Адам алға шықты
1995 жылғы Конституция тәуелсіздіктің алғашқы, ең күрделі кезеңінде қабылданды. Ол кезде ел алдында мемлекетті сақтап қалу, басқару жүйесін орнықтыру, ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету міндеті тұрды. Сондықтан Ата заңның рухы посткеңестік, өтпелі сипатта қалыптасты. Мемлекет мүддесі алдыңғы қатарға шығып, адам құқықтары көбіне сол мүдденің аясында қарастырылды. Ұлттық бірегейлік пен тарихи сабақтастық жалпы сипатта ғана айтылып, нақты өркениеттік бағдар айқындалмады.
Сол кезеңдегі Конституцияны дайындауға небәрі 12 адам ғана қатысқан. Олардың қатарында Юрий Басин, Владимир Ким, Анатолий Котов, Мұхамеджанов секілді заңгерлер болды. Үшеуі шетелдік сарапшы еді. Бұл да сол уақыттағы кадрлық және зияткерлік жағдайдың көрінісі болатын. Билік жүйесі қатаң орталықтандырылып, негізгі шешімдердің барлығы Президентке тәуелді болды. Президент өкілеттігіне нақты шектеу қойылмай, қайта сайлану мүмкіндігі сақталды. Конституциялық сот, Құрылтай сияқты институттар қарастырылмады. Сондай-ақ Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік басқару жүйесіне араласуына құқықтық тосқауыл болған жоқ.
2026 жылы қабылданған жаңа Конституция мүлде басқа қоғамдық жағдайда өмірге келді. Бұл құжат қоғамда жинақталған сұранысқа, саяси сананың өсуіне және мемлекеттің кемелдену кезеңіне жауап ретінде қабылданды. Жаңа Конституцияның басты бағыты айқын: ол адамға қызмет ететін мемлекет құруды көздейді. Адамның қадір-қасиеті, құқықтары мен еркіндігі негізгі құндылық ретінде алға шықты. Ұлттық және тарихи бірегейлік ашық көрсетіліп, елдің өркениеттік негізі нақты айқындалды.
Заңгер Бақыт Нұрмұханов жаңа Ата заңдағы осы тұсты ерекше атап өтеді. Оның айтуынша, Конституцияда алғаш рет Қазақстанның байырғы қазақ жерінде, мыңдаған жылдық тарихтың сабақтастығын сақтай отырып қалыптасқаны нақты жазылған.
«Бұл норма біздің мемлекеттілігіміз 1991 жылдан ғана басталған жоқ деген ойды бекітеді. Біз – тарихы терең, тамыры мыңжылдықтарға кететін елміз. Мұны сезіну – ұлттық сананың кемелденуінің белгісі», дейді ол.
Президентке талап күшейді
Жаңа Конституция билік жүйесінде де түбегейлі өзгерістер енгізді. Билік бір орталыққа шоғырланбай, тепе-теңдік пен өзара бақылау тетіктері күшейтілді. Конституциялық сот, Құрылтай, вице-президент институттары енгізілді. Президент бір ғана мерзімге, жеті жылға сайланады. Президенттің туыстарының билік пен мемлекеттік қызметке ықпал етуіне заңмен тыйым салынды.
Әзербайжандық сарапшы Орхан Йолчуев еліміздегі бұл өзгерістердің саяси-географиялық маңызына назар аударады. Оның пікірінше, жаңа Конституция жобасы саяси билік институттарын жетілдіріп, мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты күшейтуге бағытталған.
«Бұл ауқымды реформа пакеті тек Қазақстанға емес, бүкіл Орталық Азияға әсер етеді», дейді сарапшы.
Құрылтай құрылымы
Саяси жүйедегі маңызды тағы бір жаңалықтардың бірі – Парламент құрылымының өзгеруі. Жаңа Конституцияға сәйкес елде бір палаталы Парламент құрылады. Ол Құрылтай деп аталады. Құрылтайға 145 депутат пропорционалды жүйемен бес жыл мерзімге сайланады. Сонымен қатар Халық кеңесі атты консультативтік орган құрылады. Оның құрамына этностардың, қоғамдық ұйымдардың және өңірлік мәслихаттардың өкілдері енеді. Кеңес ішкі саясат бойынша ұсыныс беріп, қоғамдық келісімді нығайтуға, заң жобаларын ұсынуға және референдум бастамасын көтеруге құқылы.
Экономиканы мәдениет те көтере алады
Жаңа Ата заңда ел дамуының ұзақмерзімді бағдарлары да нақты белгіленді. «Референдум–2026» онлайн-марафонында Мәжіліс депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі Айдарбек Қожаназаров білім, ғылым, инновация мен мәдениетке басымдық берудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл салаларға инвестиция құю экономиканың да сапалы дамуына жол ашады.
«Біз зияткер ұлтқа айналуымыз керек. Бұл мақсат Ата заң деңгейінде бекітілгеннен кейін мемлекеттік органдар да оған ерекше басымдық береді», дейді депутат.
Конституция жобасын әзірлеу үдерісінің өзі де қоғамдағы өзгерісті көрсетеді. Бұл жолы құжатты 130-дан астам өз азаматымыз дайындады. Мәжіліс депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі Айдос Сарым комиссия 1000-нан астам ұсынысты қарағанын айтады.
«Әрбір ұсыныс білдірген азаматқа алғыс айтуымыз керек. Сыни пікірдің өзі немқұрайлылықтың жоқ екенін көрсетеді. Осыны түсіндіру үшін штаб алдағы уақытта аймақтарды аралауды жоспарлап отыр», дейді ол.
Осылайша, 1995 жылғы Конституция мемлекетті сақтап қалу кезеңінің құжаты болса, 2026 жылғы жаңа Конституция қалыптасқан мемлекеттің кемелденуін, қоғам мен билік арасындағы жаңа қатынасты айқындайтын құжатқа айналды. Бұл өзгеріс Қазақстанның саяси тарихындағы жаңа белесті білдіреді.