
Суретті түсірген – Алмас МАНАП, «EQ»
Біраз ақпарат құралдары бұл туралы жазды да. Расында 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні, яғни Аза тұту күні деп бекітілгенімен, оны өткізу шараларының ойластырылмағаны қайран қалдырады. Осы жөнінде ойымды ортаға салып көрейін.
Әлемде Азалы күнді атап қана қоймай, оны қалай өткізу керек екенін нақтылаған елдер бар. Мысалы, еврейлер Екінші дүниежүзілік соғыста зорлықпен өлтірілген 6 миллион қандасын еске алу күнін айрықша атап өтеді. Сол күні олар құрбандар күнін Освенцим зиратында өткізуді үлгі есебінде пайдаланып келеді. Еврейлер еске алу кезінде оның үлкен қақпасын кең ашып, бірнеше минут бойы үзік-үзік сирена даусын шығарады.
Дәл осы сияқты азалы күнді еске алу шарасы Арменияда да бар. Олар да жыл сайын 26 сәуір күні Ереванның сыртындағы арнайы тауға барып, киелі үңгірде еске алу дәстүрін өткізеді. Ол жерде армяндардың ұлттық қайғылы музыкасы бірнеше күн қойылады. Қала тұрғындары сол күні оған арнайы тегін автобуспен барып қайтады. Құрбандарды еске алуға шыққан адамдардан таксишілер де ақы алмайтын жақсы дәстүр бар.
Міне, осы сияқты біз де азалы 31 мамыр күнін елімізде ресми атап өтеудің өзіндік жолын қалыптастыруымыз қажет. Соның бір нұсқасы мынау: 31 мамыр күні сағат 12.00-де бүкіл Қазақстан бойынша барлық көлік бір минут тоқтап, сигнал берсе. Барлық мешітте имамдар мінберге шығып, бірер минут мына сөзді дауыстап айтса: «Қызыл коммунизмнен қаза тапқан бауырларымыз иманды болсын, иманды болсын, иманды болсын!».
Ал дүние жүзіндегі қазақтар да осы күні, осы сағатта қозғалмай бір минут бойы тік тұруы қажет. Міне, осылай ешбір шу шығармай марқұмдарды ресми еске алып отырсақ, мәдени игі дәстүр қалыптасар еді. Оның тәрбиелік мәні жастарға да, жалпы халыққа да жағымды болары хақ.
Әрине, бұл ұсынысты билік халықтың талқысына салып, арнайы ресми шешім шығарса, өте орынды.
Қалай болғанда да, елімізде азалы күнді өткізу жолы нақтылануы қажет. Қынадай қырылған бауырларымыздың рухы да жер бетінде тыныштық болғаннын қалайды.
Сөйтіп, келесі жылы 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін елдік деңгейде атап өтеміз деп үміттенемін. Ұсынып отырған бастамам жауапты орындардан, халық тарапынан да қолдау табады деп сенемін.
Оразақ СМАҒҰЛОВ,
ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері