Құқық • Кеше

Әділетті қоғам құқықтық құзыреттен басталады

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әрбір азамат қоғамда тең мүмкіндіктерге ие болуы қажет. Ал ол үшін алдымен әлеуметтік-құқықтық құзыретімізді түсініп алуымыз керек. Президенттің сайлауалды бағдарламасының негізгі ұғымы да, басты қағидаты да осы - әділет. 2022 жылғы конституциялық реформаның мақсаты – барынша әділет қағидасына жол ашу.

Әділетті қоғам құқықтық құзыреттен басталады

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Құқықтарымызға сүйеніп, бір-бірімізбен теңбіз дегенімізбен, оның нақты көрінісі Конституцияда бекітіледі. Атырауда өткен Ұлттық құрыл­тайда Мемлекет басшысы «әділдік» деген ұғым еліміздің идео­ло­гиялық тұғырнамасының басты тақырыбы, ал «Әділетті Қазақстан» мемлекет бағдарының басты идеологемасы екенін тағы бір айқындап берді. Бұл мәселе биылғы Бурабайдағы Ұлттық құрылтайда да кеңінен ашыла түсті. Әрине, реформаларды жүзеге асыру үшін көп уақыт пен ерік-жігер керек. Дегенмен реформаның нақты жетістіктерін қазір көріп те жүрміз. Нақ­тылай түссек, Президенттің құзыретіне кіретін мәселелер нақты­ланды. Парламенттің рөлі де артып келеді. Аралас сайлау жүйесі енгізіліп, азаматтардың сайлану құқы­ғы жетілдірілді. Ауыл, аудан, қала әкім­дерін сайлау енгізілді. Облыс әкімдерін таңдау баламалық жолмен жүзеге асады. Жерге және оның қойнауындағы байлыққа халықтық меншік рәсімделді. Халықтың елдік мүддеге қатысты шешімдер қабыл­дауға атсалысу мүмкіндігі артты. «Қазақстан халқына» қоры арқы­лы заңсыз иеленген активтер елдің мүддесіне жұмсалып келеді. Кодекс­­­тер мен заңдар жаңаланып, өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Президент Жарлығына сай артық заңнамалық рәсімдеу барынша оңтай­лан­дырылып келеді. Себебі көбіне азаматтар заңды бұзайын дегеннен емес, тиісті нормативтік құжаттардың түсініксіз болуынан қателеседі. Құжат­тардағы нақты рұқсат немесе тыйым салу нақты көрсетілмеген соң, адамдар қалай әрекет етуді білмей шатасады.

Күнделікті кездесетін әлеуметтік саясат пен өмір талқысын біріміз әділетті, екіншіміз әділетсіз деп екі түрлі қабылдаймыз. Әділеттің анық­­тамалары әр заманда әрқилы талқы­ланғанымен, адамдардың өз сұраныстарына деген мүмкіндіктердің тең болуын талап етуі әділдіктің негізгі діңгегі деп алсақ, болады. Әлеуметтік әділдіктің басты көрінісі – қоғам мүшелерінің лайықты өмір сүру құқығының мойындалуы. Әлеуметтік қолдауды кейбіреулер қажет етпеуі мүмкін, алайда мұндай мүмкіндіктер жүйесі қамтамасыз етілуі керек. Ал на­рық­тық қатынастар кезінде меншіктің әралуандылығы әділет қағидаттарына деген көзқарасты күрде­лендіре түседі. Дегенмен әділдік­тің «әділ» болуына тек материалдық әл-ауқатпен емес, адами қасиеттермен бірге қарағанда барынша жақындай түсеміз.

