Иллюстрация: Qandastar.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл елге қоныс аударғандардың 45,7 пайызы – Өзбекстаннан, 42,1 пайызы – Қытайдан, 4,5 пайызы – Түрікменстаннан, 2,6 пайызы – Ресейден, 2,6 пайызы – Моңғолиядан, ал қалған 2,5 пайызы басқа елдерден келген.
«Осы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 58,4%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 32,8%-ды және зейнеткерлер 8,8%-ды құрайды.Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15,3%-ы жоғары білімді, 28,4%-ы орта кәсіби білімді, 50,6%-ы жалпы орта білімді, және 5,7% білім жоқ», делінген хабарламада.
Қандастар елдің барлық өңірлеріне қоныстанғанымен, еңбек күші тапшы аймақтарға ерекше назар аударылған. Бұл қатарда Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары бар.
2025 жылға арналған квота бойынша осы өңірлерге 2 309 қандасты қабылдау жоспарланған, ал қазан айының басына дейін 1 725 адам солтүстік және шығыс облыстарға қоныс аударған.
Айта кетейік, мемлекет тарапынан қандастарға бірқатар әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады. Отағасына және отбасы мүшелерінің әрқайсысына бір реттік 70 АЕК (шамамен 275 мың теңге) көшу жәрдемақысы беріледі. Сондай-ақ тұрғын үй жалдау мен коммуналдық төлемдерді өтеу үшін бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК-ке дейін (59 мыңнан 118 мың теңгеге дейін) беріледі.
Жыл басынан бері 916 қандасқа түрлі қолдау көрсетіліп, оның ішінде 277 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Бұдан бөлек, ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,56 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.