Руханият • Кеше

Қадыр ақын кітапты қалай оқыған?

110 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Қазақ ақын-жазушыларының арасында кітапқұмарлығы­мен әйгілі қаламгердің бірі Қадыр Мырза Әлі болғандығы дау­сыз ғой. Қадыр ақынның өмір бойы кітап жинағаны, керек кітапты қалай да іздеп табатыны, өз үйіндегі кітапханасын қызғыштай қоритыны талай аңызға, қызықты естеліктерге өзек болған.

Қадыр ақын кітапты қалай оқыған?

Әлі есімде, Қадыр ағамызға Батыс Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Қырымбек Көшербаев Орал қаласынан коттедж сыйлап, Алматыдан туған жеріне қоныс аударған кезі еді. 2002 жылдың басында ақынға жолығып, сұхбат алдым. Сонда «Қадыр аға, Оралда оқшауланып қалам деп қорықпайсыз ба? Әдеби ортадан алыстап кеткен жоқсыз ба?» деп сұрадым.

1

– Оралда емес, аудан орталығында, тіпті алыс ауыл­да тұрып та дүние жүзіне атағыңды шығаруға болады. Бірақ ол – өте сирек құбылыс. Мысалы, станицада тұрып жалғыз Шолохов қана мықты болды Ресейде. Мәскеу, Петербургте тұрғандардың да көбі шығармаларын қаладан жырақ саяжайда жазды. Мысалы, Алматыда тұрмай-ақ қазақ әдебиетінің деңгейінен түк те түспейтін шығарма жазған адамдар бар. Бұл – өзіміздің Жанғали Нәбиуллин. Көкшетауда Еркеш Ибраһим, Қызылордада Зейнолла Шүкіров болды. Бұл – адамына байланысты нәрсе. Мүмкіндігім болғанда мен де осындай жағдайда тұрар едім. «Жазмышты» еске алсақ, ағылшын жазушысы, «Қазына аралының» авторы Стивенсон бүтін Англиядан көңіліне қонатын жер таппай, тыныштық таппай, жердің түбіндегі Тынық мұхитындағы бір аралға барып тұрып, сонда шығармаларын жазып, сол жерде өліп, жерленді. Жақсы шығарма үшін кейде сондай жерді іздеуге тура келеді. Әдеби орта туралы мен де ойландым. Бірақ сен таңғалма, мен әдеби ортаны екіге бөлер едім. Біріншісі – тірі әдеби орта, екіншісі – өлгендердің әдеби ортасы. Эразм Ротдердамскийдің «менің кітапханам қайда болса, менің отаным сонда» дегені – маған ең жақсы, ыстық жер сол дегені ғой. Кітапхана­сын­да Абаймен, Пушкинмен, Гетемен, Байронмен сөйлесіп отырған адам мына жерде күнде арақ ішіп жүрген ортаны қайтсін?! Ондай адамдар жалғызсырамайды, – деп еді сонда Қадыр аға.

2

...Қадыр ақын 2011 жылы қаңтарда қайтыс болды. 2015 жылы Орал қаласында Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы ашылды. Ақынның өсиеті бойынша өзі өмір бойы сұрыптап жинаған 7 мыңнан астам кітаптың басым бөлігі осы Оралдағы «Қадырсарайға» әкелінді. Қазір орталықтың мұражайында Қадыр ағаның мемориалдық кабинеті жасақталған, онда жазу үстелі, орындығы және басқа да өзі пайдаланған дүниелері қойылған. Орталыққа келушілер ақынның үйін өз көзімен көргендей әсер алады.

3

– Қадыр Мырза Әлі атындағы мәде­ниет және өнер орталығы ашыларда ақын­ның отбасымен жиі кездесіп, ақылда­сып, Салтанат апаймен сөйлесуге ба­рып жүрдім. Оралға көшіретін кітаптарды таңдаған кезде Салтанат апай: «Мына жерден мына жерге дейін аласың!» деп қабырға толы кітап сөрелерін қолымен бір-ақ кесті. Соған уағдаласып, Оралға бұйырған кітапты санап келіп кеттік. Сөйтсек, тура 6 767 кітап болып шықты, – дейді орталықтың бүгінгі басшысы, ол кезде облыстық мәдениет басқармасын басқарған Дәулеткерей Құсайынов.

Осылайша, 6 767 кітап ақын атындағы сарайдан мәңгі орнын тапты. Біз кітап санындағы қосарланған қос цифрға көңіл аударсақ, сол кездегі облыс басшысы, «Қадырсарайын» салуға мұрындық болған Нұрлан Ноғаев басқаша тәпсірлепті.

