Мәселе • Бүгін, 08:05

«Киік – киелі» дегенмен...

50 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Халқымыз киелі түз жануары санайтын киік мәселесі күн тәртібінен түспей келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі бол­ды. Оған бір себеп – құмырсқадай қаптаған ақбөкен тапап өтіп, малға жайылым қалдырмаған шаруалардың жанай­қайы. Әсіресе Жайық өңіріндегі тіршілігі төрт түлікке қара­ған ағайын алдағы уақытта тігерге тұяғы қалмай ма деп қауіп­теніп, билік басындағы азаматтардан араша сұрауға мәжбүр болған.

«Киік – киелі» дегенмен...

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Парламент демалысқа кетпей тұрғанда Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Үкіметке депутаттық сауал жолдап, малмен күн көріп отырған ауыл адам­дарының қабырғасын қайыс­тырып тұрған мәселенің түйінін түпкілікті шешу амалдарын қарас­тыруды ұсынды.

«Батыс Қазақстан облысы­ның ­7 ауданы киіктің тұрағына айналды. Олар – Казталов, Жәнібек, Бөкей Ордасы, Жаңақала, Ақжайық, Тасқала, Бәйтерек аудандары. Ғалымдардың биологиялық негіздемесіне қарағанда, Жайық өңірі ең көп дегенде 500 мың киікті сыйғыза алады. Ресми дерекке сүйенсек, 2024 жылы облыстағы киік саны төлімен қоса алғанда 2,3 млн-нан асқан. Алдағы екі жылда өңірдегі киік саны 5 миллионнан асады деген болжам бар. Батыстағы ақбөкеннің санын реттеуге келгенде жауапты органдар мойындарына жауапкершілік алғысы келмейді. Қоршау жасап қорғауға да құлықсыз. Киіктің киесі ұрмасын десек, нақты шешім қабылдау қажет. Себебі ақбөкен мен адамды жайылымға таластырып тастап кетудің салдары ауыр болуы бек мүмкін», деді депутат.

Оның айтуынша, батысқазақ­стан­дық шаруалар жайылымды киік жайпап кеткен соң малдарын жаппай сатып, ауылдарын тас­тап, басқа жаққа көше бастаған. Өйткені 2023 жылы өңірдегі 921,7 мың гектар жерді киік жаншып тастаған, оның ішінде егіс алқаптары, шабындықтар мен жайылымдар бар. Салдарынан өткен жылы Бөкей ордасы, Жаңа­қала, Жәнібек, Казталов аудандарында төтенше жағдай жария­ланып, шаруалардың малын жем­шөппен қамтамасыз етуге жер­гілікті бюджеттен 4,2 млрд теңге бөлуге тура келген. Биыл киік саны өз төлі есебінен тіпті көбейе түсетінін, әрі былтыр тұяққа тапталған жер тақырға айналатынын ескерсек, мал ұстап отырған ағайынға көмек беруге жұмсалатын қаржы көлемін де ұлғайтуға тура келеді.

Тағы бір алаңдатарлық жайт – киік өлімі көбейіп бара жатқан­ды­ғы. 2022 жылы даладан 390 ақбөкен өлексесі табылса, 2023 жылы оның саны – 1336-ға, былтыр 5598-ге жеткен. Ветеринарлар оларды жинап алып, ауылдардың маңындағы мал қорымдарына апарып тас­тап жүр. Қазір мал қорымдары өлексеге толып қалған. Сол себепті енді өлген киікті де, малды да өртеуге тура келіп, қоршаған ортаға зиян тигізіліп жатыр. Ма­мандар киіктердің көптігінен 2010–2011 жылдары туындаған пастереллез эпизоотиясының қайталану қаупі бар дейді. Оның үстіне ақбөкендердің жайылымда үй жануарларымен бірге жайылуы салдарынан листериоз, аусыл, бруцеллез сынды аурулар шығуы мүмкін.