Негізі әлеуметтік әділетке деген сенім өзіміз өмір сүріп жатқан мем­ле­кеттің әлеуметтік жүйесінің пәрменімен өлшенсе керек. Жалпы бюджетіміздің әлеуметтік сипатта болуы – дұрыс бағыт. Бірақ адамдардың барлық талабын мемлекет өз мойнына алуы еліміздің экономикалық құзыретіне кері әсер ететіні анық. Ертеңгі күні өз міндетін мемлекетке артып қою арқылы өз өмірінің бар кемшіліктерін мемлекеттен көріп отыра беретіндер арта береді. Мәселен, масылдық, жалқаулық, дуализм секілді көзқарастардың қоғамға сіңісіп кетпеуіне ешкім кепілдік бере алмайды. Ал оның нәтижесі электоралдық авторитаризмді күшейте түседі. Шама­дан тыс көмек әлеуметтік әділдік қағидасына әсер етпей қоймайды. Шектен тыс көмек бір жағынан жаза деген де түсінік бар. Осы орайда жомарттық пен қайырымдылық арасындағы балансты дұрыс ұстай білу маңызды. Яғни әділдікті әлеу­­меттік-экономикалық, саяси-құқықтық, идеологиялық талап­тарға сәйкес­тігімен бағалау шын­дыққа жақындай түседі.

Әділдік мәселесі – құқықтан басқа этика ғылымымен тығыз байланыс­ты құбылыс. Біз моральге сәйкес келмейтін, бірақ заңды іс-әрекеттермен жиі кездесеміз. Керісінше, заңмен үйлеспесе де адамгершілікпен ше­шілу­ге тиіс мәселелермен де бетпе-бет келіп жатамыз. Кейбір жағдайда заң ресми түрде «құрғақ» болып келсе, ал мораль әрқашан нақты рухани болып келеді. Кейбір заңмен шешілген әрекеттер қоғамда түсінбестік тудырып жатады. Мысалы, күмәнді жолмен тапқан қаржымен қоғамдағы өз мүмкіндіктерін арттыруы. Олардың сол мүмкіндіктері арқылы шетелдің ең мықты оқу орындарында білім алған немесе жұмыс жасаған мамандар мен елімізде оқыған ауыл баласының қызметтік өсуінде айырмашылық туын­дайды. Бірақ сол мүмкіндіктерді пайдалануда ешкімге заңмен шек қойыл­майды.

Адамдардың көбіне реніш пен өкпешілдікке дайын тұруы табиғат заңдылығы болар. Біз әлеуметтік реализмнен гөрі әлеуметтік оптимизмге басымдық береміз. Кеңестік жүйеден сүйекке сіңген осы бір дағды қанағаттан гөрі ренішке сылтау табуға ыңғайлы. Бүгінгі біздің проблемамыздың бірі әлеуметтік әділдікті орнатуда мемлекеттің рөлін нақты түсіне алмай жүргендігіміз болар. Табыс тұрғысындағы теңсіздік – барлық қоғамның ең осал тұсы. Біреудің жоғары табыс табуына екіншілердің төмен еңбекақы алуы – әділетсіздік. Бұл құбылысты адамдардың қабылдауы қиын әрі өзара келіспеушілікті күшейтеді. Ал игілікке қолжетімділіктің әділетсіз реттелуіне қарсы адамдар көбейе берген сайын билік дағдарысы артады. Бірі екіншісін «жалаңаяқ» десе, енді бірін «алаяқтар» дейді. Осылайша, нарық кезінде сословиелік емес, әлеуметтік теңсіздік орнайды.

