Саясат • Бүгін, 08:55

Реставрация орталығы құрылады

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Италия Мәдениет министрлігінің Реставрация жөніндегі орталық институтының директоры Луиджи Оливамен кездесті. Тараптар Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Италия Республикасының Реставрация жөніндегі орталық институты арасында меморандумға қол қойды.

Реставрация орталығы құрылады

Құжатқа сәйкес, Ұлттық музей жанынан Реставрация орталығы құрылады. Жаңа мекеме тәжірибе алмасу, бірлескен семинарлар өткізу және білікті мамандар даяр­лау орталығы болмақ.

«Бұл бағыттағы институцио­налдық негіз құру – стратегиялық мәселе. Қазақстан мен Италия ара­сындағы қарым-қатынас қар­қынды дамып келеді. Екі ел басшы­ларының кездесулері, өзара қол­дауы және барлық бағытта – эко­номикалық, сыртқы саяси, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуы соның дәлелі. Осындай мәдени байланыстар біздің халық­тардың бірін-бірі тереңірек тануына ықпал етеді», деді А.Балаева.

Министрдің айтуынша, ита­лиялық мамандардың тәжірибесі музей ісін, реставрация қызметін және ұлттық мұраны сақтау ісін дамытуға сеп болады.

«Реставрация орталығының жемісті жұмыс істеуі – жоғары деңгейдегі мамандардың еңбегіне байланысты. Біз металл, тас, мата, ағаш және басқа да материалдардан жасалған көркем және тарихи-мәдени құндылықтарды қалпына келтірумен айналысатын кәсіби кадрлар тобын даярлауға атсалысқымыз келеді. Бұл өте маңызды, себебі Ұлттық реставрация орталығын құру арқылы біз жаңа буын мамандарды даярлайтын аймақтық орталықтар­ды да қалыптастырамыз. Сон­дай-ақ осы жұмыстың әлеумет­тік және қайырымдылық тұсын да ескеру маңызды. Егер даярлық бағдарламасына мүмкіндігі шектеулі жастарды тартып, оларға реставратор мамандығын игеруге және сұраныстағы кәсіби маман ретінде дамуына мүмкіндік берсек, өте жақсы болар еді деп есептеймін», деді министр.

Италия Мәдениет министрлігі­нің Реставрация жөніндегі орта­лық институтының директоры Луид­жи Олива өз тарапынан ынты­мақтастыққа дайын екенін білдірді.

«Қазақстанда Ұлттық реставрация орталығын құру – бұл тек мәдени жоба емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік. Орталықтың қыз­меті металл, ағаш, мата, тас және басқа да материалдардан жасал­ған бұйымдарды қалпына кел­тіру бағыттарын қамтиды. Біз қазақ­стандық реставраторларды оқытуға және музей экспонаттарымен жұмыс істеудің озық технологияларын енгізуге дайынбыз», деді Л.Олива.

Кездесу барысында Аида Балаева Астанада өткен Леонардо да Винчидің «Әдемі ханшайым» картинасының көрмесі туралы да атап өтті. Бұл көрме қазақстандық көрерменнің қызығушылығын тудырды. Министр италиялық тарап осы бағыттағы ынтымақ­тас­ты­қты жалғастырып, Италия су­рет­ші­лерінің басқа да туын­ды­лары­ның көрмесін өткізуге қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді.

Кездесу соңында тараптар өзара ынтымақтастық Қазақстан мен Италия арасындағы достық­ты нығайтуға маңызды үлес қосатынына сенім білдірді.