4

«Бұл Қадыр ағамыздың 76 жылдық өмір жолында жинаған қазынасы ғой. 6 767 санының ортасындағы 76 цифры ­соны білдірсе керек» депті руханияттың ­жанашыры Нұрлан Асқарұлы.

Шынында бұл да қисынға келіп тұр емес пе?

 

* * *

Бір қызығы, Қадыр ақынның жеке кітапханасын алғаш зерттеген кітапхана қызметкері екен. Хамза Есенжанов атындағы Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасын көп жыл басқарған Зібайда Өтешова қаламгердің өмір бойы жинаған қазынасы туралы былай дейді:

«Әлемдегі әр елдің рухани қазынасы, өркениет пен ағартушылық көрсеткіші – кітапханамен өлшенеді. Әйгілі қаламгерді есте қалдыру, болмысын терең түйсіну үшін оның жеке кітапханасы негізін­де ашылған әдеби музейлер аз емес. Антон Чехов­тың Мәскеу түбіндегі музей-қоры­ғын, Лев Толстойдың Ясная Полянадағы, ­Федор Достоевскийдің Санкт-Петербург­тегі, Эрнест Хемингуэйдің Ки-Уэстегі, Чарльз Диккенстің Лондондағы музей-үйлерін айтсақ та болады. Бұл дәстүр Қазақстанда да бар. Жидебайда – Абайдың, Алматыда – Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің му­зей-үйі, Семейде Федор Достоевский­дің музей-үйі бар» деп бастаған зерттеу­ші Орал қаласындағы «Қадырсарайын» да осы қатарға қосыпты.

Ең бастысы, автор Қадыр ақынның кітапханасына сараптама жасаған. «Қадыр Мырза Әлінің жеке кітапханасы өлке өмірінің әлеуметтік әдеби құбылысы ретінде» атты мақалада зерттеуші ақын жинаған кітаптарды әр салаға бөліп көрсетеді.

4

Сонымен, Қадыр кітапханасының жартысынан көбі, яғни 54%-ы – әдеби кітап екен. «Әлем көркем әдебиеті» бөлімінде – 1 847 кітап, «Ресей көркем әдебиеті» бөлігінде – 1 702 кітап, «Қазақстанның көр­кем әдебиеті» тобында 1 259 кітап жиналыпты. «Әдебиеттану» деп ат қойылған бөлімде – 437 шығарма тізілген. Олар­дың арасында Ахмет Байтұрсынұлы­ның 1914 жылы шыққан «Қазақша әліп­песі» де тұр. Богословскийдің Тургенев туралы, Гроссманның Пушкин туралы шығармалары да осында.

«Тарих және тарихи ғылымдар» бөлі­мінде – 335 кітап, «Өнер. Өнертану» бөлімінде – 308 кітап, тіпті жаратылыстану бағытындағы ғылыми кітаптардың саны – 232 екен. Одан бөлек, Қадыр ақын өмір бойы жұмбақ, мақал-мәтел, жаңылт­паш сияқты ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, мұқият оқып отырған. Осындай шығармалар іріктелген «Фольклор. Фольклористика» бөлімінде – 119 кітап болса, ал «Саяси ғылымдар, философия» бөлімінде – 168 кітап, «Денсаулық сақ­тау. Медицина ғылымдары» бөлімінде ­75 шығарма жинақталған.

«Тіл білімі» сериясында 50 кітап, олардың арасында Л.Успенскийдің «Слово о словах» 1957, орысша-әзербайжанша сөздік, орыс-татар сөздігі, 1941; Краткий словарь синонимов русского языка. 1956; Күлтегін Тоныкөк: ежелгі түркі рун жазбалары, т.б. еңбектер бар екен.

Қадыр кітапханасындағы қалған кітап­тарды былайша жіктеуге болады екен: «Дін. Мистика. Ерекше ой» – 38 кітап, «Психология» – 31 кітап, «Техника. Техни­калық ғылымдар» – 30 кітап, «Ғы­лым. Ғылымтану» – 18 кітап, «Ауыл шаруа­шылығы, орман шаруашылығы» – 16 кітап, «Дене тәрбиесі және спорт» – 10 кітап.

Бұдан бөлек, Қадыр Мырза Әлінің кітапханасында 100-ден аса түрлі сала­дағы энциклопедия, анықтамалық, биб­лиографиялық көрсеткіш бар дейді...

 

* * *

Дегенмен, Қадыр ақынның жеке кітапханасын түбегейлі зерттеу енді ғана басталған сияқты. Биылғы сәуір айының басында орталық басшысы болып тағайындалған Дәулеткерей Құсайынов көп кешікпей-ақ орталықтың әлеуметтік желідегі парағында «Ақын мұрасы – алқа назарында» атты айдармен ерекше жазбалар жариялай бастады.

