
Суретттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Гастрофестивальдың бірінші күнінен-ақ «Қазанат» ипподромына жиылған жұрттың санында есеп жоқтай көрінді. Демалысты мәнді-мағыналы өткізуді ойлаған тұрғындар мерекелік іс-шараға отбасымен барса, қалаға сапарлап келген ағайын да қызықтан құр қалмауға тырысқан. Алыс-жақын шетелден келген туристер тіпті мәре-сәре. Ұйымдастырушылар екі күнге жалғасатын фестивальға 50-60 мың адам жиылады деп күтсе, бірінші күннің өзінде ипподромға 40 мың адам келіпті. Екінші күнінде тағы 30 мыңнан астам адам жиылыпты. Демек гастрофестиваль ұлттық сипат алып, Наурыз мерекесі секілді жыл сайын тойланса, халық қуана-қуана қолдайды деген сөз. Ұлтқа, дәстүрге, ұлттық тағамға жанашырлық осындайда байқалады.
Ұйымдастырушылар 50-ден астам қымыз өндірушінің басын қосыпты. Олардың дені – атакәсіптен ұзақ жыл қол үзбей келе жатқан шаруалар.
Сондай-ақ қымыз өндіруді кейінгі 5-6 жылдың бедерінде мықтап жолға қойып, өнім көлемін еселеп ұлғайтып отырған кәсіпкерлер де көп. Кәсібінің нәсібін көріп отырған өнім өндірушілер гастрофестиваль аясында «Ең үздік қымызды» анықтайтын байқауға қатысып, жүлдегер қатарынан көрінуге үмітті болды. Байқаудың мақсат-мұраты – еліміздегі ең сапалы әрі шипалы қымызды анықтау. Жеңімпаздарға демеушілер атынан қомақты қаржылай сыйлық тағайындалды. Жалпы жүлде қоры – 45 миллион теңге, бірінші орынға – 20 млн теңге, екінші орынға – 15 млн теңге, үшінші орынға 10 млн теңге тігілді. Байқаудың талабына сәйкес, ең үздік қымызды анықтауға қазылар алқасымен бірге қонақтар да үлес қосып, дауыс берді. Үміткерлердің арасында Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы, Ералиев ауылында «Qula» брендімен қымыз өндіретін шаруашылықтың мүшесі Гүлім Түскенова қымыз баптаудың қыр-сыры туралы айтып берді.
– Біз 2011 жылы «Асбер-Агро» серіктестігі болып құрылдық. Мал, егін шаруашылығымен айналысамыз. Фестивальға бір тоннаға жуық қымыз алып келдік. Ата-бабамыздың қымыз баптау әдісін әжелерімізден, беріде анамыздан көріп-білдік, әлі күнге дейін соны қолданамыз. Ашыту технологиясына келсек, күбіні күнделікті тобылғымен, қолдың қаймағымен ыстау қажет. Қымыздың бабы жақсы болмағы – оның пісуінде. Пандемия кезінде біздің ауылдың тұрғындары Жезқазған, Қарағанды, Жаңаарқадағы ауруханаларға қымызды тегін жөнелтіп, игі іс жасады. Қымыздың дәмді болмағы жайылымға да байланысты. Қымызымызды жұрт мақтап, оң бағасын беріп жатыр, соған қуанамыз, – деді Г.Түскенова.
Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданынан келген «Қарынши» шаруа қожалығы 1997 жылы құрылыпты. Содан бері үзбей ет, астық, қымыз өндіріп келеді.
– Шаруа қожалығының егесі – Төлеген Қайырбекұлы. 1 500 бас жылқы, одан бөлек, ірі қара, қой асыраймыз. Қымызымыз қолдың қаймағына, тобылғыға ысталады. Түсі сап-сары, қою. Қарағанды қаласында «Қарқаралы» деп аталатын екі дүкен бар. Сонда негізінен ауылымызда өндірілетін өнімдер сатылады. Бағасы қолжетімді. Жылына шамамен 40 тоннаға жуық қымыз өндіреміз. Бүгінгі көрмеге 700 литр қымыз алып келдік, – дейді қожалық иесінің қызы Сандуғаш Жұмабек.
