
– Еркін Әнуарұлы, үш жыл бұрынғы республикалық референдумның Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызы қандай болды?
– Бұл өзгерістерді тәуелсіз еліміз тарихындағы маңызды да тағылымды белес деп айтуға толықтай негіз бар. Конституциялық жаңартулар адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығын, азаматтық қоғамның демократиялық құндылықтарын айқын нығайтып, «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асырудың берік құқықтық іргетасын қалады. Реформа аясында Ата заңның 33 бабына 56 түзету енгізілді. Бұл – барлық баптың үштен бір бөлігі. Қазіргі таңда оның жалпы саны 99 бапты құрайды.
Конституцияға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде еліміз «суперпрезиденттік басқару формасынан ықпалды Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға» қадам жасады. Президент өз өкілеттігі кезеңінде ешбір саяси партияға мүше болмауға тиіс. Сондай-ақ саяси партияға мүшелік құқығынан айырылғандар қатарында Конституциялық соттың, Жоғарғы соттың және өзге де соттардың төрағалары мен судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Республикалық Жоғары аудиторлық палатаның төрағалары мен мүшелері, әскери қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар. Бұған қоса Конституцияның 43-бабының 4-тармағына сәйкес, Президенттің жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметшілер және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын иелене алмайды.
Суперпрезиденттік басқарудан президенттік басқару үлгісіне көшу аясында Президенттің облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерінің шешімдерін жою құқығы алынып тасталды. Бұдан былай Президент аталған өңірлер мен қалалардың әкімдерін тағайындау кезінде олардың кандидатураларын жергілікті мәслихат депутаттарымен келіседі. Мемлекет басшысы кемінде екі кандидатура ұсынады, ал мәслихат депутаттары дауыс беру арқылы шешім қабылдайды.
– Парламент палаталарының қызметіне де енгізілген өзгерістерге тоқтала кетсеңіз.
– Конституцияға сәйкес, Мәжіліс 98 депутаттан тұрады (бұған дейін 107 болған). Олар аралас сайлау жүйесі арқылы сайланады: біртұтас ұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды өкілдік жүйесімен және бірмандатты аумақтық сайлау округтері арқылы.
Парламент палаталардың бірлескен отырысында конституциялық заңдарды қабылдау құқығына ие. Сол тәртіппен ол Президенттің қарсылығын тудырған конституциялық заңдар немесе олардың жекелеген баптары бойынша да талқылау өткізіп, дауыс береді. Бұл талқылау Президенттің қарсылықтары жіберілген күннен бастап бір ай ішінде жүргізілуге тиіс. Егер белгіленген мерзім сақталмаса, Президенттің қарсылықтары қабылданған болып саналады. Парламент әр палата депутаттарының жалпы санының төрттен үшінің даусымен Президенттің қарсылығын еңсерсе, Мемлекет басшысы конституциялық заңға бір ай ішінде қол қояды. Ал егер қарсылық еңсерілмесе, заң қабылданбайды немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданады.
Мәжіліс жылына екі рет Республикалық Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебін тыңдайды. Сонымен қатар ол кез келген заң жобасын депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен қабылдамай қоюға құқылы. Мұндай жағдайда жоба қабылданбаған болып саналып, оны ұсынған тарапқа қайтарылады.
Сенат заң жобаларын өзі қабылдамайды, тек Мәжіліс мақұлдаған құжаттарды депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен бекітеді.
– Реформа аясындағы ерекше атап өтер өзгерістің бірі – Конституциялық соттың құрылуы. Мемлекет басшысы: «Әділетті Қазақстанның айнасы» деп баға берген бұл жаңа органның жұмысы әрі оның маңызы туралы не айтасыз?
– Ел аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін жаңа Конституциялық сот 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істеп келеді. Бұрынғы Конституциялық кеңестен басты ерекшелігі – оған жүгіну құқығы бар субъектілер шеңберінің кеңеюі. Енді Конституциялық сотқа азаматтар, Президент, Парламент палаталарының төрағалары, депутаттардың кемінде бестен бірі, Премьер-министр, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Бас прокурор, сондай-ақ соттар тікелей өтініш жасай алады.
Бұған дейін азаматтардың Конституциялық бақылау органына тікелей жүгіну құқығы болмаған еді. Конституциялық сотқа тікелей өтініш беру мүмкіндігі – азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы құқықтық тетіктерді дамытудың маңызды кезеңі.
Бүгінде Конституциялық сот ұлттық конституциялық іс жүргізу үлгісін жетілдіріп жатыр. Оның басты қағидаттары – Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету, өтініштерде көтерілген мәселелерді жан-жақты әрі сапалы қарау. Мұндай тәсіл белгілі бір норманың мазмұны мен мақсатын тереңірек түсінуге, оның өзге құқықтық нормалармен байланысы мен қайшылықтарын айқындауға, құқық қолдану тәжірибесіндегі әлеуетін бағалауға, сондай-ақ конституциялық нормалар және қағидаттармен арақатынасын нақтылауға мүмкіндік береді.
