Ғылым • Бүгін, 09:35

Судың сұрағаны – сорбент

50 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде ауызсу мәселесі өзекті. Кейінгі жылдары бұл үлкен мінберлерден де айтылып, нәтижесінде, салалық министрлік пен арнайы университет те ашылды. Түптеп келгенде, әр түйткілдің түйіні – ғылымда. Осы орайда отандық ғалымдар таза сумен қамту жағдайын жақсартуға қандай қадамдар жасап жүр?

Судың сұрағаны – сорбент

Мұндай сұраққа Сәтбаев уни­вер­ситетінің ғалымдары ғылыми зерт­теу нәтижесімен, яғни нақты әрекетпен жауап беру үшін суды улы заттардан тазартуға арналған сорбент әзірлеп жатыр. Ғалымдардың зерттеу нәтижелері елімізде тұщы су қоры тапшылығын жоюда, күннен-күнге қордаланған экологиялық ­ахуалды жақсартуда, қалдық суды тазалау мен ауызсу қауіпсіздігін арттыруда шешуші рөл атқаруы әбден мүмкін.

Сонымен, бұл қай сорбент? Жалпы, сорбент дегеніміздің өзі – оқырманға түсінікті тілмен айтқанда, елекке ұқсас материал, ағзадан түрлі уыттарды шығаруға көмек­тесетін зат. Осындай дүниені әзірлеу үшін ғалымдар бірнеше жыл зерттеу жүргізген.

Жобаның ғылыми кеңесшісі, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Сана Қабдрахманова: «Екі жарым жыл бойы біз ағын суға мониторинг жүргіздік, жергілікті бентонит сазы негізінде полимер-композиттік материалдар жасап, оларды сынақтан өткіздік. Зерттеу нәтижесінде алынған материалдардың судағы улы қос­паларды бөліп алу үшін жоғары сорб­циялық әлеуетке ие екені расталды. Осы тақырыпты таңдауымызға негізінен еліміздегі жаңа бентониттерді зерттеу арқылы, оның физика-химиялық және сорбциялық қабілетін анық­тап, биополимерлермен қосып, түсті металлургия саласы дамыған аймақтағы қалдық судан ауыр металл иондарын бөліп алу әлеуетін зерттеуге қызыққанымыз себеп болды», деді.

Жоба аясында Алматы мен Шығыс Қазақ­стан облыстарының ағынды суына зерттеу жүргізілген. Жұмыстар Сәтбаев университеті мен «Композиттік материалдар ғылыми орталығы» ЖШС-ның базаларында жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде, полимер-сазды композиттерді алудың оңтайлы шарттарын анықтауға және олардың тиімділігін зерт­хана­лық жағдайда тексеруге мүмкіндік туды. Осы­лайша, ғалымдар термиялық және қыш­қыл­дық әдіспен белсендірілген отандық бентонит са­зын күміс нанобөлшектері, иондық емес по­лимер және биополимер, атап айтқанда, мик­ро­кристалды целлюлозамен үй­лес­тіре арқылы жаңа композиттік мате­риал шы­ғаруды көздеп отыр. Алынған материал суды залалсыздандыру арқылы тазарта отырып­ улы қоспалар мен микроорганизмдерді жоюға қа­бі­летті.

«Біз ірі өнеркәсіп орталықтарындағы қалдық суды тазалауға және шалғай ауылдық аймақтарды таза сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін қолжетімді және экологиялық таза өнім алу арқылы жалпы­ тұщы су мәселесін шешуге ұмтыламыз. Қа­зір­­­дің өзінде біздің материалдар өндірістік қал­­дық судағы ауыр металл иондарының 70 па­йызын бөліп алуға тиімді болып отыр», деді жоба жетекшісі, PhD Мадияр Бейсебеков.

2023–2025 жылдарға арналған «Жас ғалым» жобасы бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурс негізінде жүргізілген зерттеу өндіріске енгізуге сұранып-ақ тұр. Осы жағын сұрағанымызда Сана Қабдрахманова: «Бұл бастамамыз мемлекеттік бастамаларды, атап айтқанда, «Ауызсу» бағдарламасы (2001–2030) және 2025 жылға дейінгі Су ресурстарын басқару жөніндегі ұлттық жобаны жүзеге асыруды қолдайды. 2025 жылдың соңына қарай зерттеуімізді аяқтап, келесі кезекте ком­мерцияландыру конкурсына қатысып, бағымызды сынап көруді мақсат етіп отырмыз. Қазіргі кезде әртүрлі әлеуеті бар сорбенттер жасап, оның сорбциялық қасиетін зерттеп жатырмыз. Сорбенттер дайын болса, су тазалау мекемелері, қалдық су тазарту ұйымдарында қолдануға болады», деп жауап берді.