Ұлттық құндылықтарды, дәстүрлі тағамдарды, сусындарды дәріптейтін фестиваль елордада өткен соң, үміткердердің басым көбі қалаға жақын өңірлерден келген екен. Алайда мұндай мазмұндағы ауқымды іс-шара алғаш рет ұйымдастырылғанын, әрі жүлде қоры ауқымды екенін естіп-біліп, алыс аймақтардан да өндірушілер ағылған. Солардың бірі – Түркістан облысы, Төле би ауданынан келген «Боз бие» шипажайының иесі Ләззат Адырбаева.
– Біз шипажайға келген қонақтарды саумалмен емдеуге басымдық береміз. 2016 жылдан өзіміз де қымыз баптап, емдеу-сауықтыруға осы әдісті тұрақты қолдана бастадық. Саумалға да, қымызға да сұраныс бар. Келетін қонақтардың көбі 10 күн бойы бие сүтін тұтынады. Қымыз баптау технологиясы туралы айтар болсам, қымызды киік отымен ыстаймыз. Негізі қымыз дайындағанда ең әуелі күбі таза болуы шарт. Сосын дұрыс пісілуі қажет. Бүгінгі гастрофестивальға 320 литр қымыз алып келдік,– дейді Л.Адырбаева.
Сөрелерді аралап, әр өңірдің қымызын татқан қонақтар өзіне дәмі ұнаған қымызға дауыс беріп жатты. Біз өндірушілермен пікірлесе келе әр шаруа қожалығының бал қымызды баптауда жылдар бойы ұстанып келе жатқан өзіндік әдіс-тәсілі барын аңғардық. Фестиваль барысында «BaiQymyz» гастрофестивалі идеясының авторы, ұйымдастырушысы Жұмажан Қалтаевты әңгімеге тарттық.
– Бүгін біз халықтың ұлттық салт-дәстүрге, тағамдарға құрметі зор екенін тағы бір мәрте байқадық. Сол тұрғыда ұлт саулығына әсер ететін сусынды насихаттау өрісін кеңейте беру керек. Фестиваль барысында біз бір орынға 30 тоннаға жуық өнім жиып, еліміздің рекордын жаңарттық. Қымыз байқауының жеңімпаздары бағалаудың 4 кезеңі бойынша анықталды. Бірінші, қонақтар ұнаған қымызына QR-код арқылы дауыс береді, екінші, қазылар алқасы бағалайды, үшінші, қымыз өндірушінің нарыққа бейімделуі, маркетингтегі қадамы ескерілсе, төртінші, зертханалық негізде тексеріледі. Мақсатымыз – қымыз өндірушілерді жарыстыру емес, шипасы зор ұлттық сусынымызды халыққа кеңінен насихаттау, – деді Ж.Қалтаев.
Гастрофестиваль аясында отандық, шетелдік ғалымдардың қатысуымен саумалдың, қымыздың емдік қасиетін жан-жақты сөз еткен ғылыми конференция өтті. Білікті мамандар, ғалымдар жылқы шаруашылығы мен дәстүрлі мал шаруашылығының даму болашағын талқылады. Германия, Ресей, Қырғызстаннан келген ғалымдар, дәрігерлер, ветеринарлар мен кәсіпкерлер түрлі баяндама жасады. Олардың арасында Германиядан келген жылқы шаруашылығы маманы Ханс Цольман, танымал гастроэнтеролог-дәрігер, медицина ғылымдарының докторы Бақытжан Биімбетов, этнограф Айгерім Мұсағажинова, басқа да сарапшылар болды.
