Үкімет • Кеше

Олжас Бектенов Қызылорда облысында Президент тапсырмаларының орындалу барысын тексерді

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Олжас Бектенов Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Президенттің аграрлық секторға су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексерді және өңірдің су шаруашылығы инфрақұрылымының жай-күйімен танысты, деп жазады Egemen.kz.

Олжас Бектенов Қызылорда облысында Президент тапсырмаларының орындалу барысын тексерді

Премьер-министр заманауи су үнемдеу технологияларын іске қосқан Шиелі ауданындағы «Ақмая» шаруа қожалығының егіс алқаптарында болды. Шаруашылықта күріш, күздік бидай және жоңышқа өсіріледі, ал суару үшін суды ұтымды тұтыну жүйелері қолданылады. Қолданылған шешімдердің тиімділігі осы жылдың вегетациялық кезеңінің мысалында көрсетілді.

Олжас Бектенов өңірдің негізгі гидротехникалық нысандарының жұмысымен танысты. Атап айтқанда, Сырдария ауданында орналасқан «Әйтек» су торабының жұмысын тексерді. Су торабы 2004 жылы САРАТС жобасы аясында пайдалануға берілген. «Әйтек» арқылы 13 мың гектар егіс алқабы мен 3 319 гектар көл жүйесі, сондай-ақ 120,8 мың гектар шабындық және жайылымдық жерлер сумен қамтамасыз етіледі.

Премьер-министр Қызылорда қаласы, Қызылөзек ауылдық округіне қарасты 120 мың гектардан астам аумақтағы көл жүйесі мен жайылымдық жерлерді сумен қамтамасыз ететін Қараөзек арнасына әуеден шолу жасады.

Қызылорда су торабын аралау барысында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жақанов өңірдегі су шаруашылығы жағдайы мен қазіргі қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Қызылорда су торабы 1956 жылы пайдалануға берілген және 120 мың гектар аумақты суаруды қамтамасыз етеді. 

Сапар барысында Премьер-министр Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын қарқынды түрде енгізу жөніндегі алға қойған міндетіне назар аудартты. Бұл қазіргі гидрологиялық жағдайда өте өзекті. Осыған байланысты Үкіметтің баса көңіл бөліп отырғаны – ауыл шаруашылығы өндірушілерін тұрақты сумен қамту, соның ішінде оларды суды тиімді пайдаланудың заманауи технологияларына кезең-кезеңімен көшіру. Осы тұрғыда 2024 жылы Су және ирригация министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп инвестициялық субсидиялау және суармалы су ережелеріне тиісті өзгерістер енгізген болатын. Соған сәйкес тамшылатып және жаңбырлатып суаруды енгізген шаруашылықтармен суды пайдалануға арналған келісімшарттар басымдық беру тәртібімен жасалады. Қалғандары қалдық су көлемі және суды үнемдейтін шешімдерге көшу міндеттемесі болған жағдайда ғана су ресурстарын ала алады.

Егістік құрылымын әртараптандыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. АӨК-ті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес ылғалсүйгіш дақылдардың алқаптарын қысқарту көзделіп отыр. Атап айтқанда, күріш пен мақта алқабы 41 мың гектарға, оның ішінде күріш алқабы 10 мың гектарға азайтылмақ. Сонымен бірге жүгері мен жем-шөп дақылдарының өндірісі кеңейіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласы дамуда. Бұл шаралар суармалы жерлердегі су тұтынудың үлесін кем дегенде 20%-ға төмендетуге бағытталған. Өңірде су балансының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мелиорация бойынша шаралар енгізілуде. Мәселен, Түркістан және Қызылорда облыстарында 118 тік дренаж жүйесі және 243 сорғы агрегаты іске қосылды. Коллекторлық-дренажды суды қайта пайдалану жүзеге асырылады және кезектестіре әрі түнгі суару жүйесі тәжірибеден өтуде. 

Сапар қорытындысы бойынша Олжас Бектенов суды тиімді пайдалану тәжірибесін кеңейту және шаруаларды суарудың заманауи әдістеріне көшуге ынталандыру қажеттігін атап өтті. Жалпы алғанда, Үкімет бұл бағыттағы жұмысты өңірлермен, жауапты министрліктермен және су пайдаланушылармен үйлестіре отырып жалғастыратын болады.