Мирас • Бүгін, 08:50

Түркі тұтастығын тұғырлаған

40 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ-түрік мәдени-рухани, ғылыми-ағартушылық байла­нысының дәнекері, көрнекті фольклортанушы-профессор Фикрет Түркмен асқаралы белеске көтерілді.

Түркі тұтастығын тұғырлаған

СУРЕТТЕ: Академик Сейіт Қасқабасовтың 75 жасқа толуына арналған Халық­аралық фольклортанушылар конгресінде (Астана, ЕҰУ, 2015 жыл)

Түбі бір туысқан түркі­тектес халықтардың те­рең тамырлы рухани және мәдени байланысы, әдеби және ғылыми сабақтастығы бү­гіндері биік деңгейде сапаланып келеді. Осынау тарихи дәстүрдің жөн-жобасын заманға сай дамытуда ұстаздық жолын арнап, қажырлы еңбегін аямаған Түр­кия ғалымдары ішінде академик Фикрет Түркменнің орны бөлек.

Тоталитарлық жүйе ыдырап, бұрынғы КСРО құрамындағы түркі халықтары тәуелсіздікке қол жеткізген ХХ ғасырдың 90-жылдары профессор Фикрет Түркмен аса маңызды келелі істердің бел ортасынан табылып, талай маңызды еларалық жоба­лардың ұйытқысы болды. Қастерлі түркі әлемінің тарих тол­қынында талай қатерлі сынықтар соққысынан ажырауға айналған руханият тінін қайта шегендеу мен дәнекерлеу міндетін елеулі тұлғалар қатарында мойнына алды. Жауапкершілігі мол елдік-туыстық жұмыстарға қа­жыр-қайратын сарқа жұмсады.

Қасиетті Түркия топырағы­на алғаш имене қадам басқан дарынды жас буынды түркі өркениеті рухында тәрбиелеп, олар­ды жаңашыл білім мен білік парасатына баулыды. Шынайы ұстаздық кеңесін беріп, ғылыми ізденістерін шыңдайтын өрелі талап қоя білді. Қазақстан, Әзер­байжан, Түрікменстан, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Башқұртстан елдерінен білім іздеп барған магистрант, док­торанттардың диссертацияларына жетекшілік етті. Ұстаз тәлімін алған шәкірттері де биік­ке ұмтылды. Ер намысы – ел намысы, ер мұраты – ел мұ­раты екенін жете ұғынды. Про­фессор Фикрет Түркменнен тә­лім алған жастардың біразы бүгін­де туған елінде жоғары лауа­зым­ды мемлекеттік, ғылыми-ағар­тушылық қызметін абыроймен атқарып жүргенін мақтанышпен айтамыз.

Ұстаздық жолын 1968 жылы Түркияның Ерзурум қаласындағы Ататүрік университетінің түрік тілі мен әдебиеті кафедрасының халық әдебиеті ассистенттігінен бастаған Фикрет Түркмен ғылыми-әдістемелік шыңдалу, ғалымдық кемелдену бел-белестерін маң­дай термен өткізді. 1969 жылы Ыстанбұл университетінің докторантурасына түсіп, 1972 жылы профессор Мехмет Капланның жетекшілігімен «Ашық Гарип әңгімелерін салыстырмалы зерт­теу» атты PhD диссерта­ция­­сын қорғады. 1974–1976 жылдары Францияның астанасы Париж­де есімі әлемге әйгілі фольклорист ғалым Перетав Наили Бо­ра­­­тавпен бірге Сорбонна уни­вер­ситетінде фольклорлық әдіс­теме және халық әдебиетінен та­ғылымы мол дәрістер өткізді. Семинарлар мен конференция­ларда жаңашыл бағыттағы аса өзекті тақырыптарда баяндама жасап, ғылыми-әдістемелік ой-пікір, тұжырымдарымен беделді ғылыми орта назарын аудартты.

Түркияға оралғаннан кейін 1976–1978 жылдары аралығында Ататүрік университетінде еңбек етеді. 1978 жылы қызмет бабымен Еге университетінде жаңа­дан ашылған әлеуметтік ғылым­дар факультетіне (қазір әдебиет факультеті) ауысады. 1980 жылы «Зухра мен Тахир» атты зерттеуі үшін доцент ғылыми атағын алса, 1986 жылы «Насреддин Қожа әзілдері» атты зерттеу еңбегі үшін профессор атағына ие болды.