Осы орайда нақты сандарға жүгінек, 2023 жылдан биылғы 1 тамызға дейін Конституциялық сотқа 11 мыңнан аса өтініш түсті. Олардың 99,8 пайызы немесе 11 580-і – азаматтардан. Сонымен қатар мемлекеттік билік субъектілерінен 14 өтініш, Республикалық адвокаттар алқасынан 1 өтінішхат түсті. Өз жұмысын бастағалы бері Конституциялық сот 74 нормативтік қаулы қабылдады. Оның ішінде 65-і азаматтардың өтініштері бойынша, ал 8-і мемлекеттік билік субъектілерінің өтініштері негізінде қаралды.
– Конституциялық соттың нормативтік қаулыларында бекітілген құқықтық ұстанымдар ішінен азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты қабылданған бірқатар шешімге тоқталып өтсеңіз.
– Атап айтар шешімнің бірі – 2023 жылы Қылмыстық кодекстің 197-бабын Конституцияға сәйкестігі тұрғысынан қарау. Бұл бапта мұнай немесе мұнай өнімдерінің заңды шығу тегін растайтын нақты қандай құжат есептелетіні айқын көрсетілмеген. Мұндай құқықтық олқылық құқық қолданушылар тарапынан бапты кеңінен түсіндіруге жол ашып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына алып келуі мүмкін. Сонымен қатар қоғамдық қауіпті әрекеттің нақты нысанын дұрыс айқындау үлкен практикалық мәнге ие. Ол құқыққа қайшы іс-әрекеттерді қылмыстық жауаптылыққа жатпайтын заңды әрекеттерден ажыратуға, жасалған іс-әрекетті дұрыс саралауға мүмкіндік береді.
197-баптың диспозициясынан меншік құқығын қылмыстық-құқықтық қорғау тікелей көзделмегені байқалады. Бұл бап бойынша жасалған әрекеттер кей жағдайда мұнай немесе мұнай өнімдерінің меншік иесіне немесе иеленушісіне зиян келтірмеуі мүмкін. Сондай-ақ ҚК-нің 197-бабының бірінші және екінші бөліктері қылмыстық теріс қылық белгілерін қамтиды. Дегенмен заң шығарушы мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылықтың ең төменгі шегін нақты белгілемеген. Соның салдарынан мұнай немесе мұнай өнімдерінің аз ғана көлеміне қатысты да қылмыстық жауаптылық көзделуі ықтимал.
Бүгінде Конституциялық соттың аталған нормативтік қаулысының заңнамалық тұрғыда іске асырылуының нақты нәтижелерін байқауға болады. Біріншіден, өткен жылғы 6 сәуірдегі «Кәсіпкерлік қызметті жүргізу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң негізінде 2011 жылғы 20 шілдедегі «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіру мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңына түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, 18 және 19-баптарда мұнай мен мұнай өнімдерінің заңды шығу тегін растайтын құжаттардың нақты тізбесі белгіленді.
Екіншіден, құқықтық айқындықты қамтамасыз ету мақсатында Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілді. Биылғы 16 шілдедегі «Қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңмен ҚК-тің 197-бабына қатысты қылмыстық жауаптылық шегі нақтыланып, айлық есептік көрсеткіштің 200 еселенген мөлшері деп белгіленді.
– Конституциялық сот Қылмыстық кодекстегі сотталғандардың шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу құқығын шектеуге қатысты норманы да қараған еді. Оның нәтижесі қандай?
– Қылмыстық кодекстің 72-бабының бұрынғы редакциясында шартты түрде мерзімінен бұрын босату (ШМБ) өлім жазасы тағайындалып, кейін рақымшылық жасау тәртібімен немесе өлім жазасын жою туралы заңға байланысты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылған сотталғандарға қолданылмайтын. Конституциялық сот аталған санаттағы адамдарға ШМБ қолдануға шектеу қою бүгінгі құқық қолдану тәжірибесінде жоқ жаза түрімен байланысты екенін атап өтті. Конституцияның 15-бабында өлім жазасын қолдануға тыйым салынған, ал қылмыстық және қылмыстық-атқару заңнамасынан оған қатысты нормалар алынып тасталған. Сондықтан Қылмыстық кодекстегі бұл шектеудің сақталуы Конституцияға сәйкес келмейді.
Осыған байланысты Конституциялық сот ҚК-нің 72-бабы сегізінші бөлігінің 1) тармағын Конституцияға қайшы деп танып, Үкіметке өз қорытынды шешімінде баяндалған құқықтық ұстанымдарға сәйкес ҚК-ге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын Мәжіліске енгізуді ұсынды. Сонымен қатар сот ШМБ мәселесін қарау сотталғанды автоматты түрде босату дегенді білдірмейтінін баса айтты. Бұл тек сот сотталғанның түзелгенін мойындаған жағдайда, қылмыстық жазалаудың мақсаттарына қол жеткізілгенде және заңда белгіленген нақты шарттар орындалғанда ғана мүмкін болады.
Жоғарыда келтірілген мысалдар Конституциялық соттың нормативтік қаулыларының практикалық қолданысын, олардың Парламент пен Үкіметтің заң шығармашылық қызметіне, соттардың, прокуратура мен құқық қорғау органдарының жұмыс сапасын арттыруға оң ықпал етіп жатқанын айқын дәлелдейді. Осылайша, Конституцияның үстемдігі «Заң және тәртіп» қағидатын іске асырудың негізгі өзегі болып отыр деп айта аламыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»