Пікір • Бүгін, 09:50

Қазақстанның өңірлік ынтымақтастықты өркендетудегі рөлі ерекше

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаз шуағына бөленген кезеңде Қазақстан елордасы Астана – Қытай Халық Республикасының Төрағасы мен Орталық Азияның бес мемлекеті басшыларының басын қосқан тарихи маңызды дипломатиялық алаңға айналды. Жоғары деңгейде өткен саммит достық байланыстарды жаңғыртып, стратегиялық әріптестікті жаңа белеске көтеріп, сапалы дамуға бағытталған бағдарларды айқындап берді. Мәмілелі 100-ден аса келісім өңірлік ынтымақтастықтың жарқын үлгісіне айналып, жаһандық тұрақтылық пен бейбітшілікті ілгерілетуге сүбелі үлес қосты.

Қазақстанның өңірлік ынтымақтастықты өркендетудегі рөлі ерекше

Бәрінен бұрын саяси өзара сенім бұрын-соңды болмаған жаңа белеске көтерілді. Дипломатиялық қарым-қатынастар орнағаннан бергі отыз жылдың ішінде Қытай мен Орта­лық Азия елдері жан-жақты стра­­тегиялық әріптестік орнатып, оны «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясын­дағы көптеген құжатпен бекітті, екіжақты және аймақтық деңгейде ортақ тағдырлар қауымдастығы идеясын алға тартты.

Саммит барысында ҚХР Төр­ағасы Си Цзиньпиннің өзара құр­мет пен сенімге, қолдауға және тиім­ділікті көздейтін «Қытай – Орталық Азия рухы» идеясы қазіргі өңірлік серіктестіктің рухани өзегіне айнал­ған тұжырымдама болды. Алты мемле­кеттің басшылары қол қойған «Астана декларациясы» тараптардың негізгі ұлттық мүдделерге қатысты бірін-бірі құрметтеуге, қолдауға дайын екенін көрсетті. Қытай тарапы шекаралас елдердің тәуелсіздігі мен даму жолын қолдайтынын айқын білдірсе, Орталық Азия мемлекеттері «Бір Қытай» қағидасына адалдығын тағы да растады. Бұл – саяси бір­лік пен өзара түсіністік өңірлік тұрақ­ты­лыққа ықпал ететін маңызды нышан.

Екіншіден, тәжірибе жүзіндегі ынтымақтастықта тамаша нәтижелерге қол жеткіздік. Саммит аясында 2025–2026 жылдар «Қытай – Орталық Азия жоғары сапалы даму жылдары» деп жарияланып, ынтымақтастықтың алты басым бағыты белгіленді: үздіксіз сау­да, өнеркәсіп пен инвестициялар, көлік байланысы, пайдалы қазбалар­ды экологиялық тұрғыда игеру, ауыл шаруашылығын жаңғырту мен ел азаматтарының өзара барыс-келісі. Осы бағыттарды іске асыру мақсатында алты мемлекет басшыларының «Бір белдеу, бір жол» бастамасының жоғары сапалы бірлескен құрылысы жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қою рәсіміне куә болдық. Бұл – Қытайдың шекаралас аймақтағы барлық елдермен алғаш рет осындай құжат жасасуы. Сонымен қатар «Қытай – Орталық Азия» форматында кедейшілікпен күрес орталығы, білім саласындағы алмасу және ынтымақтастық орталығы, шөлейт­тенуге қарсы күрес орталығы мен сау­да үшін қолайлы жағдай жасайтын алаң құру туралы шешім қабылданды. Бұл бастамалар Орталық Азия елдері халқының әл-ауқатын жақсартуға, жоғары білікті мамандарды даярлауға, су және табиғи ресурстарды басқаруға және сапалы экономикалық дамуға ықпал етуге бағытталған. Мұның бәрі «жоғары сапалы даму арқылы бір­лес­кен жаңғыртуға жәрдемдесу» ұра­ны­ның терең мағынасын айшықтай түседі.

Үшіншіден, саммит тату көршілік пен достықтың жаңа деңгейін көрсетті. Алты мемлекеттің көшбасшылары халықтар арасындағы мәңгілік достық қағидасын заңдық тұрғыда бекіткен құжатқа – Мәңгілік тату көршілік, дос­тық және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды. Осынау келі­сімдер Қытай – Орталық Азия қарым-қатынастары тарихындағы жаңа белесті белгілеп, алдағы онжылдықтардағы ауызбіршілікке жол ашты. Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы бауырлас қалалардың саны 100-ден асты. Мұндай «достық көпірлері» мәдени және адами қарым-қатынастың кеңеюі­не ықпал етеді.

Сондай-ақ тараптар парламенттік және партияаралық қарым-қатынас, әйелдер мен жастардың өзара іс-қимы­лы, бұқаралық ақпарат құрал­дары­ның, талдау орталықтары мен қоғам­дық ұйымдардың жұмысы сияқ­ты сала­лардағы ынтымақтастықты жан­дан­дыруға келісті. Алдағы жылдары Орталық Азия елдерінде мәдени орта­лықтар, Лу Бань шеберханалары, Қытай университеттерінің филиал­дары мен дәстүрлі медицина орта­лықтары ашылады. Мұның бәрі өрке­ниеттердің тоғысуына жаңа сер­пін беріп, халықтар арасындағы мың­жылдық достықтың жалғасы болмақ.

Өз кезегінде Қазақстан өңірлік ынтымақтастықты нығайтуда ерекше рөл атқарады. Оның айғағы – «Бір белдеу, бір жол» бастамасы алғаш рет осы елде, осы жерде жарияланған еді.

«Бір белдеу, бір жол» бастама­сы­ның алғаш рет ұсынылған жері ретін­де Қазақстан Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы өзара тиім­ді серіктестіктің тереңдеуіне жетекшілік етіп келеді. Саммит аясында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, стратегиялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Кездесу нәтижесінде сауда, инвестиция, ғылым мен техника, кеден, туризм және БАҚ салаларында 60-тан аса екіжақты құжатқа қол қойылды. Осының барлығы екі ел арасындағы «алтын кезеңде» байланыстарды одан әрі тереңдетуге қуатты серпін болды.

Қазіргідей аласапыран да құбыл­малы кезеңде Қытай – Орталық Азия кемесі гуманитарлық түсіністік жел­кендері мен экономикалық праг­матизмнің ескектері астында өз бағытын сенімді түрде жалғастырып отыр. Көшбасшылардың көреген сая­саты стратегиялық әріптестік рухында бейбітшілік пен тұрақтылыққа, өркендеуге бет бұрып келеді.

 

Цзян ВЭЙ,

Қытай Халық Республикасының Алматыдағы бас консулы