Қоғам • Бүгін, 08:40

Қазақ тілінің қарлығашы...

90 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Біз жастарымыздың талабына қарап, ел болашағын айқындай­мыз. Алдымызда қаншама мақсат-міндет тұр. Осыны орындауда жас буынға үміт артамыз. Сондай жігерлі жастың бірі – тіл маманы, Мәскеуде шыққан «Казахский язык. Самоучитель» (2018) оқу құралының авторы Кәмшат Шахатова еді... Тағдырдың жазуымен болашаққа елеулі жоспар құрып жүрген осы филолог қырық күн бұрын ауыр науқастан бақиға озды.

Қазақ тілінің қарлығашы...

«Тумақ, өлмек – тағдырдың шын қазасы, Ортасы – өмiр, жоқтық қой екi басы» деген екен көрнекті ақын, ағартушы Шәкәрім Құдайбердіұлы. Кәмшаттың Еуразия ұлттық университеті­нің «қазақ тілі мен әдебиеті» ма­мандығының бакалавриаты мен магистратурасын бітіргеннен кейінгі 13 жыл мағыналы ғұмы­ры ана тілімізді шетелде оқытып ­на­сихаттауға, елімізде түрлі са­ла­ға маманданып жатқан студент­терге меңгертуге жұмсалса, 2 жылы ауыр дертпен күресуге сарп етіліпті...

Ұлтымызда «қарлығаштың қанатымен су сепкендей» деген тамаша бейнелі теңеу бар. Қазақстан тәуелсіздік алған соң, біраз серіктес елдер қазақ тіліне қызығушылық білдірді. Соның бірі – Үндістан, енді бірі – Еуразия одағына ұйытқы Ресей. Кәмшат Тілекқызы оқытушылар байқауынан оза шауып, 2011–2012 жылдары Делидегі Жәмия Миллия Исламия университеті Парсы департаменті құрамын­да­ғы қазақ тілі орталығында оқы­тушы болды. Ал 2014–2020 жыл­­дары табандай 6 жыл Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университеті (МГЛУ) «Қазақ тілі мен мәдениеті» орталығының директоры қызметін атқарды. Мәдениетті славян студенттері­нің қазақша тілін сындырды. Қазақ елінің шынайы достары, жанкүйерлері етіп шығарды.

кітап

Әрине, ол 2010 жылдан өмі­рінің соңына дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситеті практикалық қазақ тілі кафедрасында тіркеліп, ха­лықаралық оқытушылық ісса­пар­ға осы оқу орнының аты­нан барды. Кәмшатты біліктілігі, мәдениеті, инабаттылығы үшін филология факультетінің үлкен-кішісі бірдей қадірлейтін. Ол әрқашан ізденісте жүретін. Мәскеудегі қызметінде Ілияс Есенберлин­нің «Көшпенділер» трилогия­сы бо­йынша қазақ тілінен практикалық сабақтар өткізге­нін жақсы білеміз. Үндістанда ұйымдастырған «Бабырнама»: қазақ мәдениетіне қатысты ұғым-түсініктер» атты ғылыми семинары шетелдік әріптестердің көңілінен шығыпты.

Өмір әр адамға аманттап беріледі. Кәмшат 39 жылғы өмірін игі іс пен білім шамшырағына ар­нады. Сейілхандай полиция­ сардарымен жан жарастырып, Шәміл және Ибраһим есімді шекесі торсықтай қос перзент сүйді. Шәміл – азаттық рухы, Иб­раһим – дана Абайдың түпнұсқа есімі... Бұған да «шүкір!» дейік.

Халқымыз «Орнында бар оңалар» дейді. Асыл анасының әлдиін естіп құлдыраңдаған, бүгін қамықса да, ертең намыс­пен жетілетін осы балдыр­ған­дар Кәмшат Тілекқызы­ның жасамаған жасын жасасын, аңсаған арманын жүзеге асырсын деп тілейміз.

 

Сабыр ШӘРІП,

PhD