
Ойшылдың дүние сырларын ұғуға деген құштарлығы ғылым тереңіне сүңгіген сайын арта түсті. Осыншама кеңістікті, ғаламды жаратқан Жаратушы бар екеніне ақылы мойындап көзі жетті. Мәулана Румимен үндес мына бір ойы қызық: «Егер Құдай жоқ болса, мен оған сенемін және ештеме жоғалтпаймын, егер Құдай бар болса, мен оған сенбейтін болсам, әлбетте, бәрін жоғалтамын». Ол бірде «Мені бұл кеңістіктердің мәңгілік үнсіздігі үрейлендіреді...», «Шындыққа құмарту – рахат сезімнің ең биігі» десе, енді бірде, «Өзінің не екенін түсінуге тырыспай өмір сүріп жатқанның соқырлығы қаншалықты сұмдық болса, Құдайға сеніп және сонда да жамандықта өмір сүретіннің соқырлығының сұмдығы одан да бетер» дейді.
Ол әр адам Құдайды таза ақылымен, жанкешті ізденісімен табу керегін түсінді. Бүгінгідей Құранды өлең кітаптай жылдам оқып шығып, көпке ақыл айтатын ғылымсыз діншіл, ілімсіз христиандардан бойын аулақ ұстады. Паскаль терең ғылым арқылы математикалық, физикалық жаңалықтар ашты. Рене Декарттың атеистік ойларына жан-тәнімен қарсы шықты. «Декартты түсіне алмаймын: ол өз философиясын құдайсыз құрғысы келді, бірақ онысынан түк шықпады, дүниені қозғалысқа келтіру үшін Құдайға дүниенің басынан бір шерткізді, одан кейін Құдай оған керек болмай қалды». Өзін-өзі аямастан үздіксіз ғылым арбасына жегу салдарынан Паскаль ми ісігі ауруына шалдығып, денесі қозғалыссыз қалды. Өмірден өтер алдында күнделігіне атақты сөзін жазып қалдырды:
«Адамдардың үш тобы бар: бірінші топ Жаратушысын іздеді және тапты. Бұлар ақылды әрі бақытты адамдар. Екінші топ Жаратушысын іздеп жүр, бірақ тапқан жоқ. Бұлар ақылды, бірақ әлі бақытсыз адамдар. Үшінші топ Жаратушыны іздеп те жүрген жоқ, тапқан да жоқ. Бұлар бақытсыз әрі ақымақ адамдар...»