Талбесік • Бүгін, 08:23

Меркі – жердің көркі

40 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Асқақ Алатаудың саф ауасы биікке көтерілген сайын жан сарайыңды ашады. Жасыл кілемдей жайқал­ған байтақтың көз жауын алатын пейзаж жаныңа ғажап күй сыйлайтыны анық.

Меркі – жердің көркі

Суреттерді түсірген – Алтынбек Қартабай

Ал тау ішінде желе жортқан төрт түлік төресі жылқы – Ұлы даланың сәні. Таудағы әрбір көрініске көз суарып тұрып, Меркіні жердің көркі демеске амалың қалмас. Өйткені мұндағы табиғат кереметі тамсандырмай қоймайды.

Меркінің кереметі – әудем жердегі биік жартастар мен өркеш-өркеш жоталар ғана емес. Беймәлім тілде ән салып тұрғандай әсерге бөлейтін сыңғырлаған бұлақтар да жанға рақат сыйлайтыны даусыз. Ал мұндағы балғын ауа өн бойыңды балқытады. Құмарлана жұтқан сайын құдды бір мейірің қанғандай күй кешесің.

Мұнда алғаш рет ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесіне ие «Меркі» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің құрылуы – заңдылық. Өйткені Меркі төрінде «Қызыл кітапқа» енген жануарлар жортып жүр. Тау ішіндегі тамаша туралы талай естігенбіз. Жергілікті жұрт та мұндағы қар барысы туралы тамсана айтатын.

Шамамен бес-алты жыл бұрын бол­са керек, «Меркі ормандар және жануар­лар дүниесін қорғау» мекемесінің қыз­меткерлері Қырғыз Алатауындағы жер­гілікті маңызы бар «Меркі» қаума­лының кіреберісіне орнатылған фототұзаққа алғаш рет қар барысы түсіп қалғанын қуана хабарлаған еді. Осы хабар талай адамды селт еткізгені есімізде. Шынтуайтында, бұл сәйкестік емес, одан кейін де ерекше қорғауды қажет ететін жануар фото­тұзаққа әлденеше мәрте ілінген болатын. Осы деректерге зер салып отырып-ақ мерейлі Меркі жеріне Тәңір тарту еткен байлық аз емес екенін пайымдауға болатындай. Тек табиғи байлықты көздің қарашығындай қорғау керек.

Бұдан бөлек, 2020 жылдың өзінде 23 бас арқар фототұзаққа ілінген еді. Ал кейінгі бес жыл бедерінде тау ішінде жортқан аң қарасы едәуір артқанына ешкімнің таласы жоқ шығар. Жалпы, өңірде қар барысының пайда болуы – орман қоры жерлерінің ойдағыдай сақталғанының көрінісі.

меркі

Расында, байтақ даланың байлығын сақтау, қорғау – баршамыздың адами парызымыз. Содан да болса керек, мамандар әлденеше жыл бұрын Меркі өңірінде ерекше қорғалатын табиғи аймақ құру қажеттігін айтып мәселе де көтерді. Мұндай парк құрылса, аталған аумақта аңшылықпен айналысуға, жеке шаруашылық жұмысын жүргізуге тыйым салынатыны белгілі ғой. Оған қатысты БҰҰ-ның арнайы бағдарламасы да бар. Сол арқылы табиғат тамашасын сақтауға мүмкіндік туары анық. Әйтпесе, жылдар бойы заңсыз аң аулауға бет бұрғандарға қатысты хаттамалар толтырылып келген еді. Енді, міне, сол олқылықтың орны толған секілді.

Жалпы, Меркі жері экологиялық туризмді дамытуға сұранып-ақ тұр. Тау ішіндегі жыландай ирелеңдеген жолды жарып өткен сайын тарихтан тамыр тартқан тамаша жерлер жолай ұшыраса береді. Мұндағы тарихи жерлердің де өзіне тән түрлі атауы бар...

