Құрылыс • Бүгін, 10:00

Экологиялық таза үй

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің оқытушы-студенттерінен құралған ғылыми-шығармашылық топ модульдік үй құрастырды. Төтенше жағдай туындағанда, туристік аймақтар мен вахталық кенттерде, халық тығыз орналасқан өңірлерде баспана мәселесін шешуге арналған жоба авторлар атына патенттеліп үлгерген.

Экологиялық таза үй

Бүгінде модульдік үй құрастыру әлемнің көптеген елінде бел­сенді жүзеге асқан. Мысалы, Қытай­дың Шэньчжэнь қала­сындағы «Tencent» кеңсе орта­лығы, «CitizenM Tower of London» қонақүйі, Канаданың Мон­реаль қаласындағы «Habitat» 67 тұр­ғын үй кешені – модульдік ғи­ма­раттардың жарқын көрінісі.

Осындай негізге құрылған университеттің инженерлік тобы жобалаған нысандар темірбе­тон модульмен салыстырғанда 10 есе жеңіл, жұмыс күшін 5 есе аз қажет етеді. Сейсмикалық қауіп­сіз жоба кәнігі құрылыстан 2 есе қалтаға қонымды. Жоба жетекшісі, Қазақстанның құр­метті құрылысшысы Ерік Тұраш­ұлының айтуынша, модульдік үйді кез келген орынға оңай орна­лас­тыруға болады.

«Техникалық сипаттамасы талапқа сай модульдік үйлердің пішініне де таңдау көп. Мәселен, сұранысқа сай қоғамдық ғима­рат­тарды, сауда нысандарын, туристер тұрақтайтын орындарды шеңбер, доға, үшбұрыш формада да құрастыру ойластырыл­ған. Біз бұл үйді шәкірттеріммен бірге университет ауласында құрас­тырдық. Қазір жаңа жүйемен салынған нысан студенттердің демалатын, шығармашылық­пен айналысатын алаңына ай­налған», деп сөз сабақтаған Сәт­баев университетінің профессоры жоба, әсіресе туризм саласын түлетуге серпін беретінін атап өтті. «Еліміздің табиғаты – көп қырлы. Тау, шатқал, жер бедерінен бірнеше шақырым төмен ораналасқан көрікті мекендер көп. Сондай орындарға туристерді тарту үшін жайлы орын болуы маңызды. Біздің жоба осы мәселені аз шығынмен шеше алады. Арнайы цехта дайындал­ған темір қаңқаларды техникамен жеткізу де жеңіл әрі оңай құрастырылады. Соны­мен бір­ге маусымдық саяхат кезінде бос қалса су тасқыны, өзге де тө­­тен­ше жағдайда қабыл­д­ау пункт­­­терінің қызметін атқара ала­ды. Себебі жобада инфра­құ­ры­­­лымдық, өмір сүруге қажетті бө­­лік­тер еске­рілген», деді Ерік Тұраш­ұлы.

Екі жетекші мен 11 студент құрастырған модульдік үй жоба­сын Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының мамандары да жоғары бағалаған. Ізденушілер бас­тамасы Қырғызстандағы ғы­лыми байқауда да жүлде енші­леді. Жобаның өзге де ұтымды тұ­­сын университеттің 3-курс сту­денті Мадияр Шраздин айтып берді.

«Жоба идеясы былтыр туды. Ұстаздарымыз Ерік Тұрашұлы мен Қазақстанның құрметті архитекторы Серік Сыздықұлы ойы­мызды бірден қуаттады. Жұмыс барысында тәжірибелерімен бөлісіп, кемшілігімізді күзеп-түзеді. Соның нәтижесінде эко­логиялық таза, мобильді жобамызды іске асырдық. Модульді үй бір қабатпен шектелмейді. Жоба­лау барысында материалды өзара алмастыру, қажеттілік туғанда дайын үйдің қапталынан, жоғарыдан блок қосу мүмкіндігі қарастырылған», деді болашақ инженер.

Енді топ мүшелері жоба­ның ауқымын кеңейтіп, шетелге шығаруды көздеп отыр. Ғалам­дық сұраныс тамырын басып отыр­ған студенттер модульдік үй жоба­сы халқы тығыз орналасқан Африка елдеріндегі де баспанаға қажеттілікті бюджет тұрғысынан тиімді шешуге болатынын тілге тиек етті.