
Жалпы өңірде аталған ұлттық жоба аясында 11 400 оқушыға арналған 14 мектептің құрылысы жоспарланған. Оның екеуі былтыр ғана пайдалануға берілсе, жаңа оқу жылына дейін тағы 3 200 орындық төрт мектеп балаларды қабылдайды. Соның бірі – Ақтөбе қаласындағы Саяжай-1 тұрғын алабында салынып жатқан 300 орындық білім ордасы.
«Бұл мектеп №50 мектептегі орын тапшылығы мәселесін шешуге көмектеседі. Сонымен қатар заманауи білім беру мекемесі соңғы технологиялармен жабдықталып, балалардың жан-жақты дамуына толық мүмкіндік береді. Жалпы, «Келешек мектептері» жобасы арқылы жыл соңына дейін үш ауысыммен оқыту мәселесі түбегейлі шешіледі», деді Қ.Әлішев.
Айта кетейік, жаңа мектептің құрылысы 2023 жылы басталған. Жобаның жалпы құны – 3,53 млрд теңге, ал мектептің ауданы – 6 059,77 шаршы метр. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталып, қажетті құрал-жабдықтар жеткізіліп жатыр.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Мемлекеттік сатып алу туралы заңына енгізілген өзгерістер туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, EPC келісімшарты құрылыстағы кейбір олқылықтардың алдын алады.
Халық қалаулысы Ақтөбе облысындағы «Жайсан» шекаралық бекетінің жұмысын да көріп қайтты. Бұған қоса Мәртөк ауылында бой көтеріп жатқан өрт сөндіру депосының құрылысын аралады. Бұл нысан да партияның Жол картасына сәйкес биыл пайдалануға берілуге тиіс. Депутат Шалқар ауданына қарасты Бозой ауылында жергілікті тұрғындармен кездесіп, спорт кешені, мектеп, жазғы футбол алаңы және жол құрылысы сынды өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарды тыңдады.
Ал Мәжіліс депутаттары Дүйсенбай Тұрғанов пен Әділ Жұбановтар Атырау облысына іссапары аясында аймақтағы «Karabatan utility solution» ЖШС электр стансасының жұмысымен танысты. Қазіргі таңда қуаты 310 МВт электр стансасынан KPI зауыты толықтай өз қуатын алып отыр. Алдағы уақытта жоспар бойынша тағы екі үлкен зауыт осы стансаға қосылады. Сонымен қатар кейінгі жылдары шағын және орта кәсіп иелерінен қуат көзін алуға өтініштер түсе бастаған. Ол бастапқыда жобада болмағандықтан, осы мәселені шешу үшін қуаты 165 МВт стансаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып, сараптамадан өткен. Енді қаржы мәселесі шешілсе, 2028–2029 жылдары іске қосылады деп жоспарланып отыр.
«Қыркүйек айында жұмыс басталғанда осы мәселелерді көтеріп, қолдау көрсетіп, қажет болса заңнамаға өзгерістер енгіземіз. Атырауда іске қосылғанына 5 жылдай уақыт болған, арнайы экономикалық аймаққа арналған электр стансасы жұмысымен таныстық. Жоба бойынша зауыт, біріккен энерго жүйелері, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарына энергия көзін беріп отырған стансаға кейінгі жылдары шағын және орта кәсіп иелерінен сұраныс артып, осыған орай, қосалқы станса құрылысын қаржыландыруға көмек сұрайды. Бұл мәселе шешімін табады деген ойдамыз», деді Д.Тұрғанов.
Негізі станса өте қуатты электр энергиясын береді. Енді шағын және орта кәсіп иелері үшін пайдалануға жеткілікті деңгейге түсіретін трансформатор қажет.
«Бұл жер газ-химия бағытындағы арнайы экономикалық аймақ болады деп құрылды, кәсіпкерлерді де шақырдық. Енді олар қаржысын салып, өндірісін ашуға электр қуаты жетпесе, бұл бізге үлкен сын. Қазірдің өзінде осы жерде 20 МВт-ға сұраныс бар, яғни 12 жобаға небәрі 1,1 млрд теңге қаражат керек. Арнайы экономикалық аймақта бос орын жетеді», деді Ә.Жұбанов.
Сонымен қатар мәжілісмен, «Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Динара Наумова Шымкент қаласындағы №78 әйелдер колониясына, «Өркен» жеке қайырымдылық қорына және «Көмек» тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету орталығына барды.