Үкімет • Кеше

Жұманғарин ферроқорытпа зауыттарына электр энергиясын төмендетілген тарифпен беруді тапсырды

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі штабтың кезекті отырысында өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс саласының динамикасы жан-жақты қаралды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Жұманғарин ферроқорытпа зауыттарына электр энергиясын төмендетілген тарифпен беруді тапсырды

Тоғыз айдың қорытындысы бойынша бұл бағыттарда өсім қарқыны жоспардан төмен болғаны атап өтілді. Өңдеу өнеркәсібінде машина жасау (+14%), химия өнеркәсібі (+9,6%), құрылыс материалдарын өндіру (+4,7%), жеңіл өнеркәсіп (+9,4%), резеңке мен пластмасса бұйымдарын шығару (+6,1%), дайын металл өнімдерін өндіру (+15,2%) салаларында ілгерілеу болған.

Қаңтар–қыркүйек айларында өңдеу өнеркәсібінің өсімі +6,2% болды, ал он айдың қорытындысы бойынша өсім шамамен +6,3% деңгейінде болжанып отыр. Негізгі баяулау металлургия саласында байқалады. Оның үлесі өңдеу өнеркәсібінің шамамен 40%-ы.

Айта кетейік, 2024 жылы металлургия соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткішке – 6,9% өсімге қол жеткізген болатын. Бұл биылғы жылға жоғары база қалыптастырды. Штаб отырысында баяулаудың себебі жан-жақты талданып, саланың өсуін жеделдету шаралары талқыланды.

Қара металлургиядағы бәсеңдеу негізінен ферроқорытпа мен болат өндірудің азаюына байланысты. Бес ферроқорытпа зауытының төртеуі биыл электр энергиясы тарифтерінің көтерілуіне байланысты өндіріс көлемін қысқартқан. Әсіресе, Қарағанды облысындағы кәсіпорындарда өнім көлемі азайған, бұл өңірдің жалпы өңірлік өнімінде 0,9% үлеске ие. Сондай-ақ саладағы бірқатар кәсіпорында жүргізілген жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстары да әсерін тигізді.

Түсті металлургияда өсім қарқынының төмендеуі Васильков кен орнында шахталық әдіске көшу және қорлардың сарқылуымен байланысты.

Серік Жұманғарин Энергетика министрлігіне қысқа мерзім ішінде қолданыстағы құжаттарға өзгерістер енгізу мүмкіндігін пысықтап, ферроқорытпа зауыттарына төмендетілген тариф бойынша электр энергиясын беруді қарастыруды тапсырды.

Тоғыз айдың қорытындысы бойынша машина жасау саласы 14% өсім көрсетті. Салаға жаңа серпін Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытында жеңіл автокөлік өндірісінің іске қосылуы арқылы берілмек.

Химия өнеркәсібі де тұрақты өсімін сақтап отыр – 9,6%. Бұл өсім аммофос (+55,4%), аммиак селитрасы (+14,5%), натрий цианиді (+5,4%), полипропилен (+50,5%), сары фосфор (+12,6%) және күкірт қышқылы (+7,3%) өндірісінің артуы есебінен қамтамасыз етілді.

Биылғы құрылыс жұмыстарының ең үлкен үлесі көлік инфрақұрылымына тиесілі – 21,3% (жолдар мен автомагистральдар, теміржол және метро, көпірлер мен тоннельдер құрылысы). Өнеркәсіптік нысандар үлесі – 20,5% (сумен қамту, кәріз жүйелері мен тұрғын үй құрылысы). Газ құбырлары, электр беру желілері және жылу желілерін салу жобалары шамамен 5,6%.

Сала өсімінің қарқыны жоғары деңгейде сақталып отыр: тоғыз айда +14,9%, он айдың қорытындысы бойынша +15,2%.

Серік Жұманғарин тоғыз ай қорытындысы бойынша құрылыс қарқыны төмендеген өңірлердің әкім орынбасарларының баяндамасын тыңдап, әрбір өнеркәсіп нысаны мен құрылысты тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Қиындықтар туындаған жағдайда, мәселе жедел түрде штабтың қарауына шығарылуы тиіс деді.

https://kaz.inform.kz/news/serk-zhumangarin-ferrokoritpa-zauittarina-elektr-energiyasin-tomendetlgen-tarifpen-berud-tapsirdi-5c2019/