
Бану НҰРҒАЗИЕВА,
Қазақстан Азаматтық альянсының президенті:
– Мемлекет басшысы жариялаған Әділетті Қазақстан тұжырымдамасы азаматтық сектор негізгі рөл атқаратын жаңа әлеуметтік келісімшартты білдіреді. Кейінгі жылдары елімізде болып жатқан реформалар арқылы қоғамдық сананы өзгерту жүріп жатыр. Бұған қоғамдық кеңестер, онлайн платформалар, омбудсмен институты, цифрлық платформалар, қоғамдық бақылау құралдары секілді диалогтің жаңа тетіктері әсер етіп отыр. Қазір үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) мемлекеттің дамуына нақты үлес қосып келеді. Мәселен, олар жұмыс орындарын құрып, экологиялық және әлеуметтік инновацияларды енгізуге атсалысып, инвестиция тартуға да ықпал етеді. Еуропа ғалымдарының зерттеулеріне сәйкес, коммерциялық емес сектордағы ақылы немесе ерікті жұмыспен қамту құрылыс индустриясымен салыстыруға болатын халықтың шамамен 6 пайызын құрайды. Сондықтан ҮЕҰ-ны қолдауға бағытталған барлық күш-жігер жаңа қызметтер, жұмыс орындары, азаматтардың сенімі мен белсенділігін арттыру түрінде қайтарылады.
Мемлекет ҮЕҰ-ға әлеуметтік келісімшарттарды жүзеге асырушы ретінде ғана емес, сонымен қатар идеялардың, инновациялардың көзі және жаңа шешімдердің драйвері ретінде қарағаны жөн.
Саранго РАДНААРАГЧА,
Қазақстандағы БҰҰ-ның Тұрақты үйлестірушісі:
– Азаматтық қоғам – ел мен қоғамның даму мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуде, мұқият талданған идеялар мен тәжірибелерді іріктеп, әлеуметтік күштерді біріктіретін елеулі күш. Сондай-ақ азаматтық қоғам мәселені шешудің алдыңғы қатарында, бірінші болып әрекет жасап, «жұмыс кеңістігінен» соңғы болып шығады. Біріккен Ұлттар Ұйымы өз тарапынан азаматтық қоғамның инклюзивті, ашық әрі мазмұнды әрекет етуін қамтамасыз етуге ұмтылады.
Қазақстанда БҰҰ мен азаматтық қоғам арасындағы серіктестік адам құқықтарын дамыту, гендерлік теңдікті қолдау, инклюзивті білім беру мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қамқорлық көрсету, босқындарды қорғау сияқты көптеген салада тұрақты түрде нығая түсті.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы Үкіметтің азаматтық қоғаммен өзара әрекеттесуін нығайтуға бағытталған. Қазақстан Үкіметі тұрақты, инклюзивті қоғам құруға ҮЕҰ-ның үздіксіз белсенді қатысуын ынталандыратын бастамаларды қолдайды.
Алматыдағы БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанның орнықты даму мақсаттарының аймақтық орталығы азаматтық қоғам үшін аймақтық проблемалар мен шешімдерді жинау және талқылауға қосымша алаң бола алады. Азаматтық қоғам жай ғана серіктес емес, бұл прогрестің қуатты құрамдас бөлігі, онымен ынтымақтастықта біз барлығына тең мүмкіндіктерге негізделген лайықты болашақты құра аламыз.
Кирилл ОСИН,
«Эко-Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымының директоры:
– Еліміз үшін Каспий теңізі жай ғана табиғи ресурс емес, ол орасан зор тарихи және экономикалық мәнге ие. Оны сақтау – ұлттық қауіпсіздік, денсаулық, өмір сапасының мәселесі. Мұны елеусіз қалдыруға болмайды. Бірақ дәл осындай сын-қатерлер жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мәселен, Қазақстан Каспий маңы елдерімен одақтастықта шешімдер іздеуде көшбасшылық рөл атқара алады және атқаруға міндетті. Экологиялық қоғамдастық Каспий теңізін сақтаудың халықаралық бағдарламасын әзірлеу бастамасын құптайды, оны жүзеге асыруға Каспий маңы мемлекеттерін жұмылдыру қажет. Бұл өз кезегінде Үкіметтің, ғылымның, бизнестің және азаматтық қоғамның күш-жігерін біріктіреді.