1992 жылы Измир қаласын­да іргетасы қаланған Еге универ­ситетінің Түркі әлемін зерттеу институтын құруға қажыр-қай­рат жұмсап, осы мекеменің негі­зін қалаушы директор қыз­метін атқарды. Профессор Фик­рет Түркмен бастамасымен 1986 жылы Еге университетінде «Тү­рік тілін үйрену орталығы» құры­лып, кейін ол Түркі әле­мін зерттеу институтының құра­мы­на енді. Бүгінге дейін бұл орта­лықта 112 елден келген 10 мың­ға жуық шетелдік студент тү­рік тілін үйреніп шықты. Тыным­сыз ізденістегі ғалым Еге уни­вер­ситетінің Түркі әлемін зерттеу инс­титутында «Түркі әлеміне шолулар» журналын шығарды. Басылымды зияткерлік өредегі жаңа сапалық деңгейге көтерді.

Түрік эпостары мен халық ер­тегілерін жүйелі зерттеп жүр­ген көрнекті профессор магистрату­ра мен докторантура бойынша жаңа мазмұндағы оқу бағ­дар­ламаларын ашып, маңызды та­қы­рыптарға жас талаптарды, бо­лашақ ғалымдарды тарта білді. 2012 жылы Еге университетінен зей­­неткерлікке шыққан Фикрет Түрк­­­мен 44 жыл мұғдарында түр­кі­тану ғы­лымына сіңірген еңбегі үшін елеулі марапаттарға ие болды.

Фикрет Түркмен бүгінгі күн­ге дейін ғылыми қауымға 300-ден астам ғылыми мақала, 26 кітап ұсыныпты. Беделді ұлт­тық энциклопедиялық басылым­дар­да біршама мақалалары жа­рия­ланған. Біртуар ұстаз, білікті ма­ман, зерделі ғалым туралы үш кітап жазылып, ұлттық фольк­лор журналының арнайы саны шығарылды. Мұнда ұс­таз шапағатына бөленген, қамқор­лы­ғын көріп, тәлімін алған шәкірт­терінің, әріптестері мен мұраттас жандардың ақжарма тілектері, игі лебіздерінен Фикрет Түрк­мен­нің парасат әлемі, адами қасиеті, ғалымдық биігі, азаматтық тұл­ғасы жарқырай көрінеді.

Тынымсыз еңбегімен ел құр­метіне бөленген ғалымның фоль­к­лористикадағы іргелі еңбегі қазақ халқының санғасырлық әдеби мұрасын түркі әлеміне етене таныстыру, озық үлгілерін жариялау, жан-жақты насихаттау істерімен де ұштасып жатыр. 1997 жылы Түркия Мемлекеттік жос­парлау ұйымының қолдауымен профессор Фикрет Түркменнің жетекшілік еткен «Түркі әлемінің эпостарын анықтау, түрік тіліне аудару және Түркияда басып шығару жобасы» қолға алынып, ол 2008 жылы сәтімен аяқталды. Аса ауқымды жоба аясында қазақ халқының дастандары 11 том болып жарық көрді. Бірінші томда «Көроғлы» жыры – 28 нұсқа, екінші томда «Құбықұл» жыры – 5 нұсқа, «Дотан батыр» жыры – 6 нұсқа, «Құламерген» жыры – 10 нұсқа, «Қарабек батыр» жыры – 2 нұсқа қамтылды. Үшінші томда «Барақ батыр» және «Ақбөпе-Сауытбек» дастандары жарияланды. Төртінші том «Қырымның қырық батырына» арналып, кітап «Аңшыбай батыр және оның ұрпақтары», «Қарадөң батыр және оның ұрпақтары», «Жеке батырлар жайындағы жырлар» деп аталатын үш бөлімнен құралды. Бесінші томда «Шора батыр» жыры жарияланса, алтыншы томда «Мырқы батыр», «Нұрғайша», «Ақбикеш-Қарабала» жырлары басылды. Жетінші томда «Алаңқай батыр», «Манас ұлы Тұяқбай батыр», «Олжабай және қырық батыр», «Бозаман батыр» дастандары берілді. Сегізінші томда «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр» жырлары, тоғызыншы томда «Дүрлігу», «Қарашаш қыз», «Мақпал-Сегіз» дастандары, оныншы томда «Ақбөбек», «Ақбөпе», «Әуез батыр», «Базар батыр», «Ер Бекзат», «Ер Тоқымбет», «Ермек батыр», «Өтеген батыр», «Саурық батыр», «Сұраншы батыр» жырлары топтастырылды. Он бірінші томды «Қобыланды батыр» жыры түйіндеді.

