
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Біз қазір кімбіз, кімді мойындата аламыз, неге шашырап кеттік, қайта өрлеуге мүмкіндігіміз бар ма, әлеуетіміз қандай? Ақиқатын айтқанда, түркі әлеміне серпіліс қажет.
Түркі адамы дегеніміз – теңіз түбінде уақытша жатқан бағасы жоқ маржан секілді. Бірақ ол теңіз бетіне шыққанда патшаның басына киетін тәжіне, отыратын тағына айналатын үлкен құндылыққа ие болатынын ескергеніміз жөн. Бүгінде біз, сол тарих теңізінің түбінде жатқан інжу - маржандарымызды көтеріп, түркітілдес халықтарының басын қосып, рухани құндылықтарымызды олардың дамуына серпіліс беру арқылы пайдалансақ, дамыған капиталистік елдермен бәсекеге түсе аламыз.
Түркі әлемі көп ұзамай дүние жүзіндегі ең биік дәрежеге, бағаға ие болуы мүмкін. Бірақ оған Түркі елдерінің басын қосатын бір интеграциялық идея керек. Барлық күшті Түркі әлемінің кіндігіне жинау керек, ол – Қазақстан жерінде. Себебі Нұх пайғамбардың ұлы Жапас тегіміздің тұңғышы 5000 жыл тарихы бар, Түркі есімді бабамыздың шыққан жері Алатау мен Қаратаудың тоғысқан жері – Түркібасы, Сайрам өңірі. Бұл дерек «Ұлы дала тарихы» кітабында жазылған («Абай» баспасы, 2024).
Осы орайда түркі әлемін ХХІ ғасырда қайта жаңғырту үшін мынандай жобалар, іс-шаралар ұсынамын. Біріншіден, түркітілдес алты мемлекет, тағы да басқа түркітілдес халықтар бірігіп «Түркі өркениетін жаңғырту туралы стратегиялық 2050 жылға дейінгі империялық концепция және бағдарламалар» қабылдау қажет. Бұл мегажобаның атын «Алға Түркілер – Ашина 2050» деп атау керек. Екіншіден, басымдылық ретінде арнайы «Түркі әлемінің рухани дамуына серпіліс беру» туралы (тарих, білім, ғылым, денсаулық, мәдениет, дін, тіл, т.б) нақты қаржымен қамтамасыз етілген интеграциялық біріккен бағдарлама қажет. Нәтижесінде, Түркі әлемінің 5 мың жылдық тарихын қайта жазып шығу және мәдени-тарихи мұра атласын жасау керек. Ғұннан бастап бүгінгі тарихымызға дейін тез арада «Түркі империясы» деген 5 мың жылдық тарихты қамтыған 30 сериялық тарихи деректі танымдық фильм түсіргеніміз жөн. Бұл туынды – бүкіл түркі халықтарын жаңа рухта тәрбиелеуде жаңа идеология болар еді. Үшіншіден, әлемдік деңгейде Түркістанда «ғұн дәуірінен қазірге дейінгі тарихи, мәдени, географиялық панорама-музей» жасау керек деп ойлаймын. Мұның екі түрі болса: бірі – жабық мекемеде, ал екіншісі – Ұлы Жібек жолы бойында «көне түркі өркениетінің ашық музей – мәдени қалашығы» ретінде салынса қандай ғажап болар еді. Бұл музей қалашықта логистикалық хаб, көне тарихи жәдігерлер, тарихтан үзінділер ретінде ескі қалалар макеті (Суяб, Тәжмахал, Баласағұн, Отырар, Самарқанд, Тараз, т.б), Ботай мәдениеті, пантеондар, кесенелер (Мөде, Томирис, Атилла, Бұмын, Иоллығтегін, Әл-Фараби, Шыңғысхан, Әмір-Темір, Құбылай, Бейбарыс, Ұлықбек, Сүлеймен Сұлтан, Ататүрік, т.б), монументтер, ірі тарихи шайқастар. Ұлы Жібек жолы, Ұлы көш карталары, т.б. бой көтерсе деймін. Бір жағынан, мұндай теңдесі жоқ музей- қалаға әлем халқы келіп тамашалар еді. Төртіншіден, түркі мемлекеттерінің жылдық экономикалық өсімі 5-6%-ға өсетіндей бағдарлама жасалғаны дұрыс. Жаңа технология, жасанды интеллект, роботтандыру, интернет ресурстарын тиімді пайдалану жобалары қажет. Сондай-ақ әр мемлекетте Ұлы Жібек жолын жандандыруға үлкен серпіліс беретін мегажобалары, рухани – логистикалық хабтар болу керек. Бесіншіден, ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беру. Түркі әлемі өзінің үлкен жер байлығымен, азық-түлік өндіру мүмкіндігімен әлемнің бірнеше елін тамақтандыра алады. Түркі әлемі келешекте азық-түлік державасына айналуы мүмкін. Ол үшін әр елде «Түркілердің ХХІ ғасырда ауыл кластері» бағдарламасын жасап, іске асыру қажет. Алтыншыдан, түркі әлемінің даму жолын саралау және алдағыны жоспарлау ғылыми орталығын құру керек. Жетіншіден, жоғарыда айтылғандардың бәріне бір нүкте қоятын, алтын сандықтың шегесін қағатын ол 6 мемлекеттің және тағы басқа автономиялы республикалар басшыларының осы мәселеге арналған «саммиті» болуы керек. Оған қоса Түркістанда бүкіл түркі әлемі халықтарының құрылтайын өткізу қажет. Сонда бәріне ортақ «Ұлы түркі өркениетінің декларациясы» қабылданып, оны іске асыратын барлық шешім және іс-шара болуға тиіс. Сегізіншіден, жаһандану құбылысын ешкім тоқтата алмайды. Тек бір-ақ жол – ол халықтардың бірігуі. Түпкі мақсат Еуроодақ (ЕО) сияқты бүкіл түркі халықтарын, мемлекеттерін біріктіріп, «Түркі тегі» (ТТ) деген одақ құру. Осы ТТ одағы келешекте ЕО, НАТО, САО сияқты түркі әлемін қорғайтын күшті өз әскері, қарулы күштері бар ұйым болу керек. Сонда ғана дамыған алпауыт мемлекеттер бізбен санасатын болады.
Түркі тегі дегеніміз – Еуразиядағы түркітілдес елдері мен халықтарының бірлігін сақтап, олардың көнеден келе жатқан тарихы, мәдениеті, діни, этностық құндылықтарын жандандырып, экономикасын үдемелі дамыту жүйесін жасау.
Алдағыны болжағанда, түркі әлемінің тарихтағы өзінің өркениеттілігі және қазіргі бар әлеуетімен әлем тарихында екінші рет алға суырылып шыға алатын мүмкіндігі бар. Бірақ түркі халықтарының бірлігі мен алдағы уақытта 200 млн астам адам әлеуетін және жаңа технологияны қалай тиімді пайдалануға байланысты болмақ. Бұған қоса, түркі халықтарында ата тегінен үзілмей келе жатқан Еуразия халықтарын интеграция жасауға қабілеті бар екенін айтқанымыз жөн.
Оразалы СӘБДЕН,
Ұлттық құрылтай мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты