
Маңызды басқосудың бұйдасын ұстап, көпшілікке жиынның беташар сөзін арнаған музей басшысы Берік Әбдіғалиұлы: «Қазіргі таңда еліміз көлемінде Ұлттық музейге сый тарту акциясы жүріп жатыр. Осы акция аясында қазақ тарихында орны зор тұлғаларға тән жәдігерлерді мекеме қорына тапсыру дәстүрі жақсы қалыптасып келеді. Атап айтқанда, бұған дейін Төле және Қазыбек бидің түпнұсқа шапандары табысталса, Мәшһүр Жүсіп атамыз қолданған бұйымдардың көшірме нұсқасы қорға алынды. Осы үрдістің жалғасы ретінде бүгін – ХІХ ғасырдағы ұлт-азаттық көтерілістің ірі өкілі, халық арасында әділ билігімен танылған тұлға Тәнеке батыр Дөсетұлының шапаны музей қорына беріліп отыр. Бұл – үлкен сауапты іс. Осындай іс-шараға мұрындық болып отырған батыр ұрпақтарына алғыс айтамыз.
Бұл іс-шараның басты құндылығы – жас ұрпақ өз тарихын тек оқулықтардан ғана емес, осындай жанды жәдігерлерді көріп-білу арқылы да таным көкжиегін кеңейте алары сөзсіз. Өйткені бұл жәдігерлер сол заманның куәсі. Мысалы, музей қорына алынып отырған осы шапанның астарында қазақ батырының халқы үшін жасаған ерлік істері мен өткен оқиғалардың деректік негізі жатыр. Атап айтқанда, Тәнеке Дөсетұлының ұлт-азаттық көзқарасы, соның ішінде қазақтың соңғы ханы Кенесарының кегін қайтару әрекеті сияқты істері бұл тұлғаның ұлт тарихындағы орнын биіктете түсері сөзсіз.
Музейдің миссиясы – құнды тарихи жәдігерлерді сақтау және осы арқылы халқымыздың жадысын жаңғырту. Осы орайда, мекеме төрінен орын алып жатқан батыр атамыздың түпнұсқа шапаны мемлекет қамқорлығына алынды деген сөз. Осылай музей экспонатына айналған бұл бұйым бұдан былай күтімде болады. Сонымен қатар алдағы күндері міндетті түрде насихатталады. Оның сыртында шапанға арнайы сараптама жүргізіледі. Атап айтқанда, қандай матадан тігілді, қандай стильде жасалды, т.б. барлығы анықталады», деді.
Батыр атамызға бұл шапан патшалық Ресей мүддесіне орай атқарған қызметі үшін сыйланған көрінеді. Біздің бұл пікірімізге архив жазбаларында сақталған мына құжат дәлел. Онда: «Танеке сынъ Дюсетевъ, Бій, 44 летъ. Рода Каптагай – Бирубай. Въ 1846 года волостнымъ управителмъ. Въ 1847 году погр. нач. Сибирских киргиз, награжден суконным халатом» делінген екен.
Батырдың өмір-тарихын зерттеген қаламгер Әділбек Ыбрайымұлының баяндамасында, батырдың шын аты – Нұрәлі. Бірақ әкесі Дөсет еркелетіп «дәнекерім» деп атаған. Бұл есім уақыт өте келе «Тәнеке» аталып кеткен дейді.
«Батыр атамыз бала кезінде аурушаң, әлсіз болған екен. Содан ауыршаң балаға ем-дом жасаған балгер «бұл бала ержеткенде аса қуатты батыр болады» деп болжаған-мыс. Осылай тар заман, қиын күндері 15 жасында қарына қару іліп, атқа қонған жас Тәнеке ұстазы Мұңайтпас ердің соңына еріп, өмірінің ақырына дейін аттан түспеген. Ол заманда Тәнеке елі Қытаймен шекаралас болғандықтан арғы беттегі Бұратала қалмақтарымен әркез барымта-сырымта болып тұрыпты. Мұндай істен батыр да қағыс қалмай, талай дүркін түн қатып небір жортуылды бастан өткізген. Батырдың басты қасиеті – айналасындағы ағайынның малына қамқор, жанына сая болғаны. Бұл тұлғаның өмір тарихын індету барысында байқағаным – Кенесары сұлтанды үлгі тұтқан екен», деді баяндамашы.
