Талбесік • Кеше

Жанға жайлы жасыл желек

30 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Шортанды ауданын­да еліміздегі ең ірі жеке­мен­шік орман тәлім­бағы жұмыс істейді. Жаңа жобаның жалпы құны – 6 млрд теңге. Бүгінде 485 га алқапқа көшет егіп отыр.

Жанға жайлы жасыл желек

Көкшетау десе көз ал­дыңа көгілдір сағым көмкерген көркем даладағы мәңгі жасыл қарағай, ұшар басы ақша бұлттардың бауырын аймалаған зәулім терек, қолдың саласындай ақ қайыңдар елестер еді. Әйтсе де, сыңсыған орманның сыбағасы бар тарапқа бірдей бұйырмаған. Бұланды ормандарымен қойындасып жатқан Меңіреу, Бурабай баурайындағы жақпар тастарды қақ жарып өскен қалың қарағайлы, сары сағымы кілкіген Сандықтау өңірі болмаса, өзге өңірдің өңі жүдеу. Жаңа жоба сәтімен сабақталса, жалғыз Ақмола аймағы ғана емес, бар қазақтың даласы жасыл желекке малынатындай-ақ.

Аудандағы 19 инвестициялық жобаның ауыз толтырып айту­ға лайық қомақтысы да – осы «Қазақстан орманы» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі. Қазір серіктестікте ауылдың 35 тұрғыны тиянақты еңбек етіп жүр. 2027 жылы 150 тұр­ғынды тұрақты жұмыспен қам­тымақ. Орташа айлық мөлшері – 250-300 мың теңге төңірегінде. Ауыл тұрғындарына тәп-тәуір табыс, оның үстіне таза ауа, жанға жайлы жұмақ мекеннің бір пұш­пағы. Төрт құбыласы тегіс жасыл өскін.

Кәсіпорынның құрылтай­шысы – жанар-жағармай өнді­ретін «ҚазМұнайХим» компаниялар тобы. Компания басшылары өздерінің экологиялық жауап­кершіліктерін осылайша танытып отыр. Қазақтың «алаған қолым береген» деге­ніне келеді. Шынында да, төл табиғатымыздың көл-көсір бай­лығын пайдаланғаннан кейін сол табиғатқа да жанашырлық жасалуы керек қой. Демек жар­қын жобаның астарында адамгершілік, ізгілік ізеттері жатыр. Алдағы мақсат – бола­шақтағы бес жылдың ішінде Алтайдан Атырауға дейінгі тұлпардың тұяғын тоздыратын, сұңқардың қанатын талдыратын сайын далаға көптеп көшет егу. Алдымен табиғаттың тынысын, топырақтың құнарын зерделеген. Ағаш атаулының бәрі бірдей емес, қарапайым тілмен айтқанда, таңдап, талғап қана өспек. Тілін тапқан ғана қара жерге еккен көшетінің бой салып, бәйтерекке айналғанын көре алады.

орман

Орманшы атаулы жеміс ағашын ексе, қашан соның жапырақ жа­йып, жемісін бергенін сағынып, сарғайып тосады. Қазір тәлімбақта жұмыс істейтін адамдар осындай күйде. Бел буып кіріскен соң, бұл тараптағы бар білімін жетілдіріп, тиянақты еңбек етуге тырысып жатыр. Жаңа жоба 2027 жылы толық аяқталмақ.

Кәсіпорын директоры Қуат Ерғалиевтің айтуынша, «Қазақстан орманы» – бүгінгі таңда еліміздегі ең ірі жемекеншік тәлімбақ. Тәлімбақтың жұмысына 1,2 миллиард теңге қаражат жұмсап үлгеріпті. Өндірістік база Шор­танды ауылының іргесінде. Екі маусым ішінде қисапсыз жұмыс атқарылған. Қай тұсына қарасаң да, ұқыпты қолдың табы анық білінетін алаңқайларда биіктігі көп-көрім, 2,5 миллион әртүрлі ағаш көшеттері бой салып өсіп тұр. Осы көшет тұқымдарының басым бөлігін тәлімбақ жұмысшылары өздері жинапты. Үміттеріне орап, алақандарымен аялап, қара жердің қойнауына сіңірген. Маңдай терлерімен суарған.

