
Мерекелік іс-шараға өңір басшысы Ербол Қарашөкеев бастап, ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым, түрлі партия өкілдері және жергілікті өнерсүйер қауым қатысты. Мәдени-әдеби кештің ашылу салтанатында 200-ден астам мектеп оқушысы Әбдімомын Желдібаевтың әйгілі «Ерке сылқым» күйін бір мезетте тартты.
Іс-шарада сөз алған өңір басшысы Ербол Қарашөкеев қазақ халқы үшін ұлттық музыкалық аспап домбыраның орны қашан да бөлек екенін тілге тиек етті.
«Домбыра – қазақ халқының жан серігі, ғасырлар бойы аманат болып жеткен киелі мұрасы. Ұлы даланың үні мен тіліне айналған бұл аспап елді бірлікке, ырысқа, өнерге ұйыстырған. Қазақ халқы домбыраны төріне іліп, күйшілерді төредей құрметтеген. Домбыраның күмбірі – батырларға жігер, ақындарға шабыт берген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өскелең ұрпақтың домбыраға деген ықыласына ерекше баға беріп, бұл – өте жақсы үрдіс екенін атап өтті. Қасиетті қара домбыраның үнін бүкіл әлемге танытып жүрген азаматтарға алғысын білдірді. Біз осы ұлттық аспапты қадірлеп, болашақ ұрпаққа аманатпен жеткізуіміз қажет», – деді өңір басшысы.
Тараз