
Кеш иесінің есімі жұртшылыққа ел сүйіп тыңдайтын әндерге жазған өлеңдерімен белгілі. Бүгінге дейін ақын 300-ден аса дәстүрлі, эстрадалық, классикалық шығармалардың мәтіні мен 50-ге жуық әннің сөзін жазған. Бірнеше жыр жинағы жарық көрген. Осы туындылардың бірқатары кеш барысында орындалды. Әсіресе автордың «Әскери керней», «Жұмақ мекен», «Жалғыз сәт», «Райымбек батыр», «Қазақстаным – Отаным менің», «Офицер мырзалар», «Елдің қорғаны», «Абылай хан», тағы басқа да патриоттық әндері тыңдарман рухын көтерді. Бұл концерттің бір ерекшелігі – алғаш рет «Қазақконцерт» әртістері мен Қазақстан Қарулы күштері құрамындағы өнерпаздар бірлесіп өнер көрсетті.
Сондай-ақ концерт «көрігін» Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Құрмаш Махан, Клара Төленбаева, Нұрболат Арзамас, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әлібек Алмадиев, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Айбек Әбдіашимов, Біржан Айтахмет, Айдос Саниязбек, Ибраһим Әмин секілді белгілі әншілер қыздыра түсті. Олар Е.Тілепбердиевтің сөзіне жазылған әндерді нақышына келтіріп шырқады. «Astana Musical» мемлекеттік мюзикл театрының жас өнерпаздары ақын өлеңдерін оқыды. «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Гүлдер» және «Бірлік» ансамбльдері, «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы әртістерінің өнері де көпшілік көңілінен шықты.
Сонымен қатар кешке Қорғаныс министрлігі Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы, Ұлттық ұланның ән-би ансамблінің солистері, «Ерлер» хоры және әскери оркестрі, Мемлекеттік күзет қызметі оркестрі, ҰҚК Шекарашылар қызметі ән-би ансамблінің және Ұлттық дельфий ойындарының жеңімпаздары қатысты.
Азат ЕСЕН
