Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:43

Балалар қауіпсіздігі – тұтас қоғамның міндеті

40 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жылда қайталанып отыратын жазатайым жағдай бар. Бұл – балалардың терезеден құлап кетуі. Осы оқыс оқиғадан әсіресе қалалық елді мекендердің балалары көп зардап шегеді. Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратына сүйенсек, министрліктің Стратегиялық жос­парлау және жедел басқару командалық орталығына жыл басынан бері елімізде 91 баланың терезеден құлап кеткені туралы ақпарат келіп түскен. Оның 9-ы оқиға орнында көз жұмса, 82-сі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізіліпті.

Балалар қауіпсіздігі – тұтас қоғамның міндеті

Ал өткен жылы 200-ден аса бала терезеден құлап, олардың 12-сі мерт болған. Қабырғаға аяздай бататын бұл қайғылы жағдай қашанғы жалғаса береді, қайтпек керек? Төтенше жағдайлар министрлігі мамандарының хабарлауынша, бүгінде еліміздің барлық өңірінде профилактикалық жұмыс күшейтілген. Республика аума­ғында ТЖМ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2023 жылдан бастап «Қауіпсіз терезе» акциясын іске асырып келеді.

– Аталған акция шеңберінде меценаттар халықтың әлеуметтік осал санаттарындағы азаматтар тұратын үйлердің терезелеріне қауіпсіздік құ­лыптарын орнатып жүр. Былтыр 30 мың­нан аса қауіпсіздік құлпы орнатылды, тұрғын үй-жайлардың, әсіресе жоғар­ғы қабаттарда тұратын пәтер иелерімен 65 мыңнан аса түсіндіру әңгімелері өткізіл­ді. Осы жылдың 5 айында 2 940 қауіпсіздік құлпы орнатылды. Жылдағы жоспар бойынша, құтқарушылар ата-аналармен кездесіп, балалар мекемелерінде рейдтер, профилактикалық іс-шаралар өткізді, – дейді ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің бас маманы Бексұлтан-Әли Рахымбаев.

Төтенше жағдайлар министрлігі терезелерге қосымша қорғаныш құрылғылары мен торларды орнатуды үгіттеп, ақпарат таратқанымен, оны әрмен қарай бақылау функциясы жоқ. Сондықтан баланың қауіпсіздігі, толыққанды тағдыры ата-ананың жауапкершілігі мен міндетінде қала бермек.

– Терезеден құлау оқиғалары көбіне жаз мезгілінде жиілейді. Осыған байланысты министрлік ата-аналар мен балалардың заңды өкілдерін қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады. Яғни балаларды қараусыз қалдырмаңыз, москит торларына сенбеңіз – олар баланы ұстап қала алмайды, терезелерге арнайы бекіткіштер мен блокаторларды орнатыңыз, бала терезе жақтауына шыға алмас үшін оның маңындағы жиһаздарды алып тастаңыз. Жалпы, балалардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілік ересектерге жүктеледі. Өз кезегінде, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тиісті құрылыс нормалары мен қолданыстағы мемлекеттік стандарттарға өзгерістер енгізді және талаптарды жетілдіру жұмысы жалғасып келеді. Балалар болуы мүмкін ғимараттарды жобалау, салу және пайдалану кезінде терезе саңылауларын қауіпсіздік құлыптарымен қамтамасыз ету жөніндегі талаптар «Тұрғын көппәтерлі ғимараттар» құрылыс нормаларында көзделген, – дейді Төтенше жағдайлар министрлігінің бас маманы Б.Рахымбаев.

Яғни жарақаттанудың және балалардың құлау мүмкіндігінің алдын алу мақсатында терезе блоктары қауіпсіздік құлыптарымен жабдықталуға тиіс. Министрлік өкілі мемлекеттік бақылауды күшейту шең­берінде Өнеркәсіп және құрылыс министр­лігі құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасына қойылатын талаптарды қатаңдату, объектілерді пайдалануға қабылдау кезінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының қатысуы бөлігінде заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша жұмысты жалғастырып жатқанын жеткізді.

– Қолданыстағы «Терезе блоктары. Жалпы техникалық шарттар» деп аталатын мемлекеттік стандарт балалардың мектепке дейінгі мекемелерде, мектептерде, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйлерде жарақаттануын және балалардың терезеден құлап кетуін болдырмайтын қауіпсіздік құлыптарымен терезе блоктарын жабдықтау туралы талаптарды толықтырады. «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құры­лысы және құрылыс қызметі туралы» заңның 27-2-бабының 2 және 3-тар­мақтарына қосымша өзгерістер енгізілді, онда құрылыс салушы терезе ойықтарының қауіпсіздігін құлыптармен және қауіпсіздік тетіктерімен қамтамасыз ету жөніндегі барлық шаралар кешенін орындауға міндетті, – дейді Бексұлтан-Әли Ержарықұлы.

Жалпы, елімізде балалар құқығын қор­ғау жүйесін нығайту бойынша ауқым­ды заңнамалық және стратегиялық шара­лар іске асырылып жатқанын жоққа шы­ғара алмаймыз. Айталық, былтыр атал­ған сала бойынша 6 негізгі заң қабылдан­ды. Осы ретте оқу ағарту вице-министрі Еділ Оспаннан жаңадан қабылданған құжаттардың негізгі тетіктері жайында сұрап білдік.

