– Сүйіндік Тасеменұлы, жаңа заң қандай мақсатта әзірленді?
– Бұл құжат үлестік құрылыс саласын мемлекеттік реттеуді күшейтуге, тұрғын үй жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәмілелерді реттейтін нормалар мен ережелерді қатаңдату арқылы сұр құрылыс үлесін қысқартуға, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, автожол саласының кадрлық әлеуетін арттыруға бағытталған. Заңның ережелерін шартты түрде 3 ірі блокке бөлуге болады. Біріншісі – құрылыс және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы заңнаманы жетілдіру; екіншісі – жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының сапасын арттыру; үшіншісі – мүгедектігі бар адамдарға инватакси қызметтерін көрсету мүмкіндігін кеңейту.
Заңның негізгі бағытына үлескерлердің мүдделерін қорғау мақсатында нормалар, құрылыс салушыларға қатаңдату шараларының пакеті, сондай-ақ оларға қойылатын жағдайлар мен талаптарды жақсартуға мүмкіндік беретін ынталандыру шаралары көзделген үлестік құрылыс мәселелері жатады. Бұл тақырып бүгінгі таңда өте өзекті болып отыр.
«Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» қолданыстағы заң ақшаны тартудың үш заңды әдісін көздейді. Біріншіден, бірыңғай оператордың кепілдігі. Барлығы 255 нысанға кепілдік берілді, бұл – салынып жатқан тұрғын үйдің жалпы нарығының төрттен бір бөлігі. Бүгінгі таңда оның ішінде 221 нысан бойынша құрылыс аяқталды.
Екіншіден, банктердің құрылыс жобаларына қатысуы. Барлығы 588 нысан бойынша үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат берілді. Сондай-ақ үшіншіден, көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасын салғаннан кейін ақша тарту. Осы әдіс бойынша 156 нысан бойынша үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат берілді.
– Бүгінде үлестік құрылыста проблемалық нысандар көп пе?
– Әрине. Мәселен, 2025 жылдың басында республикада 41 проблемалық үлестік құрылыс нысаны және құрылысы жергілікті атқарушы органдардың рұқсатынсыз немесе бірыңғай оператордың кепілдігінсіз жүргізіліп жатқан 99 нысан бар. Бұлар қауіпті аймақта орналасқан және кез келген уақытта проблемалық санатқа өтуі мүмкін.
Кейбір құрылыс салушылар азаматтық-құқықтық қатынастарға сілтеме жасай отырып, жеке тұлғалармен әртүрлі брондау және инвестициялау шарттарын жасайды. Бұл азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз етпейді және нысан құрылысын кешіктіру, құрылыстың аяқталмауы, сапасыз құрылыс және үлескерлер үшін шығындар сияқты жағымсыз салдарға әкеп соқтырады.
Жосықсыз құрылыс салушылар «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңды айналып өтіп, үлескерлердің қаражатын тартатын және соттарда істерді қарау кезінде үлескерлердің өздерін жеңіп шығатын жағдайлар аз емес. Осыған байланысты тұрғын үй құрылысы қызметінің ашықтығын, мәмілелердің қауіпсіздігін, үлескерлердің ақшасын мақсатты пайдалануды қамтамасыз етуге, әлеуметтік шиеленісті және бюджетке түсетін жүктемені төмендетуге бағытталған шараларды қабылдау қажеттілігі туындады.
– Жаңа заңда басқа қандай айрықша нормалар бар?
– Іргелі нормалардың бірі – салынып жатқан үйлерде тұрғын үй сатып алуға алдын ала шарттар жасасуға тыйым салу. Бұл өте маңызды, өйткені алдын ала келісімшарттар арқылы құрылыс салушылар азаматтардың қаражатын рұқсатсыз іске асыруы мүмкін. Осылайша, заң реттеуді күшейтіп қана қоймай, проблемалық нысандарды аяқтауға бағытталған мемлекеттік саясатқа үйлесімді жұмыс істейді.
Бұдан басқа, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерімен күресу және үлескерлердің құқықтарын қорғау үшін үлестік құрылыс кезінде тек қолма-қол ақшасыз төлеу нысанына көшу көзделген.
– Заңның екінші бөлігі автокөлік жолдарының сапасын арттыруға қатысты. Бұл бағытта қандай мәселелер қамтылған?
– Заңда аккредиттеуді жалпы құрылыс жұмыстары мен жол құрылысына бөлу көзделген. Бұл автожол саласындағы сапа мен қауіпсіздікке қойылатын ерекшеліктер мен жоғары талаптарды ескеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жол жобаларына қатысатын мердігерлердің біліктілігін бақылауды күшейтеді және олардың жұмыстарының салалық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етеді. Бұл тәсіл оқытылмаған ұйымдардың мамандандырылған жол жобаларына қатысуына жол бермейді.
