
Қазақтың қабырғалы қаламгерінің «Жарық дүние» атты шығармасы атауымен жарияланған бәйгеге Астана, Шығыс Қазақстан, Атырау, Ұлытау, Алматы, Павлодар, Ақтөбе және басқа да аймақтардан жиырмадан аса жас жазушы қатысты.
«Байқауға түскен туындылар бірі-бірінен өтеді. Ә деп оқығанда-ақ иіріп әкетеді. Кейбіреуінде Қалиханның, Қабдештің стилі бар. Проза қиын жанр. Соның өзінде осыншама шығарма түскеніне шын қуанып отырмын. Жеңіске жеткен жазушыларға құтты болсын айтамын», деді әділ қазылар төрағасы, жазушы Әлібек Қаңтарбай.
Сонымен, жеңіс тұғырынан көрінгендер сахна төріне шақырылды. Ынталандыру сыйлығына үш қаламгер ие болып, ақшалай сыйлықпен марапатталды. Жүлделі III-орынмен Ұлытау облысынан «Күшәла» атты әңгімесі үшін Абай Ораз марапатталды. II-орын катонқарағайлық Гүлфайра Қайролдинаның қанжығасына байланды. Ал I-орын Алматының атынан шыққан Мағаз Ретбекке бұйырды. Бас жүлдеге Мұқағалидің туған жерінен жеткен Мұрасыл Серікжан лайық деп табылды.
Айта кетейік, байқаудың жоғары деңгейде өтуіне қала әкімдігі қолдау көрсетті.