ бүгіннен басталады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім мен ғылымға жасап отырған ерекше қамқорлығы – болашаққа бағытталған ең маңызды инвестиция. Осыған орай, жыл сайын гранттар саны мен стипендия көлемі артып, инфрақұрылым жаңартылып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы – білімнің жемісі» екендігін және «қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін еместігін» баса айтып келеді. Экономикалық өсуді ынталандыру және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін ғылымның маңыздылығын мойындау – заман талабы.
ЕҰУ – бұл жай ғана оқу орны емес, бұл – ғылым мен руханияттың тоғысқан мекені. Сондықтан да еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды жастардың дәл осы университетті таңдауы – болашаққа жасалған сенімді әрі берік қадам. Сондықтан да ЕҰУ-дың сапалы білім беру және ғылым саласындағы жетістіктері – Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілетті елге айналу жолындағы маңызды негіздердің бірі.
Осылайша, университеттің білім мен ғылымдағы рөлі тек диплом берумен шектелмей, сапалы, жан-жақты дамыған мамандарды қалыптастыру арқылы еліміздің жарқын болашағын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл – бүгінгі және ертеңгі Қазақстанның ең басты стратегиялық міндеті. Еуразия ұлттық университеті осы міндетті абыроймен атқарып, болашаққа сенімді қадам басып келеді.
Ардақ БЕЙСЕНБАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті басқарма мүшесі-академиялық мәселелер жөніндегі проректор