
Сурет: 24.kz
Министр Facebook-тегі жазбасында алдымен жуырда біртуар композитор Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына орай ескерткіші бой көтергенін және жаңа мәдениет үйі ашылғанын жеткізді.
Сондай-ақ А.Балаева еліміздегі ескерткіш орнату мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, заңсыз ескерткіштер тіпті республикалық комиссия қолдамаса да, өз бетімен орнатылған. Әрі ол кейбір ескерткіштер жекеменшік аумақтарға қойылып, тіпті ескерткіш пен шағын архитектуралық нысанның айырмасы мүлде ескерілмей жататынын сынға алды.
«Ескерткіш орнату – тек ықылас пен ниет емес, ең алдымен тәртіп пен жауапкершілік екенін ескеру керек. Әсіресе игі ниетпен қолдау білдіріп жүрген демеушілер, меценаттар бұл мәселені ұдайы назарда ұстаса дейміз. Ал жергілікті атқарушы органдар заңсыздыққа жол бермей, қатаң бақылауға алуы керек. «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңға сәйкес, әрбір жаңа ескерткіш монументалды өнер құрылыстарын орнату жұмыстарын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады. Монументалды өнер құрылыстарын орнату тәртібі министрлік қағидалармен реттелген. Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте монументалды өнер нысандарын орнату ережесін бұзғандарға айыппұл қарастырылған. Нақтырақ айтқанда, жеке тұлғаларға – 10, лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 50, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 100, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 250 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, сондай-ақ жүргізіліп жатқан жұмыстарды уақытша тоқтату қарастырылған. Кей жағдайларда ескерткіштер жекеменшік аумақтарға орнатылып, қоғамдық кеңістіктің эстетикалық келбеті ескерілмей жатады. Мұның бәрі түптеп келгенде тарихи тұлғаларға деген құрметтің лайықты деңгейде көрініс табуына кері әсерін тигізеді. Тарихқа адалдық тәртіптен басталады. Өйткені ескерткіш – өткенге құрмет белгісі ғана емес, келер ұрпаққа деген ортақ аманатымыз», деді министр.
Айта кетейік, заңсыздықтар министрлік жүргізген талдау барысында белгілі болған.