Сондай-ақ жиынға қатысушыларға маңызды пікір айтқан «Матай Бөрібай батыр» қорының төрағасы Берікбол Қасымовтың сөзінен аңғарғанымыз: Тәнеке батыр 1807 жылы Арғанаты тауының шығыс баурайындағы Тасқора деген жерде туыпты. Бойы еңселі биік адам болыпты. Басты қасиеті – халықшыл, әділдікті ұстанған. Біздің ел жақта сақталған «қайрай-қайрай қайрақтың таты шықты, Он бесінде Тәнекенің аты шықты» деген тәмсіл тегін емес. Ресей шенеуніктері Тәнеке батырға 1845 жылы қоқандықтарға қарсы жорыққа қатысқаны үшін осы қызыл шапанды сыйға тартып, «хоружий» атағын берген екен. Яғни шапанның өзіне биыл 180 жыл толып отыр...
Қысқасы, екі ғасырға таяу ғұмыры бар шапан алғашында Тәнекенің шаңырағында отырған баласы Нұғманның қолында сақталыпты. Бұл адам өмірден озар тұста ұлы Садуақасқа аманаттапты. Кейін бұл кісі баласы Бидахметке берген. Осыдан 30 жылдың алдында жәдігер Қарлығаш Бидахметқызының қолына өткен. Шапанның қазіргі түр-сипатына тоқталсақ: қызыл матадан тігілген, иығы кең, тұла бойын шеңберлі оюмен көмкерген, шеңбер сырты күн шашақты жұлдызшамен қоршалып, ішкі жағы сап-сары тана-түйме бедермен толтырылған. Шапанның желке тұсы – қазақы гүлді өрнектерге толы...
«Жас күнімде атам Садуақастың қолында өстім. Сол кезде осы шапан сандықта сақтаулы тұратын. Жоғары оқу орнын бітірген соң Қызылорда қаласына тұрмысқа шығып, онда 20 жыл тұрдым. Кейін күйеуім Сансызбай жұмыс бабымен Алматыға ауысты. Әкем Биахмет Садуақасұлы Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері еді. Майданнан жаралы болып келген мүгедек болатын. Осы кісі өмірден өткен соң шапан менің қолыма тиді. Күйеуім «мұндай құнды затты қадірлеу керек» деп үй ішінен шағын көрме-музей ашып, шапанды арнайы жасалған әйнек шкафқа орналастырып қойды. Міне, бүгін әулет мұрасын музейге өткіздік», деді Қарлығаш апамыз.
* * *
Осы орайда, тарихи шапан иесі Тәнеке батыр Дөсетұлы хақында ресми архивтерде және тарихи деректерде азды-көпті мәлімет сақталыпты. Осыған назар аударсақ, қазақтың үлкен ғалымы Шоқан Уәлиханов «Ыстықкөл сапарының күнделігі» атты жазбасында батырдың болмыс-бітімін сипаттап былай деп жазыпты: «...шілде күні Арасанда түнедік. Бұл күні бізге Жетісуда атағы шыққан батыр әрі барымташы Тәнеке келді. Өзінің суық жүріс, суыт жорықтарына қарамастан Тәнеке матайдың қаптағай руы арасында үлкен беделге ие және болыс болған адам. Ол орта жастағы, өте мығым кісі. Бір қызығы, жирен сақалы ұзын және мұрны өте үлкен. Сонымен қоса сығырайған кішкентай және ойнақы көздері оның сиқын жағымсыз етіп көрсетеді... Менің байқағаным Тәнекенің (тұпнұсқада Тінеке) бүкіл денесін Бюффонның (Бюффон Жорж Луй Леклерк – көрнекті француз жаратылыстанушысы һәм алғашқы қауымдық құрылысты зерттеуші) алғашқы қауымдық адамы сияқты түк жапқан» десе (Ш.Ш.Уәлиханов. Көптомдық шығармалар жиғаны. І том. – Алматы: «Толағай групп», 2010. – 304 бет) қазақ тарихшысы Мұхамеджан Тынышбаев өзінің естелігінде: «Поротиков агенттері Верный уезінің Жәміш болысының қазақтары (түпнұсқада – қырғыздар) Сәт Ниязбеков пен Тәнеке және басқаларды тұтқындады», деп жазады (М. Тынышбайұлы Қазақ халқының тарихы. – Алматы: AmalBooks, 2024. – 184 б.).
