Қоғам • 30 Шілде, 2025

Әдемі қартая білуге де парасат қажет

60 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алты бала өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бір ағайын қартайған шағында перзенттерінің өзіне деген ықыласына көңілі толмай: «Еліміздің Конституциясында кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті», деп жазылған. Ендеше, әйелім екеуіміздің кәрі қойдың жасындай ғұмы­рымыз қалғанда балаларымыз бізге неге дұрыс көңіл бөлмейді?» деп қын­жылғаны бар. Осы сауал төңірегінде өзі де толғанып, бізді де ойға қалдырған еді.

Әдемі қартая білуге де парасат қажет

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Ол кісі – өмір бойы ұстаздық еткен, ауылдастарына адалдығымен, әділдігімен танылған, мінезі қатаңдау болғандықтан, бала-шағасы қабағы­на қарап, қаймығып тұратын адам. Кейін зайыбы дүние салған соң бөлек тұратын кенже ұлы қолына алды. Өзге ұл-қыздары халін біліп, хабарласып, сый-құрметтерін көрсетіп тұрады. Сондықтан да бір кездегі оларға деген өкпе-ренішін ұмытқан. Онысы өзімшіл көңілдің пендешілігі болғанын түсінген тәрізді.

Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп өсірген балалары бойынан қуат кетіп, көзінен нұр тайған шағында қарттар үйіне апарып тастап, керексіз еткен мүсәпір жандар бүгінгі қоғамымызда аз емес. Қазір елімізде мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын 46 қарттар үйі бар. Соның ішінде біреуі – үкіметтік емес ұйым. Оларда бүгінде 6 мыңға жуық қария өмір сүріп жатыр. Бұл ретте оң нышан ретінде мемлекеттік қарттар үйлерінің саны 2017 жылғы 51-ден былтыр 45-ке дейін азайғанын айтуға болады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2023 жылғы 22 маусымдағы бұйрығымен бекітілген «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар қызметінің қағи­даларына» сәйкес қарттар үйлеріне ата-аналарын асырап-бағуға міндетті кәмелетке толған балалары мен қам­қорлық жасайтын жұбайы жоқ, зей­неткерлік жасқа жеткен, өзіне қыз­мет көрсете алмайтын қарт адамдар қабылданады. Олар – І, ІІ топтағы мүгедектігі, онкологиялық, психикалық аурулары бар, бас бос­тандығынан айыру орындарынан босап шыққан, психикалық диспансерде есепте тұрған қарт адамдар. Араларында ұл-қыздары әртүрлі қызмет атқарып, кәсіпкерлікпен айналысып, талайдан ілгері тұрмыс кешіп жүргендер де бар. Қариялардың зейнетақысының 70 пайызы қарттар үйінің шығынын жабуға ұсталады.

Осы орайда назар аударарлық жайт – Астана қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорыны зейнеткерлерге ақылы негізде де қызмет көрсетіп отыр. Олардың осы орталықта тұру ақысын балалары төлейді. Елорданың «Көктал–1» тұрғынжай алабында орналасқан мекемеде қарт адамдарға барынша жайлы тұрмыстық жағдай жасалып, олардың бос уақытын ұтымды өткізуге арналған іс-шаралар қарастырылған. Мұндай қариялар зейнетақыларын толықтай өздері жұмсайды. Кейбіреулерін сенбі-жексенбі күндері ұл-қыздары үйлеріне алып кетіп, демалыстарын отбасында бірге өткізеді. Шынтуайтында, қартайған кезде жан жарынан айырылып қалған, немере-шөбелерін бағуға көмектеспек түгіл, өздерінің жүріп-тұруына жәр­дем қажет қариялар қаладағы пәтердің төрт қабырғасында қамалып отырған­нан гөрі аталған орталықта әлеуметтік қызметшілердің көмегіне сүйеніп, өз замандастарымен бірге әңгіме-дүкен құрып, көңілдірек күн кешкенді құп көреді.

Өкінішке қарай, қамкөңіл қария­ларға қарттар үйлерінің бәрінде бірдей қалтқысыз қамқорлық жасалып отырған жоқ. Мысалы, бұдан үш жыл бұрын Қаржы мониторингі агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің қызметкерлері жергілікті Ардагерлер үйінің қызмет­керлерін сонда тұрып жатқан 25 зейнеткер мен мүгедектігі бар адамның жалпы сомасы 1,3 миллион теңге зейнетақысы мен жәрдемақысын жымқырып, өзара бөлісіп жатқан сәтінде қолға түсіргені жадымызда. Олар мұндай қылмыстық «кәсіппен» бес жыл бойы айналысып келген екен.

