Үкімет • Бүгін, 18:11

Жыл соңына дейін 23 өрт сөндіру депосы салынады

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үкімет отырысында төтенше жағдайларға жедел ден қоюды арттыру шараларын қабылдау жұмыстары туралы сала министрі Шыңғыс Арынов баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жыл соңына дейін 23 өрт сөндіру депосы салынады

Фото: Үкімет, телеграм

Ол төтенше жағдайларға мониторинг жүргізіп отыру үшін жасанды интеллект арқылы талдау және геоақпараттық жүйелер енгізілгенін атап өтті.

Барлық аймақтарда өрт сөндіру деполары мен құтқару станцияларын салу- жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Мысалдап айтқанда 25 өрт сөндіру депосы мен құтқару стансасы салынып, 196 нысан қайта жаңғыртылған. Жыл соңына дейін тағы 23 өрт сөндіру бөлімінің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

«Төтенше жағдайлар кезінде халыққа кешенді көмек көрсету үшін өрт сөндірушілерден, құтқарушылар мен дәрігерлерден тұратын әмбебап бөлімшелер құрылды. Осындай 5 бөлімше Аршалы, Макинск, Майтөбе, Аққулы, Қарқаралы елді мекендерінде жұмыс істеп жатыр. Аталған жоба еліміздің барлық өңірлерінде кезең-кезеңімен іске қосылатын болады», деді Ш.Арынов.

Үкіметтің баспасөз қызметінен хабарланғандай, Премьер-министр өртке қарсы ережелерді бұзғаны үшін тиімді шаралар қабылдауды тапсырды.

Жалпы еліміздің тұрғын үй секторында өрт оқиғаларының саны азайған. Бірақ Атырау, Ақмола, Жамбыл, Павлодар облыстарында оның өскені тіркелді.

«Негізгі себеп – халықтың пеш жағу, сондай-ақ газбен және электрмен жылыту жүйелерін қолдану кезінде қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауы. Өртке қарсы ережелерді бұзғаны үшін тиімді шаралар қабылдау қажет. Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігі саласында түсіндіру және алдын алу жұмыстарын күшейтуі керек», деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр еріктілер мен қоғам өкілдерін жұмылдыра отырып, халықтың қауіпсіздік саласындағы мәдениетін арттыру үшін түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ білім ошақтарында өрт қауіпсіздігі бойынша интерактивті сабақтар өткізу керек.

Премьер-министр демалыс және мереке күндері тұрғын үй секторында рейдтер жүргізіп, жылыту пештерін тексеру қажеттігін атап өтті. Бұл іске әкімдік қызметтері мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлерін де тарту керек.

«Рейдтік тексеру барысында өрт шығу қаупі бар және жылыту жүйесі дұрыс жұмыс істемейтін үйлер анықталуға тиіс. Аталған фактілер болған жағдайда оларды жою бойынша жедел шаралар қабылдаған жөн. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігі тек ресми ұсынымдар берумен шектеліп қалмауы керек. Бұл – ең алдымен адамдардың қауіпсіздігіне қатысты мәселе, сондықтан өте нақты әрі үйлесімді жұмыс қажет», деп атап өтті Олжас Бектенов.

Олжас Бектенов өрттің басым бөлігі  әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтардың үйлерінде болатынына назар аударды.

«Мәселен, өткен жылыту маусымында  өрттен қаза тапқандардың дені – зейнеткерлер, жұмыссыздар, мүгедектігі бар адамдар. Өңір әкімдіктеріне Төтенше жағдайлар министрлігімен  және Еңбек министрлігімен бірлесіп, бір ай ішінде  халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын үйлердің тізімін нақтылауды тапсырамын. Өңір әкімдіктері осы санаттағы адамдардың үйлерін ерекше бақылауда ұстап, оларға қажетті қолдау көрсетсін», деп атап өтті Премьер-министр.