Саясат • Бүгін, 09:03

Бірлескен жобалар жайы талқыланды

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдағы ресми сапары аясында Бейжің қаласында іскерлік топ өкілдерімен кездесу өткізді.

Бірлескен жобалар жайы талқыланды

Сурет: 365info.kz

Алдымен Президент «China National Petroleum Coprporation (СNPC)» директорлар кеңесі­нің төрағасы Дай Хоулянды қабылдады.

Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «CNPC» компаниясы Қазақстанның мұнай-газ сала­сындағы бұрыннан келе жатқан стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы осы жылдар аралығында компаниямен жоғары деңгейде ынтымақтастық орнағанына назар аударып, еліміздің энергетика секторы үшін мәні зор ауқымды жобаны бір­ге атқаруға мүдделі екенін жеткізді.

Әңгімелесу кезінде көмір­сутегін өндіру және өңдеу бағы­тындағы стратегиялық бас­тамаларды жүзеге асыру мә­се­лесіне ден қойылды. Пре­зи­дент жылдық қуаты 12 млн тон­наға дейін жететін Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаң­ғырту өзекті екенін айт­ты. Сондай-ақ газ химиясы өн­дірісін дамыту перспектива­сына тоқталды. Бұдан бөлек, Ақтөбе облысындағы карбамид зауытының құрылы­сы жөнінде пікір алмасты. Аталған кәсіпорын еліміздегі агроөнеркәсіп кешенінің өркендеуіне тың серпін береді.

Президент Азия инфрақұрылымдық инвестиция­лар банкінің президенті Цзинь Лицюнмен кездесті.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Цзинь Лицюн Қазақстан мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ) арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективасы жөнінде пікір алмасты.

Қазақстан Президенті АИИБ басшысымен 2023 жылдың мамыр айында Сиань қаласында кездескенін, содан бері өзара қарым-қатынас, әсіресе көлік, энергетика және денсаулық сақтау секілді басты салаларда тың серпін алғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан банк қызметін кеңейтуге, атап айтқанда, «жасыл» және зияткерлік технологияларды дамыту жобаларын ілгерілетуге арналған аймақтық алаңға айналуға дайын. Бүгінде Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі еліміздегі стратегиялық мәнге ие жобалардың бір­қатарына 2 млрд доллардан астам көлемде қаржы құй­ды. Соның ішінде Жамбыл облысындағы ірі жел электр стансасы, Жезқазған – Қарағанды автокөлік жолы, Көк­­ше­тау қаласындағы көпсалалы аурухана құрылысы бар.

*  *  *

Қасым-Жомарт Тоқаев «Huawei Technologies Co. LTD» директорлар кеңесінің төрағасы Хуа Лянді қабылдады.

Кездесу барысында озық технологиялар мен цифрлық шешімдер саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық перспективасы қарастырылды.

Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Huawei» компаниясы арасында Ин­новациялық телекоммуникация технологияларын енгізу және сервер инфрақұрылымын жаңғыр­ту тура­лы стратегиялық келісімге қол қойылуын құптады. Аталған уағдаластық аясында цифрлық транс­фор­мация мен орнықты дамуға қатысты бір­лескен жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, компанияның еліміздегі білім беру бастамаларына айрықша назар аударылды. «Huawei» ақпараттық технология, жасанды интеллект және үлкен дерекқорды талдау салаларында отандық білікті кадрлар даярлау ісіне үлес қосуға ниетті.

«Huawei» – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен смарт-құрылғылар шығаратын әлем­дегі ірі компаниялардың бірі. Халықаралық кор­порация 170 елде және аймақта 3 миллиардтан астам пайдаланушыға қызмет көрсетеді.

*  *  *

Мемлекет басшысы «Sany Group Co. Ltd.» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Сян Вэньбоны қабылдады.