Ел Бүркітсай атап кеткен жерде де тіршілік қызып тұр. Ал Бүркітұя­ның өзіне тән тарихы тағы бар. Ел аузын­дағы деректерге жүгінсек, тау ішін­дегі жартастар қанат қаққан қыран құстар­дың аялдайтын сүйікті мекеніне айналып үлгерген көрінеді. Олар осы биік жар­тастарға ұя салған соң, жергілікті жұрт осы маңды Бүркітұя атап кеткен. Осындағы шатқалдарға меркі­ліктер «Ледник» деп ат қойып, айдар тақ­қан. Бауырын жыл он екі ай сірескен ақ кі­реуке басып жататын өлкені «мәңгі мұз­дықтар мекені» деп айтатындар да жеткілікті.

Ұзақ жылдар бойы айтылған мәсе­ле оңынан шешіліп, өңірде «Меркі» мем­лекеттік өңірлік табиғи паркі құрылды. Осылайша, меркіліктердің жылдар бойы тілге тиек еткен өзекті мәселесі шеші­мін тапты деуге толық негіз бар. Ерекше қорғалатын табиғи аймақ мәртебесіне ие парк аумағын­да атқа­рылатын жұмыс ауқымы аз емес. Өйткені бұл жоба БҰҰ-ның Даму бағдарламасының аясында іске асы­рылып отыр. Сондықтан да жауап­кершілік жүгі ауыр. Расында да, көркі­мен көзді арбаған Меркі жерінде айрық­ша қорғауға алатын жерлер жетіп-арты­лады. Енді жергілікті атқарушы би­лік өкілдері мұндағы бай табиғи мұраны көздің қарашығындай сақтауға басымдық бермек. Табиғи парктің жалпы аумағы 86632 гектарды құрайды. Ұлан-ғайыр жерді алып жатқан аумақта ерекше өсімдіктер мен сирек кездесетін жануарларды қорғау жұмысы қарқын алатын күн алыс емес. Осылайша, облыс және аудан билігі Меркі тауындағы табиғи байлықты айрықша қорғауға алуға ниетті.

Шынтуайтында, Меркі десе, Қарақыс­тақ үстіртіндегі Көккөл туралы сөз қозға­мау мүмкін емес. Ел арасында Әулиекөл атанып кеткен табиғат тамашасы туралы көп­теген мақала жазылса да, мұндағы ке­­ре­метті сөзбен жеткізу мүмкін емес шығар.

Қалай десек те, қасиетті жердің қой­нау­ға бүккен құпиясы әлі күнге дейін толық ашылған жоқ. Содан да болса керек, Көккөлге аңсары ауғандардың қара­сы азаяр емес. Жамбыл жеріне аяқ басқан азаматтардың дені дәл осы Әулие­көлді көргісі, мұндағы атмосфераны бір кісідей сезінгісі келеді. Көккөлдің құпиясы туралы жергілікті азаматтардың пайымын тыңдауға құштар жандар да жеткілікті.

Меркіліктердің айтуынша, мұнда беймәлім бір мақұлықтың мекендейтіні туралы әпсана тарап үлгерген. Тіпті үстінен ұшқан құс та, жағасына жақын­даған аң да, су ішуге барған малдың да ғайыптан жоғалып кететіні туралы аңыз бар. Мұндай мәліметтер кімді де болса қызықтыратыны анық.

Бір қызығы, мұнда Әулиекөлмен қатар Тамырлыкөл, Сарыкөл, Бұзыл­ғанкөл, Астаукөл деген тағы да төрт көл жатыр. Олардың да суы бірқа­лыпты, деңгейі өзгермейді. Бұл көлдер туралы ел ішінде айтылатын мың түрлі әңгіме бар демесек, ғылыми тұрғыда зерттелген деп толық айта алмайтынымыз тағы бар.

