
Турнир айналмалы жүйе үлгісінде өтеді. Жарыстың қорытындысында алғашқы екі орынды иеленген командалар «A» тобына өтсе, соңғы орын алған құрама «C» тобына түседі. Сондай-ақ бұл біріншілікте «Милан-2026» XIV қысқы Паралимпиада ойындарына іріктеу турниріне берілетін екі жолдама сарапқа салынады. Іріктеу жарысы 5–10 қараша аралығында Норвегияның Йессхейм қаласында өтеді. Жарыста Паралимпиадаға тікелей жолдама алатын құрамалар анықталады.
«Астанада парахоккейден (B-пул) әлем чемпионатын екінші рет өткізу – бізге үлкен мәртебе. Алғашқы турнир 2023 жылы өтті, ол кезде құрамамыз 4-орынға тұрақтады. Биыл жоғары нәтиже көрсетіп, Паралимпиадаға жолдама алу үшін бар күшімізді саламыз», деді еліміздің парахоккей федерациясының бас хатшысы Қайрат Сабиров.
Парахоккейден әлем чемпионаты Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, «Sport Qory», «Самұрық Қазына» АҚ-ның қолдауымен ұйымдастырылады.