Құтқарушы • Бүгін, 12:27

Өмірді оттан арашалаған командир

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

19 қазан елімізде Құтқарушылар күні  аталып өтеді. Бұл ел тыныштығын күзетіп, от пен судың ортасында жүрген жандардың еңбегіне тағзым етер күн. Олар күн сайын өз өмірін қауіпке тігіп, өзгенің өмірін арашалап қалады. Осындай ерлердің бірі – Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Петропавл қаласы Төтенше жағдайлар басқармасына қарасты №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командирі Руслан Рүстемұлы Көбетаев. Күні кеше ол Рақымжан Қошқарбаев атындағы III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды, деп жазады Egemen.kz

Өмірді оттан арашалаған командир

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Руслан Көбетаев қызмет жолын 2014 жылы Астана қаласында бастаған. Ол алғашқы күннен-ақ бұл саланың жай мамандық емес, өмірлік міндет екенін түсінген. Кейін Солтүстік Қазақстан облысына ауысып, Петропавлдағы өрт сөндіру бөлімінде командирлік қызметке тағайындалды. Осы он жылдан астам уақыт ішінде талай қауіп-қатердің ортасында жүріп, талай адамның өмірін сақтап қалған.

1

«Біздің қызмет – секундпен өлшенетін жұмыс. Өрт кезінде әрбір шешімнің артында адам тағдыры тұр. Сол себепті командир ретінде басты міндетім – дұрыс шешім қабылдау және әріптестерге нақты бағыт беру. Қиын жағдайда салқынқандылық пен тәжірибе ғана емес, рухани дайындық та қажет», дейді Руслан Рүстемұлы.

3 тамыз күні Петропавл қаласында болған өрт оқиғасы оның есінде ерекше сақталған. Түн ортасында көпқабатты тұрғын үйдің бір пәтерінен өрт шығып, қою түтін мен жалын бүкіл қабатты шарпыған. Оқиға орнына жеткен Руслан Көбетаев жағдайдың күрделі екенін бірден аңғарған.

2

«Газ-түтіннен қорғау звеносын дереу іске қостық. Өрттің таралу бағытын анықтап, өзім топты бастап пәтерлерге кірдім. Түтін қою, температура жоғары, бірақ адамдардың үні естіледі. Сол бағытқа ұмтылдық. Ең бастысы – саспауды үйрену. Әр секунд санаулы еді. Ондай сәтте ойыңда бір ғана нәрсе – адамдарды құтқару. Өрт деген тек жалын емес, ол адамның үміті сыналатын сәт», деп еске алды ол.

Руслан Көбетаев үшін бұл марапат жеке еңбектің емес, бүкіл ұжымның ортақ жетістігі.

4

«Әрине, кез келген азамат үшін Президенттің қолынан марапат алу – үлкен абырой. Бірақ бұл менің ғана емес, менімен бірге күн сайын өртке кіріп, адамдарды құтқарып жүрген жігіттердің еңбегінің бағалануы. Бұл орден бізге одан әрі де сенімді ақтап, жұмысты жоғары жауапкершілікпен атқару міндетін жүктейді»,  дейді кейіпкеріміз.

3

Құтқарушы мамандығы сырт көзге батырлықтың символы болып көрінгенімен, оның артында тынымсыз еңбек пен темірдей тәртіп жатыр. Руслан секілді жалынмен бетпе-бет келіп, үміт отын өшірмейтін жандар барда, ел жүрегі тыныш соғады.