Еңбек • Бүгін, 10:20

Тазалықтың бастауы – ниетте

40 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қоршаған ортаны аялау мен таза күйінде ұстау – әркім­нің азаматтық парызы, қоғамның ортақ жауапкер­­ші­лігі. Осы бағыттағы маңызды бастаманың бірі ретінде ­«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясын атауға болады.

Тазалықтың бастауы – ниетте

Қыста қары күреліп, жазда шаң-қоқыстан арылып, айнадай жал­тыраған көшелерімізді күнде көріп жүргендіктен шығар, бұл тазалықтың артында қандай қы­руар еңбек жатқаны жайында көбіне ойлана бермейміз. Шын мәнінде, жаздың аптабы мен қыс­тың аязы, күз бен көктемнің жаңбыры мен дауылына қарамай, ала таңнан қолына кетпен-күрегін алып, күн қызарып батқанша көше тазалығын сақтау жолында маңдайтерін төгіп жүрген бірқауым ел бар. «Таза Қазақстан» акциясы ең алдымен осы адам­дардың қолымен атқарылып жатыр. Елорданың тазалығы мен абаттануына үлесін қосып жүрген осындай қарапайым жұ­мысшының бірі – «Астана тазалық» серіктестігінің еңбеккері, көше тазалайтын көліктің жүр­гізушісі Қанат Түсіпов. 10 жылдан аса уақыттан бері осы салада еңбек етіп жүрген азаматтың міндеті – жаз кезінде су шашатын көлікпен елорда көшелерін жуу, қыста – сыпырып-жинағыш машинамен көшені қардан тазалау.

– Күн сайын таңғы сағат 07:00-де міндетті медициналық тексерістен өтеміз, – деп әңгімесін бастады Қанат Базарбайұлы. –  Жұмысқа жолдама беретін тәртіп қатаң. Өйткені қазір көшеде көлік те, адам да көп. Ығы-жығы нөпірдің арасында жүріп, көше тазалау оңай емес. Денсаулығыңда кінәрат болмауға тиіс. Егер жұмысқа кедергі болатын бір себеп табылса, жолдама берілмейді. Тексерістен сәтті өткендер ғана таңғы сағат 08:00-де іске кіріседі.

Қ.Түсіпов дәрігерлер көлік жүргізушілерінің көзін, қан қысымын, жүрек соғысын тексерумен қатар, арнайы құрылғы арқылы спиртті ішімдіктен сау екенін анықтауға баса мән бере­тінін жеткізді.

– Біздің мекемеге қарасты көлік­тердің жартысы қазір қала көшелеріне отырғызылған кө­шет­тер мен ағаштарды суарып жүр. Менің жұмысым осы – көше жуа­мын. Кей күндері адам жетіспей жатса, көшет суаруға да жібереді. Қазір Астананың тазалығына қат­ты мән беріліп жатыр. Өйткені елор­даға келетін қонақ пен турист көбейді. Түрлі халықаралық жиын­ өтеді. Шетел­діктер осы қала­ның­ бет-бей­несіне қарап, бүкіл елімізге баға береді. Қала та­за­лы­ғы мен жи­нақы­лығына бі­рінші кезекте назар ау­да­ры­ла­тындығы сондықтан, – дейді ол.

Елорда аумағы уақыт өткен сайын ұлғайып, көшелер саны да артты. Соған байланысты ком­муналдық қызметтерге түсе­тін жүктеме де көбейген. Қ.Тү­сі­пов ала таңнан басталатын жұ­мысы кешкі сағат 17:00-ге дейін жал­ғасып, қысты күні жұмыс уа­қыты одан да ұзаратынын айтады.

– Жазға қарағанда қыста жұ­мыс қиындау. Астанада алты ай қыс жатады, қар көп жауады. Бірақ ауа райы қалай құбылса да, қала көшелерін қар басып, көлік қозғалысы мен халықтың жүріп-тұруына қиындық тумауы керек. Сол тұрғыда бізге жатпай-тұр­май еңбектенуге тура келеді, – дейді ол.

Қанат ағаның көлігіне отырып, күнделікті жұмысымен танысу барысында кейіпкерімізден қазіргі қала тұрғындарының таза­лыққа қалай мән беретінін, кө­шені ұқыпты ұстау мәдениеті қан­ша­лықты қалыптасқаны жөнінде сұра­дық. Оның айтуынша, қазір адамдар заң мен тәртіпке бағы­нып, бұрынғыдай көшеге көп қоқыс тастамайды. Соған қара­мастан, көпшілік жер болған соң, таза­лықшылардың еңбегінсіз қа­зір­гі айнадай жалтыраған, қоқыс­тан ада көшелерді көзге елес­тету мүмкін емес.

– Жуырда біздің мекеменің бастамасымен қаланың эколо­гия­лық ахуалын нақты көрсету мақсатында шағын, бірақ өте маңызды тәжірибе жүргізілді. Сол жағалаудағы Керей-Жәнібек хандар көшесінің бойы бір күн бойы әдейі тазаланбады. Сон­­дағы жағдай қаладағы ұқыптылық мәде­­ниетінің нақты көрінісін паш етті. Бір күннен кейін әлгі көшеден 6 112 темекі тұқылы, 658 құты, 78 банан қабығы, 343 қағаз қалдығы, 436 балмұздақ орамасы жиналды. Енді көз алды­ңызға елестете беріңіз, егер тазалықшылар болмаса, қаламыз қандай қоқыс орнына айналып кетер еді, – деді ол.

Мұны естіп шынымен таң­дануға тура келді. Қаншалықты мәдениетті, тәртіпті халықпыз десек те, қарапайым көше таза­лығына соншалықты ұқып­сыз қарайтынымыз қынжылтады. Әсі­ресе адам жүретін жерге темекі тұқылын тастап кету – мәде­­ниет­сіздіктің көрінісі. Қ.Түсіпов тұрғындардың өз қала­­сына деген көзқарасы өзгер­­мейінше, коммуналдық қыз­меттің жүйелі жұмысы да ұзақ­мерзімді нәтижеге қол жеткіз­бейтінін айтады.

– Жұмысым өзіме ұнай­ды. Мекеме тарапынан қызмет­керлерге жақсы көңіл бөлінеді. Айлығымыз уақытында бері­леді. Қысқы-жазғы киіммен қам­та­масыз етілеміз. Ең бастысы, ұжы­мымыз тату-тәтті. Менің 10 жыл­дан бері бір жерде табан аудар­май еңбектеніп жүр­генімнің сыры сол. Ендігі мақсатым – осы жер­ден зейнетке шығу. Оған дейін әлі де қаламыздың ұқыптылығы мен тазалығын сақтауға өз үле­с­імді қоса бермекпін, – деп әңгі­месін аяқтады Қ.Түсіпов.

Сөз жоқ, таңмен таласа тұ­рып, білек сыбана іске кірісіп, ел ұйқыға жатқанша тыным таппайтын көше тазалықшыларының еңбегі – ерлікке парапар. Биылғы Жұ­мыс­шы мамандықтары жылы аясында осындай қара­па­йым ең­бек­­керлер жиі насихатталуы керек. Олардың беделі мен мәртебесі кейінгі ұрпаққа үлгі.