Қаламгердің өмір бойы жинаған кітапханасындағы әр кітапты қолға алып қарағанда, ұлы ақынның кітапқа деген махаббаты кім-кімді де қызықтырмай қоймайды. Әр кітаптың алғашқы титул беті жиегінде «Қадыр Мырзалиевтің жеке кітапханасы» деген жазуы, ортасында ақынның профиль суреті бар дөңгелек мөр басылса, кітаптың ішкі беттерінің бірінде кітап иесінің аты-жөні жазылған тағы бір таңба салынған. Сондай-ақ ішкі мұқабада кітаптың қай күні сатып алынғаны көрсетілген.

– Ақын кітапханасынан «біссіміллә» деп қолға алған алғашқы кітабымыз – Мәскеудің Көркем әдебиет мемлекеттік баспасынан 1957 жылы жарық көрген Аристотельдің «Поэтикасы» болды. «Ә» дегенде көзге бірден шалынатыны, кітаптың кейбір сөзін қызыл қарындашпен сызып тұрып оқып, керек деп тапқан кейбір тұстарына өзінің оймақтай ойларын жазып қалдырып отырса да, ешбір бетін қайырып бүктемеген, – дейді Дәулеткерей Атауұлы.

Данышпан Аристотельдің «о допустимости лжи» дегенінің тұсына тереңірек шұқшиып, «нелогичное следует оправдывать тем, что говорят люди, между прочим и потому, что иногда оно бывает не лишенным смысла: ведь вероятно, чтобы кое-что происходило и вопреки вероятности», деген тұсқа келгенде өз қолымен баттитып: «Әрине!» деп қостап жазып қойыпты.

5

Кітаптың 42-бетіндегі «поэзия, номы» деген сөздердің соңғысына шүй­лігіп, төбесіне сұрақ белгісін қойыпты. Ол кез­де қазіргідей қол астында ғаламтор болма­ған­дықтан, кейін мағынасын қалайда тауып алу үшін белгілегені айдан анық. Бұдан ақын назары кездескен сөз-сөйлем атаулының бәрін ой елегінен өткізіп отырғаны аңғарылады.

Қадыр ақын атақты түрік сатиригі Әзиз Несиннің Мәскеудің «Иностранная литература» ­баспасынан шыққан «Собачьи хвос­ты» ­деген кітабын 1958 жылы сатып алған екен. «Бұл оның университетті аяқтап жатқан кезі. Ал осыдан тура бір жыл бұ­рын отау құрып үлгерген еді. Олай болса, ағарып атқан таң мен ұясына бет алған қызыл шырайлы күн арасындағы мойын бұрылтпайтын, мұрын сіңбіруге мұрша жоқ қарбалас тірлікте кітап та жинаған бо­лып тұр» дейді Дәулеткерей Құсайынов.

Ақиқат үшін айта кеткен абзал, «Қа­дырсарайда» салт басты, сабау қамшы­лы кезі­нен-ақ жанына серік еткен кітабы кез­деседі. Бәріне тән бір нәрсе: ешбір беті қайырылмаған, иненің жасуындай дақ түспеген, жөнсіз шимай жоқ. Бәрі бір-біріне мәтінді айшықтаған егіз қозы­дай ұқсас белгімен дараланып тұрады. Жаңа­лап түптеу жолымен «өмірге қайта келген» кітаптар да өздерін мейіріммен аялаған алақан иесі туралы хабар береді.

Қадыр ақын Мәскеудің «Худо­жес­­твенная литература» баспасынан өткен ғасырдың 80-жылдары шыққан «Максим Горький в воспоминаниях современников» деген қос томдық кітабын да жата-жастанып оқыпты.

Қадыр аға Қали Сәрсенбайға берген бір сұқбатында: «Өз меншігіңнің аты – өз меншігің. Өз кітаптарымды мен әдетте, қысылмай, қымтырылмай белгі салып отырып, сызып оқимын. Жылдар өткен соң әлгі өзім арнайы белгі салған жерлерге қайтып ораламын. Санамды, зердемді жаңғыртамын. Іздеген нәрселерімді, ой-пікірлерімді, мәліметтерді тез тауып, қуанып қаламын. Сондай бір қажетті қайта оралулардың кезінде «Жазмышты» жазу идеясы туды», деп ағынан жарылған екен.

Шынында да оқырман Қадырдың ізіне түскен Дәулеткерей Атауұлы сонау 1950–1960 жылдары-ақ ақын өзі оқыған кітаптарының кей тұсын астын сызып, арнайы белгі салып, «керек» деп таңбалап отырғанын байқаған.