Ағаш түрлерінің де сан алуан екендігін айттық. Оның ішінде өте пайдалылары да бар. Мәселен, мына бір бұта тектестері шаң-тозаңды жұтып қояды екен. Мына бір бұталар дыбысты бәсеңдетеді. Осы бір жан жадыратар жаңалықты естіген кезде Көкшетаудағы жаз бойы ақ мамыққа орап тастайтын теректердің ойға оралғаны. Пайдасы жоқ, жұртқа зияны мол мұндай ағаштарды заманында неге екті екен? Сәл ғана лүп етіп жел соқса болды, теректің бұтағында тұнып тұрған ақ мамық лып етіп жерге түседі. Әп-сәтте «боран» бас­талады. Қардың емес, үлпілдеген мамықтың бораны. Қаншама адамдар аллергия... Ойын балалары шырпыны тұтатып жіберсе, жалыны бұрқ ете түседі. Қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта өрт қаупін өршітетін де осы мамық. Қала басшылығы жаңа жобаны дамытып, келесі жылы қауқиып тұрғаннан басқаға қауқары жоқ қаптаған теректі қырқып тастап, шаңды жұтатын, дыбысты бәсеңдететін бұталарды егіп тастаса, тамаша болмас па еді.

Көшеттер балғын күйінде. Өткір желден қорғау мақсатында кейбір алқаптарды жауып тас­тапты. Алғашқы легін сата бас­таған. Тәжірибе үшін алма ағаш­тарын да отырғызыпты. Ағаш көшеттерінен бөлек, алты түрлі сәндік гүл өсіруді қолға алыпты. Оның ішінде жерсінуі жағынан жақсысы – гортензия гүлі. Көз жауын алатын алқызыл гүл маусым айынан қыркүйектің соңына дейін шешек атып тұрады екен.

«Бұл жердің топырағы сар­ғыштау, құнары да мақтарлық емес, сондықтан көп уақытымызды көшет егетін алаңқайларды дайындауға жұмсадық. Сәндік павлония егіп едік, жерсінбеді. Сексеуіл егіп едік, қурап қалды. Шамасы, солтүстік, орталық аймақтың табиғатына көндігетін көшет түрлеріне иек артуымыз керек шығар», дейді тәлімбақтың агрономы Ерназар Серікбаев.

орман

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Бүгінде компанияның басты тапсырыс берушісі – «Астана зеленстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Олар қаланы көркейту мақсатында көшеттер сатып алып жатыр.

«Технология тарапынан керемет  құпия ештеңе жоқ, – дейді агроном. – Топыраққа тұқым сіңіргеннен кейін тамшылатып суару әдісін қолданамыз. Кейін көшеттерді басқа алаңқайға орналастырамыз. Бұл арада бір-бірінің арасындағы арақашықтықты сақ­тау керек. Табиғатқа төселу маусымы – жауапты кезең. Әрбір көшет  жаңа жағдайды жатырқап өседі. Көшеттерге жел де, бөтен дыбыс та әсер етеді. Көліктерден шығатын түтін де бой салып өспей жатып тұншықтырып тастауы ғажап емес. Міне, осындай талаптардың бәрі сақталса ғана өседі».

Суды үнемдеу де үнемі назарда. 12 мың текше метр су сыя­тын ор дайындалған. Қар суы осында құйылмақ. Ұңғыма­дан үздіксіз аққан су да еселеп отырады. Жиналған су күн сәулесімен жылынады. Ашық алаңқайда болғандықтан, от­тегімен толықтырылып тұрады. Жерасты суы мол болғандық­тан, тәлімбақтағы көшеттердің ылғалдан тарығуы мүмкін емес. Орды толтыру үшін жеті бірдей ұңғыма қазып тастапты. Суын ішіп көрдік, тап-таза, мөп-мөлдір. Тәлімбақ басшылары тағы төрт ұңғыма қазбақ. 

Алдағы уақытта «Қазақстан орманы» серіктестігі тағы бір жаңа жобаны жүзеге асырамыз деп ниеттеніп отыр. Екі га жерге он жылыжай орналастырылмақ. Жылыжайда қызанақ, қияр, шал­қан тәрізді көкөністер өсірілмек. Қ.Ерғалиев жаңа жобаның табысты боларына сенімді.

«Жылыжайда өсірілген кө­көніс­­тер бүгінгі нарық бағасы­нан әлдеқайда арзанға сатылады, – дей­ді ол. – Сонда тұрғындар жұмы­сымыздың жемісін көреді».

Серіктестік жаңа инвестиция­лық жобаның жобалау-сметалық құжаттамасын дайындап жатыр. Бұл тараптағы мәселе ойдағыдай шешілсе, мемлекеттік сараптамадан өткізілмек. Алғашқы өнімді 2026 жылы ала бастаймыз деп үміттеніп отыр. Қыруар іс сәтімен сабақталса, елге игілік болары сөзсіз. Инвестицияның иініңді көтерер қуаты да осы.

 

Ақмола облысы,

Шортанды ауданы