Осы жылдың басында Павлодар облысы Ақсу қаласының прокуратурасы жергілікті бюджеттен қаржы­ландырылатын «Қамқор» әлеуметтік қызметтер орталығында қарияларға зорлық-зомбылық жасалатындығын әшкереледі. Аталған пансионаттың бақылау камерасы түсірген бейнежазбаларда бір әлеуметтік қызметші екі дәрменсіз қарт адамды үнемі ұрып-соғып, қолдарын бұрап, қыс ішінде көшеге сырт киімсіз шығарып, қасақана суыққа тоңдырып тұрғаны бейнеленген. Жәбірленушілердің бірі 84 жаста екен. Қатыгез қызметкер жақында сот үкімімен 3,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Ақсу қаласында болған сол келеңсіз оқиғаға байланысты Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Премьер-министр­дің орынбасары Ермек Көшербаев­қа депутаттық сауал жолдап, онда қарттар үйлері қызметкерлерінің моральдық-этикалық қағидаларды сақ­тамауы, олардың қызметіне бақылау жеткіліксіздігі, білім беру жүйесінде тұлғаның жеке жетістіктеріне басымдық берілгенімен, оның адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға, отбасы құндылықтарын қастерлеуіне, әсіресе үлкендерді құрметтеуіне жеткілікті назар аударылмайтындығы сияқты кемшіліктерді атап көрсетті. Оған берілген ресми жауапта биылдан бас­тап халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізілгендігі, оның негізгі мақсаты қызмет алушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту, тиісті деңгейде қажетті жағдай жасау екендігі, аталған мекемелердің қызметіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігінің тиісті комитетінің аумақ­тық департаменттері талдау және ба­қы­лау жүргізетіндігі мәлімделген. Сон­­дай-ақ 2024–2025 оқу жылында мектепке дейінгі, орта және кәсіби білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілген. Жалпы, білім беретін мектептерде Ата-аналарға педа­го­гикалық қолдау көрсету орталық­тары құрылып, олар ата-аналарға бала­ларды оқыту, тәрбиелеу жөнінде әдістемелік, практикалық көмек көрсетіп жатыр. Ұлттық құрылтайдың Бурабайда бол­ған биылғы отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырма бойынша Үкімет әзірлеп жатқан «Қазақстан бала­лары» бірыңғай бағдарламасында да дәстүрлі моральдық құндылықтарды нығайтуға бағытталған шаралар қарас­тырылмақшы.

А. Әлтай: «Ата-анасын қарттар үйіне тапсырған жеке тұлғалардың еңбек табысының бір бөлігі әке-шешесіне тиесілі болғаны әділеттілікке сай келер еді», деген ұсыныс та білдірген. Оған «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекске сәйкес еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-аналарына қамқорлық жасамаған жағдайда олар өз балаларынан сот тәртібі арқылы алимент өндіріп алуға құқылы» деген жауап беріліпті. Алайда қарттар үйіне тапсы­рылған ата-аналардың көбі тасбауыр перзенттерінен алимент өндіріп алу үшін сотқа жүгінуге арланатындығы анық. Сондықтан да алдағы уақытта бұл мәселенің шешімін заң шығару құқығына ие Мәжіліс депутаттарының өздері қарастырса, құба-құп.

Көптен таныс бір ақсақал Қостанай қаласынан елордаға қоныс аударып, осында тұратын үш қызының босағаларын сағалап жүр. Зайыбы өмірден өткен соң ішімдікке салынған әрі сөзуар адам. Жалғыз ұлының орысша оқып-тәрбиеленген әйелі оған: «Мен арақтан аузы құрғамайтын маскүнем, күнде миымды жейтін мылжың шалмен бірге тұра алмаймын. Не менімен, не онымен бірге тұр», деген екен үзілді-кесілді. Сол себепті ұлы әкесіне келіп: «Менің кіммен тұруым қажеттігін енді өзің шеш», депті. Әдемі қартая білу үшін де адамға үлкен ақыл-парасат қажет-ау...