Қоғам • Бүгін, 08:50

Еңбегімен ел мерейін өсірген

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыс әкімдігінде Металлургтер күніне орай мере­келік жиын өтті. Салтанатты шара ба­ры­сында өңірдегі металлургия саласының қа­рыш­тап дамуына сүбелі үлес қосқан сала арда­гер­­лері мен үздік мамандар марапатталды.

Еңбегімен ел мерейін өсірген

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов метал­лург­терді кәсіби мере­ке­сімен құттықтап, металлургия саласы өңір экономикасының жетекші бағыты екенін атап өтті. Ол осы салада еңбек етіп жүрген әрбір маманның қажырлы еңбегі мен табандылығының арқасында өндіріс көлемі жыл сайын ұлғайып келе жатқанын айтты. Бұл өз кезегінде отандық өндіріс саласының дамуына үлкен серпін беріп отыр. Аймақ басшысы бүгінде мыңдаған шығысқазақстандықтың металлургия саласында еңбек етіп жатқанын алға тартты. Әлеуеті зор өндірістік өңірде түсті металлургияның 60%-ы, мырыш­тың 100%-ы, тазартылған күмістің 70%-ы өндіріледі. Өскемен қаласында орналасқан ірі кәсіпорындар – «Казцинк» ЖШС, «ҮМЗ» АҚ, «Өскемен ТМК» АҚ және «Востокцветмет» ЖШС стратегиялық маңызы бар, сирек кездесетін металдарды өңдеумен айналысады.

Қазір облыстағы 70-тен астам өнеркәсіп пен зауыттың 80%-ы – өңдеуші кәсіпорындар. Мәселен, әлемде бар болғаны үш берилий шығаратын зауыт болса, ал ТМД елдері бойынша тантал өндіретін бес зауыттың бірі – Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты. Аталған кәсіпорын уран, тантал және берилий өнімдерін ірі көлемде өндіреді және Қазақ­станда атом электр стансалары үшін жылына 200 тонна төмен байытылған уран отынын шыға­ра­тын жалғыз зауыт саналады.

«Металлургия саласын «ин­дустрияның жүрегі» деуге болады. Бұл ретте, ел мүддесіне адал қызмет етіп, қажырлы еңбектің көш басында тұрған, өңірдегі металлургия саласының дәстүрін қалыптастырып, берік негізін қалап берген ардагерлерге алғыс білдіремін. Сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында біздің облыс өнеркәсіптік дамудың жаңа сатысына көтерілді. Еліміз­дің өндіріс саласы да осы еңбек­тің нәтижесінде қарқын алып келеді. Енді бұл дәстүрдің жал­ға­сын тауып келе жатқаны қуантады. Бұл – сіздердің кәсіби­лік­теріңіздің, еңбекқорлық пен төзімділіктеріңіздің айқын көрі­нісі. Әр азаматтың әл-ауқа­тын жақсартып, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып келесіздер. Мерекелеріңізбен құт­тық­таймын!» деді облыс әкімі.

Мерекелік жиында сала ардагерлері мен үздік мамандарға мемлекеттік марапаттар мен облыс әкімінің атынан Алғыс хаттар табысталды. ШҚО Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы­ның «Шығыс суқоймалары» КМК инженер-гидротехнигі Мирзан Иманжанов «Құрмет» орденімен, «Востокцветмет» ЖШС Артемьев шахтасының жерасты учаскесінің тау-кен шебері Серікқан Төлеубаев және «Казцинк» ЖШС мыс зауытының балқытушысы Казез Бекшентаев III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, «Казцинк» ЖШС, Малеев кенішінің жүк тиеу-жеткізу машинасының машинисі Руслан Карыкбаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сонымен қатар Уран өндірісінің 6-разрядты аппаратшысы («ҮМЗ» АҚ) Михаил Матрёнинге, Тантал өндірісі №58 цехтың 6-разрядты аппаратшысы («ҮМЗ» АҚ) Оразалы Жетеновке, №3 цехтағы титан мен сирек металдарды қалпына келтіру және айдау пешшісі («Өскемен ТМК» АҚ) Юрий Куликовқа, №12 цехтың балқытушысы («Өскемен ТМК» АҚ) Азамат Қожахметовке, Ертіс шахтасының өндіру учаскесінің скреперлік лебедка машинисі («Востокцветмет» ЖШС) Нұрлан Есімбековке, Артемьев шахтасының тиеп-жеткізу көлігінің машинисі («Востокцветмет» ЖШС) Архат Көпжасаровқа облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Жиын соңында аймақ бас­шысы марапат иелерін құт­тық­тап, салтанатты іс-шараның қатысу­шыларымен естелік суретке түсті.