Заңмен мердігерлер мен жобалаушыларды қоса алғанда, саланың барлық қатысушысы үшін заманауи шешімдердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жол-құрылыс материалдары мен технологиялары бойынша бірыңғай ақпараттық жүйе енгізіліп жатыр. Бұл дәлелденген және тиімді технологияларды енгізу арқылы жолдарды салу мен жөндеудің сапасын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар жүйе ескірген және тиімсіз материалдарды пайдалануды азайта отырып, стандарттау және бақылау құралына айналады.
Ал заңның үшінші блогіне келсек, мұнда мүгедектігі бар адамдарды инватаксимен тасымалдау бойынша жағдайларды жақсартуға мүмкіндік беретін ынталандыру шараларының пакетімен байланысты. Бұл өңірлерде мүгедектігі бар адамдардың көп санын қамтуға мүмкіндік беретін әлеуметтік қызметтер порталы арқылы инватакси қызметтерін көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай жасайды.
– Бұдан кейін елдегі автомобиль жолдарының жағдайы түзеле ме?
– Жоғарыда айтылғандай, ұсынылған өзгерістер қабылданатын шешімдердің ашықтығын, тиімділігі мен сапасын арттыруға ықпал етеді. Бұл жолдардың жай-күйіне және жол қозғалысы қауіпсіздігінің деңгейіне оң әсер етеді. Заңда автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті органның автожол саласы қызметкерлерінің біліктілігін міндетті түрде арттыру жөніндегі ережелерді бекітуі көзделген.
Сонымен қатар авторлық және техникалық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғаларды «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның субъектілеріне теңестіру – маңызды мәселе. Бұл олардың жауапкершілігін арттыру және теріс пайдаланудың алдын алу үшін қажет. Себебі олар күнделікті құрылыс жұмыстарын бақылайды және қабылдау актілеріне қол қояды. Бұл түзетулер құқықтық олқылықты жояды, бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылау жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы тетіктерді күшейтеді және олардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.
– Үлестік құрылысқа қайта оралсақ. Заң арқылы қатаңдату шараларын енгізу құрылыс салушылардың мүдделеріне теріс әсер етпей ме?
– Бұл құрылыс салушылардың осы салаға деген қызығушылығын төмендетпейді деп есептейміз. Себебі заңда бір мезгілде жағдайларды жақсартуға және құрылыс салушыларға қойылатын талаптарды төмендетуге мүмкіндік беретін бірқатар ынталандыру шарасы көзделген. Мәселен, құрылыс компанияларын заңды тәсілмен қаражат тартуға ынталандыру мақсатында заңмен бірыңғай оператордың кепілдігін алу тәсілі бойынша кіру талаптары 3 жылдан 2 жылға дейін, көлемі бойынша республикалық маңызы бар қалалар мен Астанада 18 мың шаршы метрден 10 мың шаршы метрге дейін, ал өңірлерде 9 мың шаршы метрден 5 мың шаршы метрге дейін төмендемек.
Бұл ретте құрылыс салушының/уәкілетті компанияның активі болуға тиіс, оның көлемі қысқамерзімді және ұзақмерзімді міндеттемелер шегерілгеннен кейін қалатын жиынтық активтердің кемінде 10%-ы болуы қажет.
– БАҚ-та қолма-қол ақшамен үй сатып алуға тыйым салу талқыланған еді. Заңдағы осы түзетулерге қандай түсініктеме бересіз?
– Заң тұрғын үйді қолма-қол ақшамен сатып алуға тыйым салмайды, түзетулер тек үлескерлердің ақшасын тартуға байланысты салынып жатқан жылжымайтын мүліктің тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бойынша қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды көздейді. Бүгінгі таңда құрылыс салушылардың үлестік салымдарды заңсыз тартуы өзекті мәселе болып отыр. «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ (Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы) зерттеу нәтижелері бойынша 2024 жылы «сұр» тұрғын үй үлестік құрылысының нарығы 68%-ды құрады.
Жылжымайтын мүлікті сатып алу кезінде толығымен қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшу азаматтардан салымдарды заңсыз тартудың алдын алуға, мәмілелердің ашықтығын арттыруға, салық түсімдерін ұлғайтуға және ақшаны жылыстатуға қарсы күрес құралдарын күшейтуге мүмкіндік береді.
– Ал тұрғын үйді жарнамалауға тыйым салына ма?
– Егер құрылыс салушының жергілікті атқарушы орган берген үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаты не тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы тарапынан кепілдік болмаса, заңмен үлестік құрылыс кезінде нысандарды жарнамалауына тыйым салынады. Оның ішінде анықтамалық сипаттағы ақпаратты таратуға тыйым салынады. Бүгінде ақпарат алу үшін белгісі бар салынып жатқан тұрғын үйдің жарнамасын кездестіруге болады.
Қорытындылап айтсақ, сатылуы үлескерлердің ақшасын тарту рәсімдерінен тыс жүзеге асырылатын кез келген өзге жылжымайтын мүлікті жарнамалауға азаматтардың құқықтары осы түзетулермен шектелмейді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»