Қоғам • Бүгін, 08:50

Халықаралық сайыс жүлдегерлері марапатталды

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында боччадан «Astana 2025 World Boccia Challenger» халықаралық жарысы аяқталды. Жүлдегерлерді салтанатты марапаттау рәсіміне Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев қатысты.

Халықаралық сайыс жүлдегерлері марапатталды

Сенат төрағасы халықаралық жарыстың жоғары деңгейде өткенін айта келіп, бұл спортшылардың шеберлігінің және жеңіске деген ерік-жігерінің нәтижесі екенін атап өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау және инклюзивті орта құру мәселесіне әрдайым баса мән беріп келеді. Елімізде «Astana World Boccia Challenger» сияқты ірі сайыстың алғаш рет өткізілуі осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстың нақты нәтижесі екені анық. Бұл жарыс біздің параатлеттер үшін белгілі бір деңгейде сынақ болды. Соған қарамастан ұлттық құрамамыз лайықты деңгейде өнер көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғап шықты. Осы орайда Итиана Шыңғысханова, Балжан Бөлек­паева, Эльмира Мусралиева, Ерхат Алмат және Азамат Аязбаев сияқты спортшылардың есімдерін ерекше атап өткен жөн. Халықаралық жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін шын жүректен құттықтаймын. Біздің спортшылар алдағы Паралимпиада, Параазиада ойындарында, басқа да ірі додаларда да топ жарады деп сенемін. Осы мақсатқа жету үшін бәріміз бірлесіп, нәтижелі жұмыс істей береміз», деп М.Әшімбаев жүлдегерлерді марапаттады.

Сондай-ақ Федерация прези­денті «Astana 2025 World Boccia Challenger» турнирін жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан барша белсенді азаматқа, параспорт­шы­ларға, олардың ата-аналарына, жат­тықтырушылар мен төреші­лерге және еріктілерге алғыс білдірді.

Жарыс қорытындысы бо­йынша Қазақстан құрамасы жекелей сында екі алтын, екі күміс және бір қола медальмен жалпы есепте үздік үштікті түйіндеді. Атап айтқанда, BC2 санатында Итиана Шыңғысханова жеңіске жетсе, ВС1 санатында Балжан Бөлекпаеваға тең келер қарсылас болмады. Ал Азамат Аязбаев (ВС4 санаты) пен Ерхат Алмат (ВС1 санаты) қоржынға күміс жүлде салса, Эльмира Мусралиева (ВС4 санаты) қола медальды еншіледі.

Командалық сайыста Корея және Иран елінен келген параспортшылар тиісінше бірінші және екінші орындарға табан тіреді.

Жұптық бәсекеде ВС4 санатында отандастарымыз Азамат Аязбаев пен Эльмира Мусралиева (Алматы қаласы) топ жарса, Иран елінің өкілдері екінші орыннан көрінді. ВС3 санатында Корея спортшылары үздік шықты. Екінші және үшінші орындар тиісінше Италия және Үндістан спортшыларына бұйырды.

Халықаралық бочча федера­циясының (BISFed) қолдауымен ұйымдастырылған аталған сайыс елімізде алғаш рет өткізі­ліп отыр. Турнир барысында пара­спорт­шыларға 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына қатысу үшін берілетін рейтингтік ұпайлар сарапқа салынды.