Нарықтық қатынас базис ретінде мемлекет пен құқыққа әсер етеді. Алайда мемлекет нарықты реттеуге араласпай тұра алмайды. Егер мемлекет демократияға қарсы идеяларды басшылыққа алып, белгілі бір топтар мен олигархияның мүддесін қорғаса, онда олар қоғамның дамуын тежейді. Қазір Мемлекет басшысының ұсынысымен көптеген «қалталы» азаматтар еліміздегі жобаларға белсенді атсалыса бастады. Әлеуметтік әділеттің түпкі мақсаты – қоғамда дұрыс әлеу­меттік тәртіпті қалыптастыру. Әлеуметтік әділетті зерттеуші Томас Массарон: «әділ әлеуметтік тәртіп дегеніміз – барлық адамды шектен тыс ауыртпалық пен шығыннан ада лайықты өмір сүрудің әділ әрі тең мүмкіндіктерімен қамтамасыз ететін тәртіп», деп жазады. Тұтынушы қоғам мен мұқтаж жандарды елеусіз қалдыратын жүгенсіз капитализмге ұрынып қалмағанымыз да жөн. Сол үшін де қазір адамдар арасындағы игіліктердің бөлінуін назарда ұстап, әлеуметтік жіктелудің алшақталуын азайтуға тырысуымыз керек. Мұқтаж адамдарға көмек көрсетілуі, әрине, керек, алайда олардың сол көмекке тәуелді болып қалуынан сақтануымыз керек. Бізге капитализм моралі мен экономикалық әділдік проблемасын түсіну қиын. Әлеуметтік әділдік теңдік тұжырымымен байланысты. Бұл принцип бойынша адамдарды тең бағаламайтын белгілі кез келген әрекеттер немесе тәжірибелер – әділетсіз. Теңдік ұғымы игіліктер көле­мі мен оған қолжетімділіктің бәріне бірдей болуын талап етеді, яғни адам игілікке бәрімен бірдей мүмкін­­дікте болуға тиіс.

Екінші жағынан бұның арты белгілі бір артықшылықтары бар адам­дардың еркіндігін шектеуге мәж­бүр етеді, теңгермешілікке ұры­на­мыз. Еркіндікті құндылық ретінде сақтамасақ, әділдікке қайшы келеміз. Сондықтан еркін адам ретінде жекелеген адамдар өзін-өзі дамыту, өркендеу мәселелерінде өз билігі өзінде болуы керек. Бастапқы игіліктің бірі – адам құқықтарының тең қорғалуы. Ол Ата заңымызда бекітілген. Сонымен қатар оған тең мәндес моральдық құндылықтар да бар. Әділдік, адалдық, әл-ауқат, бейбіт өмір, шынайылық, қайырымдылық сияқты құндылықтар бәрімізге маңызды. Олай болса, әділдікті кейбір басқа моральдық нормалардан ажырата білуге тиіспіз. Мысалы, қайырымдылық пен әділдік – бірдей нәрсе емес. Әділдік көбіне заңды құқығына сай келетін игіліктерге адамдардың қол­жетім­­ділігі арқылы анықталады. Қайырымдылық әділдік талаптарынан жоғары тұрады. Ал бізде көбіне қоғаммен санаса бермейді, енді бірде шектен тыс қамқор болады. Бұл екеуі де сәтсіздікке апаруы мүмкін. Мәселен, рақымшылықты әртүрлі қабылдағандар жеткілікті. Рақымшылық салыстырмалы түрде жоғары құндылық болып саналады. Ғалымдар зерттеуінде рақымшылық қылмыскерге өзінің қоғамға жат адам екенін ұғынудан туған қорқыныш сезімінен айығуға мүмкіндік береді екен. Қоғамның дәстүрлі моральдық сезімдеріне қатысы бар қылмыстарға рақымшылық жасау, қазіргі кездегі мемлекетіміздің бет-бейнесіне оң әсерін тигізері анық. Бұдан шығатыны, заңдардың өлшемі моральдық-физи­­­калық тұрғыдан үйлескенде, заңды мойындаушылық пен орындау­­шылық деңгейіміз де артады.

Ендеше, әлеуметтік-құқықтық құзырет­ті тек моральдық тұрғыдан талап етпей, заңмен реттелетін қарым-қаты­настағы орнымыздан іздегеніміз жөн. Осылайша, заңға мойынсұнып, «заң мен тәртіп» қағидасын өзіміз қалыптастырамыз.

 

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,

Сенат депутаты