Энергетика • Бүгін, 08:48

ERG «Хромтау» жел электр стансасын іске қосты

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Хромтау ауданының Қызылсу ауылдық округінде еліміздегі ең ірі «жасыл» энергетика жобаларының бірі – қуаты 150 мегаватт болатын «Хромтау» жел электр стансасының (ЖЭС) қосылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, ERG Директорлар кеңесінің төрағасы, бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов, Қазақстанның Даму банкі өкілдері, ҚХР Бас консулдығының Ақтөбедегі өкілі қатысты.

ERG «Хромтау» жел электр стансасын іске қосты

ЖЭС «Қазхром» ТҰК» АҚ құрамындағы Дөң кен байыту комбинатының маңында салынды. 155 гектар аумақта орналасқан жел электр стансасында алдағы уақытта жылына 500 миллион КВ/сағ-тан астам электр қуаты өндірілмекші. Бұл 440 мың тоннаға дейін көмірқышқыл газы шығарындыларын азайтып, 300 мың тоннадан астам көмірді үнемдеуге мүмкіндік береді. Айта кету керек, 2024 жылдың желтоқсанында Хромтау ЖЭС-нің алғашқы екі қондырғысы электр қуатын өндіре бастаса, 2025 жылдың 1 қаңтарында алғашқы миллион КВ/сағ берді. Бүгінде барлық турбиналар қондырылып бітті. Стратегиялық жобаға «Eurasian Resources Group» (ERG) 74 млрд теңгеден астам инвестиция құйып, Қазақстанның Даму банкі қаржылай қолдады. Жел генераторларында өндірілген электр қуаты Дөң кен байыту комбинатының қарқынды түрде өсіп келе жатқан қажетілігін де өтейтін болады.

«Хромтау» жел электр стансасының іске қосылуы Конституция күні және Шахтер күнімен тұспа-тұс келген айтулы оқиға екендігін атап өтті Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров. «Өндірісі қарқынды дамып келе жатқан, тұрғындарының өсімі де жоғары Хромтау ауданының әлеуметтік-экономикалық да­­­муын­­­­да «Eurasian Resources Group» (ERG) компаниясының үлесі зор. Бүгін де баламалы энергетиканы дамыту бойынша еліміздегі ең ірі жобаның іске асырылғанына куә болып отырмыз. «Қазхром» ТҰК» АҚ – 30 жылдан бері әлеуметтік жауапкершілікті мойнына ал­ған компания. Бірнеше әлеу­­меттік нысандар тұрғызды, басқа да мәселелерді шешіп ке­­леді. Былтыр күзде дәл осы жерде бірнеше қондырғы орната бастағанына куә болғанбыз. Қысқа мерзімде Қытай компаниясы әрқайсысы 6 МВт болатын электр қуатын өндіретін қондырғыларды орнатып үлгерді.

«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Президент Жолдауына сәйкес, Ақтөбе облысында инвестициялар мен инновацияға, заманауи өндірісті дамытуға басымдық беріліп келеді. Өңірде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі жыл басынан бері 590,1 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 52,7 %-ға өсті. Бұл көрсеткіштер Ақтөбе облысының жоғары инвестициялық әлеуетін және бизнес тарапынан сенімнің артып келе жатқанын көрсетеді. Ал «Хромтау» жел электр стансасында 25 жаңа жұмыс орны ашылады», деді өңір басшысы.

«Бүгін Ақтөбе облысында ERG-ның алғашқы жел энергетикасы жобасын іске қосу салтанатына куә болып отырмыз. Бұл – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес орындалған еліміздегі жаңартылатын қуат көздерінің үлесін арттыруды көздейтін мегажоба. Біздің компания 150 МВт электр қуатын өндіретін жобаны Ақтөбе облысында ең бірінші болып іске асырды. Осы «Хромтау» жел электр стансасына 74 млрд теңге қаржы жұмсадық.

2023 жылы Топ декарбондау стратегиясын қабылдап, оны Дубайда өткен дүниежүзілік климат саммитінде таныстырдық. Сол уақыттан бері стратегия­ны қолдап қана қоймай, қар­жыландыруды бастап, қысқа мерзімде іске асырдық. Алдағы уақытта «жасыл» энергетика жобаларын елімізде басқа салаларда да дамыта береміз. Біз әлемде жоғары сапасымен танылған хром кені өнімдерін экологиялық тұрғыдан таза өндіре отырып, бұрынғыдан да бәсекеге қабі­­леттірек етуге тырысамыз. Осы­лайша, ERG металлургияны болашақтың ажырамас бөлігіне айналдырады. Осы жерде жобамызды қаржылай қолдаған Даму банкі басшылығына, қон­­дырғыларды қысқа мерзімде орнатқан технологиялық әріп­тесіміз «PowerChina» компаниясына ерекше алғысымды білдіремін», деп атап көрсетті ERG Директорлар кеңесінің төрағасы, бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов.

ERG 2023 жылы қолға алған декарбондау стратегиясына сәйкес, 300 млн АҚШ долларын құрайтын инвестицияны жүзеге асырмақшы. Мәселен, Темір кені дивизионында Қашар жылу орталығы газға ауыстырылса, аллюминий дивизионында буды тұтынуды азайту бағдарламасы енгізіледі, жаңа кальцинация пештері мен қарашірінді өнді­­­рісін жетілдіру жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ Ақтөбе фер­роқорытпа зауытында қай­талама қуат көздерін электр тоғы­­­на ай­нал­­дыратын станса салы­­нып жатыр.

«Қазақстанның Даму банкі еліміздегі жаңартылатын энергетика саласындағы жобаларды қаржыландыруға басымдық береді. Біз осылайша елдің декарбондау мақсаттарына және энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосатын жаңа генерация көздерінің құрылысын қолдаймыз. «Хромтау» ЖЭС – даму институт­тары мен бизнестің бірігіп, еліміз «жасыл» экономикасының негізін қалайтын ауқымды жобаларды жүзеге асыра баста­ғанының дәлелі», деп атап өтті Қазақстанның Даму банкі бас­қарма төрағасының орынбасары. Шараға қатысқан ҚХР Бас консулдығының Ақтөбедегі өкілі құрылыстың қысқа мерзімде өте сәтті орындалғанын атап өтті.

Салтанатты рәсімнен соң өңір басшысы Асхат Шахаров пен ERG Директорлар кеңесінің төрағасы, бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов Хромтау қаласында өткен Шахтер күні мерекесіне қатысып, тау-кен саласында еңбек ететін өндіріс озаттарын марапаттады.

 

Ақтөбе облысы