
Өйткені Ұлжанның әкесі Тұрпанмен бірге туысқан Тонтайдың барлық өмірі тұтас күлкі боп кеткен. Бірде қатты сырқаттанып, үшкіртуге тағы молда шақыртпақ болған бала-немерелеріне сол Тонтай: «Жазыла-жазыла қожа-молдадан да ұят болды, енді өлмесек болмас» деп өз бетін өзі жауыпты. Қалың қазақ ортасының үнемі көңілін көтеріп, айналасын думан-тойға бөлеп жүретін Абайдың нағашысы осылайша бақиға да күліп аттаныпты.