«Әсіресе, жиырма үш жасында қолына тиген Несиннің кітабын өте ұқыпты ұс­та­ғаны соншалық, тіпті тозған жұқа мұқа­басының өзін ақ қағазбен желімдеп әде­мілеп қайта тыстап қойыпты. Күн көзінен аз­дап сарғайғаны болмаса бір ноқат көрін­бейді. Бұдан бұрынғы жазбаларымызда ағамыздың кітап оқу мәдениетіне қатты таңғалып келсек, енді бұл дағдының алтын тамыры сонау шыбықты ат қып мінген шағынан басталғанына көз жеткіз­дік» дейді «Қадырсарайдың» бүгінгі басшысы.

Қадыр аға Мәскеу қаласындағы Мемле­кеттік кітап-журнал баспалары бірлестігі (ОГИЗ) Көркем әдебиет мемлекеттік баспасынан 1948 жылы шыққан В.Г.Белинский­дің үш томдық шығармалар жина­ғын жас кезінің өзінде қолына түсіріпті. Ал бұл ол кезде оңай болмаған. Басынан аяғы­на дейін қызыл қарындашпен сызып оқы­ғанына қарамастан, қалыптасқан әде­тінше, бір бетінің шетін қайырмай, кір шалмаған үтіктеулі ақ көйлектей күйінде сақтаған. Бір қызығы, жастау кезінде қызыл қарындашпен бірге қарасын да қатар қолданыпты. Қызылмен астын сызып отырса, қарамен жанына кішкентай қосқанат қып белгі салады. Кей тұстарында қарамен жазылған «керек» деген сөз кездеседі...

– Бар болғаны отыз алты жыл өмір сүрген Байронды сол кездегі жиырма сегіз жастағы Қадыр ақын қалай оқыды екен деген толғаныспен «Байрон. Дневники и письма» басылымын парақтадым. Бірден көзге түсетіні, егер Қадыр ағаның ерекше белгі салып отырған тұстарын реттік тәртібімен бір жолға тізіп шығар болсақ, онда Байронның психологиялық портретін де, қалыптасу жолдарын да аңғаруға болады, – дейді Дәулеткерей Атауұлы.

Осы кітапта Байронның өлерінен үш жыл бұрын қалдырған «опиум я теперь люблю меньше, чем прежде» деген жазбасын белгілеп, жанына қазақша «к/к» – «керек» деп жазыпты. Осы жолдардың аудармасы көп кейін жарық көрген «Жазмышта» тұр: «Ал Байронның өзі кейін «...бұрынғыдай апиынға өліп-өшіп ұмтылмаймын» (14 қаңтар, 1821 ж.) – деп көрсетеді күнделігінде. Сірә, есірткінің естен тандырған өте бір ауыр күндерінен әрең дегенде құтылып, көзі ашыла бастаған кездері болуы керек».

 

* * *

Қадыр ағаның жеке кітапханасын ақ­тарып отырып, ол кісінің әбден қа­лып­тасқан кітап оқу мәдениетін көреміз. Әр кітапты өте ыждағаттылықпен, зейін қойып оқу, астын сызып, қажет жерін түртіп алу – ақынның айнымас әдеті бол­ған екен. Содан соң бір бетті оқып отырып, кітаптың басқа бетіне сілтеме жасайды. Көрсетілген параққа барсаңыз, қара қарындашпен салынған белгі тұрады. Яғни бұл кітапты ақын армансыз ауда­рып-төңкеріп әлденеше рет оқыды деген сөз. Сөйте тұра бір парағының шетін бүктемейді. Жоғарыда өзі айтқандай, бөлек картотека ашып, оған мазмұны мен ойларын жазып отырған. Бұл, білсеңіз, кітап оқудағы кәдімгі ғылыми әдіс.

«Мұны кейінгі жастар қазір де осы күйінде еш өзгеріссіз пайдалануына болады ғой» дейді «Қадырсарайдың» басшысы.

Қадыр оқыған кітаптарды қайта ақтарғанда ақынның қаламгерлік лабораториясы ақырындап алтын қақпасын аша бастайды. Жазушының шығармашылық үрдісі, оқыған кітаптарды жүйелеп пайдалану, кітап оқу сияқты тақырыптарға арналған ашық сабақ өткіземін деушілер болса, «Қадырсарайдағы» қазына – таптырмайтын мүмкіндік екені даусыз.

– Біз болашақта қадыртану мәселесіне мойын бұрған ағайын үшін ақынның мол мұрасымен емін-еркін танысу жағдайын қарастырып жатырмыз. Облыстық телеарна арқылы арнайы хабар жүргізу де ойымызда бар, – дейді Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталы­ғының басшысы Дәулеткерей Құсайынов.

Кітап оқысақ, Қадыр ақынша оқиық, ағайын.

 

Батыс Қазақстан облысы