Қалай алып қарасақ та, Меркі аума­ғын­дағы таудың өзіне тән артықшы­лығы бар екені талас тудырмайды. Мұн­да экологиялық һәм экстремалды ту­ризмді дамытудың маңызы зор. Біршама уақыт бұрынғы дерекке сенсек, демалыс күндері үш мыңға жуық демалушы келіп жүріпті. Осыған қарап-ақ  тау ішіндегі табиғи байлықты тамашалаушылардың саны уақыт өткен сайын артпаса, кемі­мей­тінін түсіну қиын емес. Себебі Меркідегі табиғи байлық жан баласын қызықтырмай қоймайды.

Біраз уақыт бұрын Меркі жерінде республикалық альпинистер фестивалі ұйымдастырылып, елдің әр қиырынан келген қатысушылар  биіктігі 3 мың метрден асатын 4 шыңға табан тіреп, оларға жаңа атау бергені туралы БАҚ-та жарияланған еді. Осы жұмыстарға қарап-ақ мерейі тасыған Меркі жерін­де экологиялық туризмді дамытудың алғышарты жасалғанын бағамдау қиын емес. Енді тек әлеуетті инвесторлар ат басын бұрса, көркімен көз суарған Меркі жерінде түрлі жобаны жүзеге асыруға мол мүмкіндік туатыны анық.

Фестиваль алдағы уақытта да жал­ға­сын табады деген ақпарат тараған еді. Өйткені мұнда әлі де бағындыруға тиіс шыңдар аз емес. Олардың биіктігі 4 мың метрден асатын көрінеді. Түсіне білгенге, бұл да – табиғаттың таусылмас тамаша байлығы.

Сонымен, жаңадан ашылған «Меркі» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі аума­ғында қандай байлық бар? Жалпы, бұл ерекше қорғалатын аумақта алдағы уақыт­та қандай шаруалар қолға алын­бақ? Ресми дерекке сенсек, ұлған-ғайыр аумақ­та экотуризмді дамытуға басым­дық бе­рілетін көрінеді. Сонымен қатар жер­гілікті атқарушы билік өкілдері эколо­гия­лық тепе-теңдікті қорғауға назар аударады.

«Парктің биологиялық әртүрлілігі аумақтың ерекше байлыққа ие екенін айғақтайды. Бұл аймақты Қазақстан­ның Қызыл кітабына енген қар барысы, арқар, үнді жайрасы, қызыл қасқыр, Түр­кіс­тан сілеусіні секілді аңдар мекен­дейді. Кейінгі санақ нәтижелері бойынша парк аумағында 8 қар барысы, 120 арқар, 20 үнді жайрасы мен 22 сілеусін тіркелген.

«Меркі» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі – табиғатты қорғау шараларын жүйелеумен қатар, ғылыми зерттеу жүр­гізуге, экологиялық ағартушылықты арттыруға, тұрғын­дар мен қонақтар үшін экотуризмді дамы­туға мүмкіндік береді. Ол үшін тауға шығу, жаяу және атпен серуендеу, құстарды бақылау сияқты экотуристік бағыттар қарастырылып жатыр.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, парк аумағында туристік соқпақтар, танымдық бағыттар мен демалыс аймақтары кезең-кезеңімен қалыптастырылып, «табиғатты қорғау талаптары қатаң сақталатын болады», делінген облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Иә, мұнартқан Меркінің шатқалдары – қасиет дарып, құт қонған өлкенің мақтанышы. Мұндағы табиғат тамашасынан алыстаған сайын тау шыңдарына тағы көтерілгің, табиғи байлықты көзбен тамашалай бергің келеді. Өйткені тау баурайындағы тірі пейзаж адам жанын баурап алады. Мұндағы Қызыл кітапқа енген жануарлар – өңірдің ғана емес, тұтас еліміздің таусылмас байлығы. Сол табиғи байлықты көздің қарашығындай сақтаудың қай кезде де маңызы зор.

 

Жамбыл облысы,

Меркі ауданы