Ал атом энергетикасына қатысты қоғам ашық диалог пен қоршаған орта мен болашақтың энергиясы арасында лайықты ымыраға келуді күтеді. «Таза Қазақстан» да жүйелі бағдарлама ретінде әзірленіп, ұзақмерзімді ұлттық идея ретінде нығаюы қажет. Үкіметтік емес ұйымдар мен экологиялық қозғалыстардың белсенді қатысуынсыз еліміздегі экологиялық күн тәртібін жүзеге асыру мүмкін болмайтынын ескеру қажет.
Захира БЕГАЛИЕВА,
«ITeachMe» құзыреттілікті дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры:
– Алдымен 2027 жылды Мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік теңдік жылы ету туралы ұсынысымды білдіремін. Бұл бастама елді ортақ мақсат – теңдік ерекшелік емес, тәжірибеге айналатын қоғам құру төңірегінде біріктіре алады деп есептеймін. Қазақстанда әрбіріміз «Мен өзімді дәлелдеудің қажеті жоқ, бұл қоғамда менің орным бар» деп айта алатын елге айналуға қабілеттіміз. Мен азаматтық қоғамда 20 жылдан аса жұмыс істеп келемін, олар жүйенің өзгеруін күтпей-ақ, оны өздері өзгертеді.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, елімізде 742 мыңнан аса мүгедектігі бар жан тұрады. Осы уақытқа дейін еліміз көп нәрсеге қол жеткізді, мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялады, Әлеуметтік кодексті бекітті. Бірақ бұл тек нұсқаулар, мүгедектігі бар адам мекемелерге оңай кіріп, онлайн қызметтерді ала алатын кезде ғана нақты өзгеріс болды деп айта аламыз.
Абылайхан ӘБДІРАШ,
Қазақстан «Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Қазақстан жастары ел іргесін нығайтып, біртұтас ету мақсатын еңбектері мен ұмтылыстары арқылы көрсетіп келеді. Біз, жастар, ортақ үйіміздің болашағы үшін жауаптымыз. Қазақстанның «Медицина жастары» – белсенді азаматтардың оң өзгерістердің қозғаушы күшіне айналуының жарқын мысалы. Мемлекеттің шынайы күші – әрбір азаматтың жауапкершілігінде.
Мемлекет басшысы атап өткендай, жастар – идеяның, күш-қуаттың, жаңарудың қайнар көзі. Еліміздегі орын алып жатқан реформаларға үлесімізді қосуға әрқашан дайынбыз.
Ирина СУЛИМЕНКО,
Қазақстандық ақпараттық технологиялар және инновациялар қауымдастығының президенті:
– Елімізді жоғары технологиялық елге айналдыру әрбір отандасымызды толғандыратынына сенімдімін. Біз қазірдің өзінде цифрлық экожүйеде өмір сүріп жатырмыз және оның шын мәнінде азаматтық – ашық, жауапты әрі қоғамдық игілікке бағытталған болуы маңызды.
Бүгінде еліміз цифрландырудың ең жоғары деңгейлерінің біріне ие. Бірақ бастысы – іске асыру жылдамдығы емес, пайдалану мәдениеті. Технология адамдар оған сенгенде ғана жұмыс істейді. Жасанды интеллектінің әлеуеті зор, әрине, егер біз оны адамның бастамасын ауыстырмай, күшейтетін салаларға бағыттасақ, әлеуметтік бақылау мен ынтымақтастық құралына айналуы мүмкін. Азаматтық қоғам саналы түрде жасанды интеллектіні қабылдаса, цифрландыру реформасы дамуға бағытталған қозғалысқа айналады.
Дайындаған –
Гүлнар ЖОЛЖАН,
«Egemen Qazaqstan»