Ол балалардың әл-ауқаты мен қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыруды тапсырғанын да тілге тиек етті. «Кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да бас­ты ұғымдарға негізделген сұраныстары – әділдік және қауіпсіздік. Осы негізгі сұраныстардың толығымен өтелуі мемлекеттің тиімді жұмыс істейтінін айқын көрсетеді. Азаматтарымыздың құқығын қорғау саласында кешенді шараларды қолға алдық. Негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел болу. Сондықтан біз осы бағыттағы маңызды реформаларды жалғастырамыз, жүйелі жұмысты тоқтатпаймыз. Тағы бір мәселе – азаматтардың қауіпсіздігі. Жеке адамнан бастап тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық», деп Президент өз Жолдауында азаматтардың қауіпсіздігі бағытындағы басымдықтарды нақтылап берді. Осыған байланысты былтыр еліміздің заңнамасына бірқатар өзгеріс енгізілді. Солардың ішінде бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтының мәртебесіне құрылыс компанияларын терезелерге құлыптар немесе қауіпсіздік тетіктерін орнатуға міндеттейтін нормалар енгізілгенін атап өткен жөн, – дейді Е.Оспан.

Ал Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанованың айтуынша, кейінгі бес жылдағы деректерді талдау балалар қауіп­сіздігі мәселелеріне ерекше назар аудару­ды қажет ететінін көрсетіп отыр. Яғни ата-аналар өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамауына байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтар да саны кейінгі бес жылда 3,5 есеге, яғни 2020 жылғы 5 мың жағдайдан 2024 жылы 19 мың жағдайға дейін артып кеткен екен. Бұл, әрине, ойлантатын, ерекше назар аударуды талап ететін дерек.

Сонымен қатар кейінгі жылдардағы талдау нәтижелері көрсет­кендей, бала­лардың терезеден құлау жағдай­ларының 80%-ы үйде болған. Негізінен зардап шегушілер 2–5 жас аралығындағы балалар екен. Жағдай жыл өткен сайын осылай ушығып бара жатқандықтан, былтырдан бастап жаңа тұрғын үйлердің терезелеріне қауіпсіздік құлыптарын орнату құрылыс компаниялары үшін міндетті талап ретінде енгізілген.

Төтенше жағдайлар министрлігі тікелей міндетіне кірмесе де кейбір көпқабатты тұрғын үйлердің көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларының терезелеріне қолдан келгенше қауіпсіздік торын орнатып беріп жүргенін айта кеткен жөн. Бірақ ол қайсібір жыртықты жамасын. Сондықтан бала қауіпсіздігінің мұндай қарекеті, ең алдымен, ата-ананың жауапкершілігінде тұрады және солай болып қала бермек.

Ал шығысқазақстандық төтенше жағдайлар департаменті дронның көмегіне жүгініп, амалдай бастады. Ұшқышсыз ұшу аппаратына бекітілген дауыс зорайтқышпен ақпараттық насихат жүргізіп, ашық тұрған терезелерді жапқызып жүр.

Бұл ретте он жылға жуық бала қауіп­сіздігін қамтамасыз етудің қамымен түрлі жобаны жүзеге асырып жүрген кәсіпкер Нұрлан Тасығожиннің де сауапты іспен айналысып жүргенін ел білуге тиіс.

– Көбіне балалардың терезеден құлау оқиғалары жиілегенде бізге тапсырыс көбейе түседі. Десе де ата-аналар көп жағдайда баланы да ұстап қалатын шығар деп шыбын мен масаға арналған торға тапсырыс беріп жатады. Шын мәнінде ол баланы қорғап қала алмайды. Балалар тормен бірге құлап кеткен жағдайлар аз емес, – дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, негізінен тұрғын­дар тордың 2/1 нұсқасын, яғни масаға арнал­ған торға қауіпсіздік құрылғысын қоса бекіткен түрін таңдап жатады. Әрине, бұл қауіпсіздік стандартына сай келмейді.

– Құрылғыны терезеге емес, масаның торына бұрандамен бекітіп қояды. Біз мұндайды жасамаймыз. Яғни тор мен құрылғының әрқайсысын терезеге бөлек орнатамыз. Бұл екеуін бір-біріне жапсырып, бірге орнатуға мүлдем болмайды, – дейді Н.Тасығожин.

Кәсіпкердің цехында құрылғының екі түрі бар. Бірінің материалы алюминий, ал одан сәл қымбаттырағы поликарбонаттан жасалған. Бірақ оның өзгелеріне қарағанда «артықшылығы» көп екен. Біріншіден, түссіз мөлдір болғандықтан көзге қораш көрінбейді, тіпті бар-жоғы білінбейді. Екіншіден, аязда қатып қалып, үгітілмейді, ыстықта да еріп кетіп, я болмаса сарғыш тартып кетпейді. Үшіншіден, 80 килоға дейінгі салмақты көтереді.

Балаңыздың өмірімен салыстырған миллиардтардың өзі тиынға татымайды. Алайда қалтасы көтермейтіндерді айтпағанда, сол болмашы қаржыны көпсініп, әжептәуір салмақ көретіндер бар. Бірақ бәрін ата-ананың жауап­кершілігіне ысырып қойып, балалар қашанғы осылай құлай береді деген сұрақтың туындауы – заңдылық. Заң мен тәртіп құрған бүгінгі күнде бұл сұрақтың да жауабы табылды. Парламент қабылдап, Президент қол қойған тиісті заңдағы өзгерістер былтырдан бастап күшіне енді. Жаға ұстатарлық статистикалық деректер жақсы жағына қарай өзгерер деген үміт оты тұтанды.