Әңгімелесу барысында «жасыл» энергетика, машина жасау салаларында бірлескен жобаларды іске асыру, сондай-ақ ғылыми зерттеу жұмыстары және инновациялық технологиялар бойынша серіктестік орнату мәселелері талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Sany Group» корпорация­сының Қазақстан нарығындағы қызметін жандан­дыруға ұмтылысын жоғары бағалады. Корпорация елімізде арнайы техникалардың озық өндірісін жолға қоюға ниетті.

Президент Жамбыл облысында жел генераторларына арналған қосалқы бөлшектер шығаратын зауыттың іске қосылуын ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жолындағы маңызды қадам деп атады.

Сян Вэньбо қытайлық корпорацияның Қазақ­стандағы жұмыс жоспарын таныстырды. Атап айтқанда, «Sany Group» компаниясы қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр стансасын салып жатыр.

*  *  *

Мемлекет басшысы Бейжіңде «China Energy Engineering Group «компаниясының бас директоры Ни Чжэнмен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ни Чжэн ынтымақ­тастықтың негізгі бағыттары мен бірлескен жобаларды дамытудың жай-жапсарын талқылады.

Әңгімелесу барысында электр желілері инфрақұрылымын жаңғырту мен кеңейтуге, дата-орталық салуға, сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдеу арқылы электр қуатын өндіру жобасын жүзеге асыруға қатысты мәселелерге назар аударылды.

«Energy China» компаниясы Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігін жалғайтын тұрақты электр желі­лерінің құрылысын жүргізуге ниет танытып отыр. Сондай-ақ жаңартылатын энергетика жобаларын іске асыру мүмкіндігін қарастырады.

Fortune Global 500 рейтингіне кіретін халықаралық ірі компания жел, күн және жылу қуатын өндіру, ядролық энергетика, су үнемдеу мен гидроэнергетика салаларында жұмыс істейді.

*  *  *

Президент Қытай ұлттық ядролық өнеркәсіп корпорациясының (CNNC) бас директоры Шэнь Яньфэнді қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шэнь Яньфэнді Қытай атом өнеркәсібіне 70 жыл толуымен құттықтап, бұл мерейлі меже аталған саладағы диалогті одан әрі нығайтуға жол ашатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы Төраға Си Цзиньпин­мен жүргізген келіссөз барысында атом индус­т­риясындағы ынтымақтастыққа айрықша мән беріліп, маңызды уағдаластықтарға қол жеткізіл­генін айтты.

Президент тәжірибесі мол әрі технологиясы озық «CNNC» компаниясымен бірлескен жобалар, соның ішінде еліміздегі екінші атом электр стансасының құрылысы табысты жүзеге асырылатынына сенім білдірді.

*  *  *

Мемлекет басшысы «CRRC» директорлар кеңесінің төрағасы Сунь Юнцайды қабылдады.

Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев теміржол машиналарын жасауға маманданған әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі саналатын «CRRC» компаниясымен ұзақ жыл бойы жалғасып келе жатқан серіктестікті жоғары бағалады.

Президент 2023 жылдың қазан айында Қытайға жасаған сапарынан кейін «CRRC» компаниясымен ықпалдастық жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына 100 магистральді және 100 маневрлі тепловоз жеткізу жөнінде мәміле жасалды. Алдағы уақытта ҚТЖ қосымша 270 гибридті маневрлі тепловоз сатып алуды жоспарлап отыр. Мемлекет басшысы серіктестіктің келесі кезеңіне өту маңызды екеніне назар аударды. Яғни тепловоз жеткізумен қатар елімізде локомотив өндірісін локализациялау және сервистік орталықтар ашу қажет. Президенттің пікірінше, бұл отандық машина жасау саласын дамытады. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құрып, теміржол инфрақұрылымына жедел техникалық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

«CRRC» компаниясы жылына 2 мыңнан аса локомотив, 3 мың жолаушы және 50 мың жүк вагонын, сондай-ақ 11 мың қоғамдық көлік құрастырып шығарады. Кәсіпорын өнімі 100-ден аса елге экспортталады.