– Ғалым ретінде қымыз бен саумалдың емдік-шипалық қасиеттерін зерттеп жүргеніме біраз болды. Зерттеумен айналысуыма күнделікті тәжірибеде пациенттердің саумал ішіп, өтіндегі тастан құтылғаны, ісіктердің, жараның кеткені, жүрек-қан тамыр ауруларына жақсы әсер еткені жөніндегі мысалдар себеп болды. 2014 жылы елімізде алғаш рет саумалдың ұнтақ түрі шыға бастады. Сол өнімді біз зерттей келе, құрамы кәнігі табиғи саумалмен 90% бірдей болып шыққанын анықтадық. Содан үзбей үш жыл ғылыми жұмыспен айналысып, нәтижесіне өзіміз тәнті болдық. Бауырдың майлануынан пайда болатын гепатиттің түрі бар. Сонда біздің хаттамада жазылған дәрі-дәрмекті қабылдайтын пациенттерді бір топқа, саумал ұнтағын ішетіндерді екінші топқа бөлдік. Араға үш ай салып, сырқаттардың жағдайын бақылағанда айырмашылық жер мен көктей болды. Саумал тек бауырдың функциясын дұрыстап қоймай, қандағы қант мөлшерін тұрақтандырған. Науқастардың бойынан әлсіздік кеткен, азаматтардың белсенділігі артқан. Осы нәтижелерді шетелдің журналдарына жарияладық, потенттер алдық, монография жаздық. Айта кетер жайт, саумалдың ұнтағын қазіргі капсулалармен шатыстырмау керек. Саумалдың капсула түрін сататындар халықты алдаумен айналысып жүр, – деді Б.Биімбетов.
Бесенеден белгілі, қымыз иммунитетті көтереді, зат алмасу үдерісін дұрыстайды. Оның құрамында ағзаға қажет дәрумендер, минералдар көп. Ғалымдар ұлттық сусынды әлемге таныту жайын да қозғады. Ол үшін қымызды бір стандартқа келтіру қажет. Қымыз өндірушілер осы стандартты түгел сақтап отырған жоқ, әркім өзінің үйренгеніне қарай дайындайды. Байқау талабы бойынша, үміткердердің сусындары зертханада сынақтан өтті, сол ретте ұлттық сусынның стандартын белгілеудің мүмкіндігі туды. Сондықтан конференция соңында қарар қабылданып, қымыздың стандарты нақтыланды. Яғни қымыз дайындау, сақтау талабы бәрі-бәрі қағаз жүзінде белгіленеді. Ұйымдастырушылар бұл қадам қымыз өндірісіне үлкен серпіліс береді деген үмітте. Өйткені байқауда үздік шыққан өндірушілердің қымызына келешекте сұраныс жоғары болатыны анық.
Фестиваль аясында өткен маңызды іс-шаралардың бірі – «Ер қанаты» тұңғыш жылқы көрмесі. Көрмені 3 000-нан астам адам тамашалады. Көрермен назары элиталы тұқымдардың ішіндегі гонновер, таза қанды ағылшын, орыс желісті, ахалтеке жылқылары мен жабы, мұғалжар, қостанай, бесқарағай секілді қазақы тұқымдарға, «Ұлы дала жорығы» бәйгесінің чемпиондарына ауды. «Қазақтың ең сұлу жылқысы» номинациясына мұғалжар тұқымы ие болса, «Қазақтың ең жүйрік жылқысы» номинациясына қостанай тұқымы лайық деп танылды. Сондай-ақ қолөнер шеберлері ертоқым, қамшы, ат әбзелдері сияқты тарихи бұйымдарын көрсетті. Бұдан бөлек, ипподромға жиылған көрермен тазылардың жарысын тамашалады.
Сурет «BaiQymyz» жобасының авторларынан алынды
Сонымен гастрофестивальда «Ең үздік қымыз» атағын Абай облысы, Саржал ауылы, «Жаныс» шаруа қожалығының қымыз өндірушілері жеңіп алды. Екінші орынға Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, «Қарынши» шаруа қожалығы ие болды. Үшінші орынды Ақмола облысы, Бурабай ауданындағы «Қабдулин» шаруа қожалығы еншіледі. Қымыз өндірушілерге негізгі жүлде қорынан бөлек, «Zhanykulov Foundation» қоры тағайындаған арнайы номинациялар ұсынылды. Бұл ретте Қарағанды, Ұлытау, Абай, Ақмола облыстары шаруа қожалықтарының мерейі үстем болды.
Екі күнге жалғасқан қымыз мерекесі ұлттық тағамдарды ғана емес, халықтың салт-дәстүрі мен құндылықтарын, мәдениетін насихаттайтын аса ауқымды жоба болды. Бұл бір жағынан сапалы өнім ұсынып келген өндірушілерді қолдауға септессе, екінші жағынан туризмді дамытудағы оң қадам екендігі даусыз.

АСТАНА