Бірақ М.Тынышбаев батырдың не үшін тұтқындалғаны туралы нақты айтпайды. Ал біздің пайым бойынша, Жетісу өңіріне ресейлік отарлау ісі қарқынды жүргізіле бастаған ХVIIІ ғасырдың алғашқы ширегінде қоныс-өрісі тарылған қазақ ру-тайпалары әрі-бері босып көшкендіктен жерге талас, малға талас, барымта-сырымта өрістеп, ел қоқан-қырғыз жеріне ауып барады. Бұл өңірде тұрақты қоныс болмайды. Үріккен ел ақ патшаға бас иген сұлтандардың қуғындауына ұшырайды. Бұл оқиға тарихта «Рүстем қырғыны» деген атпен белгілі.
Бұл оқиға туралы Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік мұрағатында сақталған құжатта: «Тәнеке батырдың артынан ерген ел ботпай Тойшыбек батырдың қасына барды. Тастамбек батырдың артынан ерген ел тағы бір жерге барды. Сол екі болыс елге бас болғанның біреуі қыдырәлі Тәнеке батыр, біреуі құлшан Тастамбек батыр. Ол жерге барған соң Қоқан ханға барып білінуге, көрінуге керек болған соң тартуға ат айдап, екі кісі барады. Бірі Қалқабай, екінші жақтан Тастамбек батыр екеуі барып ханға көрініп, тарту-таралғысын беріп, қанша ел келгені хақында есеп-қисабын беріп қайтыпты», дейді (1368-қор, 1 тізімдеме, 2 іс, 117-121 папкі).
Жоғарыда айтылғандай, әрі-бері толқыған елді тоқтату үшін патша шенеуніктері ел басыларын (ішінде Тәнеке бар) тұтқындаған. Тарихшы М.Тынышбаев келтірген «тұтқындау ісі» осы болса керек.
* * *
Тәнеке Дөсетұлы туралы айтылғанда аттап өтуге болмайтын үлкен оқиға бұл тұлғаның Кенесарымен қатынасы. Бұл туралы ел аузында сақталған артық-кем әңгіме жетерлік. Десе де, аталған тақырыпты барынша зерттеп, қалам тартқан жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков: «Тәнеке батыр Кенесары ханға орасан зор қолдау көрсетіп, ханның қырғыз еліне Жетісу өңірі арқылы өтуіне үлкен ықпал жасайды. Ал осыдан кейін қырғыз манаптарының Ресей патшалығына сатылып, Кенесарының басын алып, Қапал, Аягөз арқылы Омбыға жібергенін естіген Тәнеке батыр Жетісу жерінен матай, садыр, арғы беттен қызай елінің руларынан 2000-ға жуық қол жинап, қырғыз манаптарын аямай жазалайды, құлдыққа жегеді. Бұл туралы қазақтың әйгілі тарихшысы Ермұхан Бекмаханов еңбектерінде атап өткен. Тәнеке батыр атасы Қыдырәлі биден бастап, әрісі Матай, берісі Қаптағай елінің қорғаны болады» деген пайым айтыпты. Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ.
Тәнеке батыр 1884 жылы дүниеден өткен екен. Бұл туралы Жеңісбек Толымбековтің «Дәнекерім Тәнеке» атты еңбегінде: «Тәнеке батыр қыс ішінде қайтыс болып, жер аяғы кеңіген көктемде Баянжүрек тауының етегіне «Түкі кезең» деген жерде жерленген», деп жазыпты.