Талбесік • Бүгін, 08:17

Алатаудың ажары

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Табиғаттың інжу-маржаны Іле Алатауының ең көрікті аймағы Алматы мемлекеттік табиғи қорығына тиесілі. Қорық 1931 жылы мамырда Кіші Алматы өзені аймағында ұйымдастырылған. Содан бері жан пенденің еш себепсіз топырағын басып, гүлін үзуге тыйым салынған табиғи қорық аумағы Солтүстік Тянь-Шаньның орталық бөлігінде, теңіз деңгейінен 1200–5017 метр биіктікте, жалпы алқабы 71700 гектарды құрайтын Талғар, Есік аудандарын алып жатыр.

Алатаудың ажары

Қорықтың шығысы мен батысын, солтүстігін «Іле Алатауы» мем­лекеттік ұлттық табиғи пар­кінің аумағы жарты ай тәрізді қор­шап тұрса, оңтүстігі «Көл­сай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен шекаралас. Аумағы бойынша әлемде 9-орын­да тұрған қорықтың негізгі мақ­саты – Солтүстік Тянь-Шань тауы­ның орталық бөлігіндегі табиғи бір­­лестіктерді, өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесін қорғау мен сақтау, табиғи даму заңдылық­тарын зерттеу. Бүгінде Алматы қоры­ғындағы жануарлар мен өсім­діктер дүниесі толық есепке алынған.

2020 жылы 28 қазан күні ЮНЕСКО бағдарламасының «Адам және биосфера» халықаралық үйлестіру кеңесінің 32-сессиясының отырысында Алматы мемлекеттік табиғи қорығы өзінің бірегей рельефі, әсем табиғаты мен бай био­әртүрлілігінің арқасында ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік био­сфералық қорықтар тізіміне енді.

«Ғылыми зерттеулер мен мониторинг жұмыстарын жүргізетін ғылым бөлімінде бес адам, бө­лім басшысы мен үш ғылыми қызмет­кер, бір зертханашы қызмет етеді. Ғылыми қызметкерлер зерттеуді негізі­нен орнитология, териология, ботаника сынды үш бағытта жүргі­зе­ді. Қорық аумағында сирек кезде­се­­тін немесе жойылып кету қаупі төн­ген өсімдіктер мен жа­нуарларды ­қор­ғап, сақтау, оларды зерттеу – қо­рық қызметкерлерінің негізгі міндеті. Қорық табиғаты өте бай, өсімдік­тер əлемі мен жа­нуарлар дүниесі алуан түрлі. Уақыт өткен сайын табиғи қорықтағы өсімдіктер əлемі мен жануарлар дүниесі өзгереді, жаңарады. Міне, осы биоəртүрлілікті зерттеу ғылым бөліміне жүктел­ген», дейді қорықтың ғылым, ақпарат және мониторинг бөлі­мінің аға ғылыми қызметкері, териолог Аманбол Сайлауханұлы.

Қорық аумағындағы жоғары сатыдағы өсімдіктерге, мүк­терге, қыналарға, саңырауқұ­лақ­тар­ға тү­ген­деу жұмыстары жүргізіліп, қос­мекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың, құстар­дың, сүтқоректілердің, омыртқа­сыз­дардың жекелеген топтарының тізімі жасалған. Қорық құрыл­ғалы бері «Табиғат жылнамасы» жүргізіледі.

Қорық аумағына 2012 жылдан бастап шетелдік ғалымдар фототұзақтар орнатты. Бұл тұрғы­да ғылыми қызметкерлер өте ауқымды жұмыс атқарды. Фо­то­тұ­заққа қар барысы тұңғыш рет түсіп, тың деректер жиналды. Ма­манның пікірінше, барлық аң бір соқпақпен жүреді екен. Сол себепті, қар барысы, сілеусін, аю, қасқырдың да фототұзаққа ілінген сәттері бар.