Мүдделі мемлекеттік органдар 2023 жылы киік санын реттеуді қолға алғаны мәлім. Нәтижесінде, шамамен 30,2 мың ақбө­кен атып алынған. Алайда киелі жануарды аңша ату, тіпті буаз жануарларды да аямай қыру, кейбір жараланғандарын далада қалдырып кету фактілері ха­лықтың наразылығын туғызған. Осыған орай былтыр Мемлекет басшысы қазақ даласының киесі саналатын ақбөкендердің санын мұндай сорақы «реттеуге» тыйы­м салған еді. Сондықтан депутат Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарапайым шаруа­лардың мүддесін де ескеретін, ақ­бөкеннің обалына да қалмайтын оңтайлы шешім іздестіріп табуды, Батыс Қазақстан облысындағы киік санын нақты анықтауға арналған ғылыми зерттеу жұмыстарын де­реу бастауды, Ауыл шаруашы­лы­ғы министрлігіне мал шаруа­шы­лығымен айналысатын кә­сіп­керлер мен үй жанындағы қос­алқы шаруашылықтарында мал­ ұстайтын тұрғындардың киік­тен шеккен шығынын өтеу­дің тә­сілін ойластыруды, оларды жем­­­шөппен қамтамасыз ету ша­­­ра­ларын қолға алуды ұсын­ды.

Бұл ретте киік тақырыбын көптен зерттеп жүрген ғалым, биология ғылымдарының докторы Мұрат Нұрышевтің ұсыныстары да назар аударарлықтай. Оның айтуынша, ғасырдың басында құрып кетуге жақындап, 200 мыңдай тұяғы ғана қалған ақбөкеннің саны бүгінде 2,8 млн-нан асып отырғаны – әлем мойындаған «ғажап құбылыс». Киіктің қазіргі көбею қарқынына қарағанда, киелі жа­нуардың саны 2030 жылы 30 млн-нан асып жығылуы ық­тимал. Соған қарамастан, ақбө­кеннің санын реттеудің жет­кілікті ойластырылмаған шаралары, соның ішінде аң ретінде атып алуға рұқсат беру жануарлардың жойылып бара жатқан түрлерін сақтау жөніндегі халықаралық келісімдерге қол қойған еліміздің беделіне елеулі нұқсан келтіруі мүмкін.

«Киікті атып алуға тыйым салып, оны кәсіптік жануарға жатқызу үшін ақбөкеннің санын ғана емес, бірқатар биологиялық параметрін де тұрақтандыру қажет. Бұған қоса, киік санының дұрыс есебін жүргізу, пайдалануға болатын ғылыми негізделген шегін айқындау, оны союға, еті мен мүйізін сақтауға, өңдеуге қажетті инфрақұрылым әзірлеу керек. Емдік қасиеті бар киік мүйізін тіркеу мен таңбалау мемлекет тарапынан ерекше бақылауға алынуға тиіс. Біз ақбөкенді атып алуды мүлдем ұмытып, аулау әдісіне көшуіміз керек. Киелі киікті ату – халқымызға адамгершілік тұрғыдан қылмыспен тең әрекет. Оның үстіне оқ тиген ақбөкеннің жарадан жарамсызданған еті оның тірі салмағының 6 пайызын­дай болады. Сондықтан жабайы жануарларды арнайы құрылған шарбаққа қамап ұстап, негізінен, қартайған, арық-тұрық, ақсақ-тоқсақтарын, басы артық теке­лерін ата дәстүрімен бауыздап сойған жөн. Егер біз ақбөкеннің тіршілігі мен оның өз төлі есебінен көбеюіне жағдай жасап, тұтынуға жұмсалатын бір бөлігінің етін, терісін, сүйегін, мүйізін кәдеге жарата алсақ, елімізге ай­тар­лықтай экономикалық пайда әкеледі. Бұған қоса, бірнеше бірлескен фармацевтикалық кәсіпорын құруға болады. Себебі отандастарымыздың 24 пайызына жуығы денсаулық жағдайына байланысты сәби сүйе алмай отыр. Бұл – маңызды мәселе, тіпті қасіретті жағдай. Осы ке­селді ақбөкендердің мүйізінен, басқа мүшелерінен жасалған препараттардың көмегімен емдеу­ге болады. Бұған дейін қазақтың қуаты, негізінен, қымыз бен жылқы етінде болды, енді ұлттық тағамымызды түрлендіретін кез келді. Қазір киіктің орасан зор ресурсы бра­коньерлікпен экономика мен адамдардың денсаулығына еш пайдасыз жұмсалып жатыр. Сондықтан бұл мәселеге мем­лекеттік жүйелі тәсіл қажет. Өкі­нішке қарай, кейінгі он жылда киік тақырыбында бірде-бір ғылыми диссертация қорғалған жоқ. Алдағы уақытта мұны да мін­детті түрде ескеру қажет», дейді М.Нұрышев.

Қысқасы, түз жануары адамға залалын емес, пайдасын тигізуі қажет. Киік санын жан-жақты негізделген тәсілмен реттеуді дұрыс жолға қою керек.