
Жиында сөз алған Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев слет қатысушыларына сәттілік тілей отырып, жұмысшы мамандықтарының ел дамуына қосар үлесінің ерекше екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Бұл – тек бір салаға маман дайындау емес, ел экономикасының тірегі саналатын мамандықтардың маңызын қайта бағалау. Бірнеше жыл бойы жұмысшы мамандықтарына деген көзқарас біржақты стереотиптер арқылы қалыптасты. Алайда бүгінде жағдай өзгерді. Жұмысшы – заманауи технологияны меңгерген, еңбек нарығында сұранысқа ие, білікті маман. Біз мемлекет ретінде еңбекке лайықты құрмет көрсету үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Себебі жұмысшы мамандарсыз индустриялық даму, өндірісті жаңғырту мен экономикалық тұрақтылықты сақтау мүмкін емес. Бұл өзгерістің бел ортасында сіздер – жас мамандар тұрсыздар», деді Е.Көшербаев.
Оқу-ағарту министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, Жұмысшы мамандықтары жылының жартыжылдық қорытындысы көңіл көншітеді. Айталық, жыл басынан бері 8 мыңнан көп кәсіби бағдар беруші педагог даярланды, жаңа оқу жылында 700-ден аса бейінді сынып ашылады, қазіргі таңда 352 сынып іске қосылды. 1300 мектеп оқушысы жұмысшы мамандықтарының базалық дағдыларын меңгеріп үлгерді. Қамқорлыққа алатын кәсіпорындар саны 7 есе өсті, мекемелермен жасалған дуалды келісім саны 2 есеге артты, бүгінде 18 мың кәсіпорын студенттерді дуалды оқыту жүйесімен даярлап жатыр. 185 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылады, студенттердің жатақханамен қамтылуы 96%-ға жетеді. 1 қыркүйектен бастап техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі 437 мың теңгеден 912 мың теңгеге дейін, яғни екі есеге ұлғаяды.
Слетте сөйлеген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев: «Бүгінде еңбек нарығында тек диплом ғана емес, нақты дағды маңызды. Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Қытай, Франция, Түркия, Жапония, Ұлыбритания, Грузия және басқа да елдермен бірге 10 халықаралық жоба іске қосылып жатыр. Колледждерді халықаралық сертификаттау алғаш рет қолға алынды. Енді біздің студенттер өз құзыреттерін жаһандық стандарттар бойынша дәлелдеп, шетелдік тағылымдамаларға, жұмысқа және жаһандық еңбек нарығына шығу мүмкіндігіне ие болады», деді.
Слетке қатысушылардың арасында Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің 3-курс студенті Аяла Байболат та бар. Ол грантта оқиды, ал Аяланың білім алатын колледжі интернационалдандыру жобасына алғашқылардың бірі болып енген.
«Президент жұмысшы мамандықтары жылын жариялағанда мамандығымыз бен өз саламыз бойынша істейтін жұмысымыздың шынымен де маңызды екенін сезіндік. Қазіргі колледждер – болашағы бар таңдау. Бізде заманауи шеберханалар ашылып жатыр, халықаралық тағылымдамалар ұйымдастырылып тұрады, ең бастысы нақты мүмкіндіктер бар. Бұл сенім мен қолдау үшін алғыс айтамын», деді колледж студенті.
Слет 3 күнге созылды. Қатысушылар мотивациялық кездесулер, шеберлік сабақтары, интерактивті білім блоктарынан өзіне теориялық-іскерлік тәжірибе жинап, командалық тапсырмаларды орындау арқылы шыңдап, мазмұнды мәдени және спорттық бағдарламаға атсалысты. Айта кетейік, елімізде 772 колледж бар, онда 550 мыңнан аса студент білім алып жүр.