«2019 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы өкілі Даму бағдарламасы бойынша ерекше қорғалатын аумақтарға 25 фототұзақ берген. Осы 6 жыл аралығында 20-сы жұмыс істеп тұр. Бесеуі істен шықты. Қорық аумағында аю мен қар барысы фототұзақтарды сындырады. Биылғы көктемде қар барысы екі аланымен фототұзақты бүл­діріп тастады. Олар түнде жана­тын инфрақызыл сәулеге жа­қын­дайды. Марал, тауешкі сын­ды аңдар иіскелейді, бірақ тиіс­пейді. Сілеусін өте сақ болады. Келіп қарайды, жақындамай­ды. Ба­рыс пен аю болса тырмалап, қи­ратады. Батареяларын тү­сі­ріп тастаған. Жағаласып жат­қан қоз­ғалыстары фототұзақ­қа тү­сіп қалған»,  дейді қорық қыз­меткері.

Қорықтың алыс жатқан шат­қал­­дарына фототұзақтар қыр­күйек-қазан айларында орнаты­лып, келесі жылдың сəуір-мамыр айларында жиналады. Осы күнге дейін фототұзаққа ілбіс (қар барысы), Тянь-Шань қоңыр аюы, Түркістан сілеусіні, тау сусары, қасқыр, түлкі, қабан, борсық, сұр суыр, Сібір тауешкісі, марал, Сібір елігі, бүркіт, сақалтай, қырғи, күйкентай, көкқұс, Гима­лай ұлары, кекілік түскен. Бұл құрылғылардың көмегімен алын­ған мəліметтер ғылыми мақалалар мен еңбектер əзірлеуде үлкен рөл атқарады. Зерттеулер нəти­же­сінде жануарлардың мекен ету аймақтары, мінез-құлық ерекше­ліктері мен экологиялық жағдайы туралы құнды ақпараттар жиналып, оларды сақтау, қорғау іс-шаралары күшейтіледі.

«Қар барысының экологиялық мониторингі» тақырыбы бойынша зерттеу жүргізіп келе жат­қан Аманбол Сайлауханұлы қар барысы бүкіл әлемдегі мысық тұқымдастар ішіндегі таудың биік белдеуін мекен ететін жалғыз түрі екенін атап айтты. Оның пайымдауынша, қорық аумағында 30-дан астам қар барысы, 40-қа таяу қоңыр аю бар.

Алматыдан 25 шақырым қа­шықтықта орналасқан қорық аумағында 3 экологиялық соқ­пақ іске қосылған. Олардың әрқай­сы­сына шамамен жылына мамыр­дан бас­тап қар түскенге дейін 1200 адам­­ның кіруіне ғана рұқсат етілген.

Қорық аумағында 10 қызметтік үй орналасқан, 22 инспектор 71700 гектарды 17 айналым бойынша күзетіп, табиғат байлығын көз­дің қарашығындай сақтауға еңбек сіңіріп келеді. Табиғат сақшы­лары қызметтік көлік, ат, фотоаппа­рат, дрон сынды қажетті құрыл­ғылармен қамтамасыз етілген.

Алматы табиғи қорығының кеңсе үйіндегі ерекше музейдің іске қосылғанына 60 жылға тая­ған. Бүгінде аумағы 120 шаршы метр музейде 3028 экспонат қоры сақтаулы. Олар 2357 түрді құ­рай­ды. Соның ішінде 42 сирек түр еліміздің Қызыл кітабына енгізілген. Музейдегі жануарлардың тұлыптарын тәжі­рибелі таксидермистер дайын­даған. Экспонаттар химиялық заттармен тұрақты өңделіп тұра­тын­дықтан, бастапқы қалпында сақталып келеді.

Музейді тамашалауға келетін­дерге экологиялық ағарту бөлі­мі­нің мамандары жаратылыс­тану, биология, экология, табиғат­ты қорғау пәндері бойынша та­қырыптық дәрістер оқиды, экспо­наттардың тарихымен, олардың ерекшеліктерімен таныстырады. Қар барысының ептілігі, қоңыр аюдың қауіптілігі, сілеусіннің сақтығы, тіпті салмағы небәрі 3 грамдық құрқылтайдың қол­ғап тәрізді ұясын жыл сайын жаңа­лап тұратын еңбекқорлығы естіген жанды таңырқатпай қой­май­ды. Олардың тіршілік ету ерекше­лік­тері туралы да осы музейден жан-жақты мағлұмат алуға болады.

 

Алматы облысы