Қазақ елімен ғылыми-шығар­машылық байланысын үзбе­ген Фикрет Түркмен әр жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің білім алушыларына «Түркі фольклоры мен әдебиеті», «Сөз өнері және тарих», «Әдеби байланыстың ғылыми па­радигмалары», «Ғылыми зерт­теу жұмыстарын ұйымдастыру» тақырыптарынан дәріс оқыды. Ғылыми тәжірибесімен бөлі­­сіп, зерттеу жұмыстарының сапа­сын еселеу, әдістемелік негіз­дер­ді меңгеру шарттарына қажетті келелі ойларын ортаға салды. Уни­верситет докторанттарына шетелдік ғылыми кеңесші болып, Қазақстанның білікті кәсіби мамандарын қалыптастыруға қолдау көрсетіп келеді.

Фикрет Түркменнің ғылыми жетекшілігімен қазақ әдебиеті мен фольклорына қатысты «Қа­зақ жыраулық өнері», «Қазақ батырлық дастандарының типологиясы», «Жүсіпбек Айма­уыт­ұлының әдеби өмірі мен шығармашылығы», «Қазақстан­ның Жамбыл облысы аңыздары», «Қазақстанда жүргізілген мифо­логиялық зерттеулердің ана­лити­калық библиографиясы» сынды докторлық диссертация­лар қор­ғалды. Мән-мағынасы зор ғылыми еңбегі, ұстаздық қыз­­меті ескеріліп, ол 2011 жылы «Түр­кия-Қазақстан достығы мен ынтымақ­тас­тығын дамыту ме­далімен» мара­патталды. Біз­діңше, Түрік Респуб­ликасының аты мен заты бар осы ға­лымы Қазақ­стан­ның «Дос­тық» орденіне толық ла­йық­ты.

Фикрет Түркменнің қазақ хал­қына деген құрметі мен сүйіс­пеншілігі алабөтен. Том-том зерт­теулері мен ғылыми жинақ­та­ры­нан бөлек, Еге университеті­не тағылымдамадан өтуге бар­ған ел жастарын бауырына басып, ұс­таздық қамқорлығы мен әке­лік мейіріміне бөлегені аңыз болып ай­тылады. Кітапханасымен та­ныс­тырып, аса құнды әдеби жәді­гер­лер­мен сусындауға мүмкін­дік береді. Жаны жайсаң ұстазға ­қа­зақ шәкірт­терінің айтар алғысы шексіз.

Ғалымның санғасырлық рухани мұрамызды аудару, жариялау, жүйелі зерттеу бағытындағы жұмысы бүгін де жалғасып жатыр. Перзенттеріне Еділ, Орхун деген ат қойған ғалым саналы ғұмырын түркі халықтарының рухани кемелденуіне, білімді шә­кір­ттерінің жан-жақты жетілуіне арнап келеді.

Тарихи тамырымызды мақ­тан тұтып, түркі әлемінің жасам­паздығына алғаусыз еңбек сіңі­ріп жүрген қадірлі профес­сор Фикрет Түркмен таяуда сек­сен­нің сеңгіріне шықты. Ата­жұрт­­тағы орта және жас буын ға­лым­дар атынан Тәңірі айтулы фоль­к­лортанушыға, ғылым абы­зына ұзақ ғұмыр бұйыртсын дей отырып, жаһандағы түркі бауыр­ла­рының рухани жеңісіне куә бола беруін тілейміз.

 

Қуанышбек Кенжалин,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың доценті, түркітанушы