Шаруашылық • Бүгін, 01:08

Қаржылай қолдау тапқан қожалықтар

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«ҚазАгроҚаржы» арқылы алынған жаңа техника егіс пен еңбектің өнімділігін арттырды, деп жазады Egemen.kz.

Қаржылай қолдау тапқан қожалықтар

«ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы Абай облысында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз тур ұйымдастырды. Журналистер өңірдің жетекші шаруашылықтары – Бородулиха ауданындағы «Лада» шаруа қожалығы мен «Зенковское» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Сапар барысында ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизинг арқылы жаңарту агробизнестің тиімділігіне қалай әсер ететіні көрсетілді.

Алдымен тілшілер «Лада» шаруа қожалығына барды. 4 мың гектар алқапта бидай, қарақұмық, күнбағыс және мал азығы дақылдарын өсіретін шаруашылық күнбағыс майын да өңдейді. Қожалықтың басшысы Александр Романов бұл кәсіпті әкесінен жалғап, отбасылық істі дамытып отыр. «ҚазАгроҚаржы» компаниясымен серіктестік 23 жылға жалғасып келеді. Осы уақыт ішінде шаруашылық 368 миллион теңгеге 20-дан астам техника алған. Оның ішінде МТЗ, Buhler тракторлары, Essil және Vector комбайндары бар.

«Бүгінде жаңа техника – басты қажеттілік. Мысалы, Gaspardo Chrono 916 себу машинасы арқылы бұрын үш адам атқаратын жұмысты енді бір оператор орындайды», – дейді фермер.

Келесі аялдама – Зенковка ауылындағы «Зенковское» ЖШС. 5 мың гектардан астам жері бар шаруашылық дәнді және майлы дақылдарды өсіреді. 45 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын басшысы Мәдижан Құрамысов – аграрлар әулетінің өкілі. Ол өндірісте ғылым мен тәжірибені ұштастырып келеді. Биыл шаруашылық HORSCH Leeb бүріккіші, Bourgault себу кешені, John Deere тракторы мен Claas Trion комбайнын алған. Соңғысы – жылдық 5% мөлшерлемемен лизингке алынған техника.

«Егер жеңілдетілген лизинг болмаса, әлемдік брендтердің техникасын пайдалану қиын болар еді. Ал бүгін біздің алқаптарда Claas Trion сияқты заманауи машиналар жұмыс істеп жүр», – дейді шаруашылық басшысы.

2018 жылдан бері «Зенковское» ЖШС «ҚазАгроҚаржы» арқылы жалпы құны 992 млн теңге болатын 10-нан астам техника алған. «ҚазАгроҚаржы» АҚ Абай облыстық филиалының директоры Ренат Бековтің айтуынша, өңір аграрийлері техника лизингіне белсенді қатысып келеді.

«2023 жылдан 2025 жылғы 1 қазанға дейін біз 32 млрд теңгеге 1719 техника қаржыландырдық. Биылдың өзінде облыс шаруалары 12 млрд теңгеге 452 техника алды», деді ол.

Бүгінде филиалдың 1 090 тұрақты клиенті бар. Бұл – өңірде заманауи техниканы енгізу мен ауыл шаруашылығын жаңғыртудың нақты көрсеткіші.

Абай облысы